Руханият • 14 Шілде, 2021

75 жылдан соң оралған орден

681 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы Ресей Федерациясы Бас консулдығында майдангер Сүйінбай Дүйсебаевтың ұрпағына КСРО ІІІ Дәрежелі «Даңқ» орденімен марапаттау куәлігі салтанатты жағдайда тапсырылды.

75 жылдан соң оралған орден

Қызыләскер Сүйінбай Дүйсе­баев Кеңес армиясына 1939 жыл­ғы 10 қыркүйекте Жамбыл облысы Жуалы ауданының қазіргі Тәт­тібай ауылынан шақырылады. Арада үш ай өтпестен-ақ жас жауынгер кеңес-фин арасындағы атақты «қысқы соғысқа» кіріп кетеді. Екі ел арасындағы тарихи шындық бүркемеленген сол бір қырғын соғыс аяқталып, далалық артиллерия әскері 152 мм гаубицалық зеңбірегінің дәлдеушісі «күзде елге қайтамыз» деп жүргенде ойлағандай болмай, нағыз соғыс басталады...

Шайқастағы ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденіне, «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медаліне және басқа да көптеген марапаттарға ие болған зеңбірекші, кейін партизан-пулеметші болған Дүй­­себаевтың майдандағы маң­дайына жазылған тағдыры адам айтқысыз қиындықтарға толы. Кеңес армиясы жаппай шегінген 1942 жылдың қараша­сында ол қызмет ететін ауыр артил­лерия құрамы түгелдей қор­шау­да қа­лып, тұтқынға түседі.

Бас консулдықтың консул-кеңесшісі Владимир Малышев салтанат үстінде былай деді:

– Нағыз жауынгерлік орден­нің араға 75 жыл салып иесін табуының өзіндік тарихи себебі мен айрықша ден қоярлық ақиқаты бар. Неміс-фашистердің тұтқындар лагерінен қашып шы­ғып, қолына қайта қару ал­ғанда ұсынылған жауынгерлік ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордені қазақ батырының шайқаста көрсеткен нағыз ерлігінің айғағы дер едім. Мұндай оқиғалар соғыс тарихында көп емес. Май­дангердің бүгінгі ұрпағы – немересі интернет ресурстары ар­қылы атасының лайық­ты жауын­герлік марапатын араға ұзақ жылдар салып, «құжат­тар құпиялығын» жойған шақта тапқанына қуаныштымыз. На­ғыз жауынгер нағыз ерлігін дәріп­тейтін құрметке кеш те болса ие болды. Сол себепті де біз Ресей Президентінің тапсырмасына сәйкес марапаттау миссиясын толқу үстінде орындадық. Ұрпағы үшін жақсы аты қалған абыройлы Отан солдатының даңқы арта берсін!

Ол 1945 жылы 5 мамырда Че­хославакияның Рожнов под Радгоштем (чеш. Rožnov pod Radhoštěm) қаласының түбіндегі қескілескен шайқаста ауыр жараланады. Тарихи әскери құжатта көрсетілгендей, сол күні Сүйінбай Дүйсебаев алдыңғы шепте 8 фашистің көзін жойып, екі жау пулеметін қолға түсірген. Жеңіс мерекесін Балтық жағалауы да­лалық әскери госпиталінде қарсы алған партизан-пулеметші Дүйсебаев подполковник­ Сне­жинский басқаратын 2-ші Сталин атындағы партизан отрядының (Чехословакия) Украин май­данындағы атақ­ты Суворов ор­денді 8-ші Ямпол атқыштар дивизиясына қосыл­ғанынан да хабарсыз болған.

– Ресей Қорғаныс министр­лігінің әскери архиві қазақ жауын­­­геріне қатысты «өте құ­пия» белгісі алынып тас­та­лын­ған барлық құ­жатты өт­кен 2020 жылдың көк­темінде Ресей Федерациясы Пре­зиденті Әкім­шілігінің қа­рауына жіберді. Ол құжат тамыз айында кедергісіз мақұлданып, орден тапсыру Алматыдағы Бас консулдыққа жүктелді. Сал­танатты марапаттау осы жылдың 6 мамыр күні Қазақстан Қарулы Күштері мен Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Алматыдағы Ритц-Карлтон қонақүйінде өтуі тиіс еді, пандемияның өршуіне орай кейінге шегерілген. Сәті бүгін түсті, – дейді әкесінің орденін қо­лына алған әріптесіміз, еге­мендік ардагер-журналист Талғат Сүйінбай ағамыз.

 

АЛМАТЫ