Қаржы • 14 Шілде, 2021

Finiko «бизнесіне» арбалғандар

462 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Соңғы кезде қор нарығының игілігін пайдалану, инвестиция салып, көл-көсір пайдаға кенелуді жарнамалайтын компаниялар мен ұйымдар көбейіп кетті. Әрине, оның біразы заңды. Әйтсе де, арасында алаяқтар да жоқ емес. Солардың айтқанына арбалып, қолдағы бар ақшасынан айырылып, санын соғып қалғандар да аз болмай тұр.

Finiko «бизнесіне» арбалғандар

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сондай компаниялардың бірін анық­таған. Инвестициялық қызметтен жоғары кіріс алуға уәде берген Finiko компаниясы Сyfron Sapital OÜ платформасында cryptocurrency және басқа инвес­тициялық құралдарды сатып алуды ұсынған. Агенттіктің хабарлауынша, бұл – жылжымайтын мүлікті, автомобильдерді сатып алуға, міндеттемелерді өтеуге және инвестициялауға байланыс­ты жағдайларды имитациялайтын ойын алаңы.

«СYFRON (CFR) – есептеулер жүргізілетін криптовалюта ресми валюта емес және қаржылық құндылығы жоқ. Осылайша, пайдаланушылар ақшаны нақты инвестициялық компанияға емес, оның жалған «көшірмесіне» салады. Өз кезегінде Finiko компаниясы осы ойын платформасын пайдалану кезінде күніне 1-1,2 пайыз мөлшерлеме бойынша кіріс төлеуді уәде етеді, бұл халық­тың теңгелік депозиттері бойынша орташа нарықтық мөлшерлемеден 43 есе асатын жылдық есептеудегі кірістіліктің жоғары деңгейіне сәйкес келеді», дейді агенттік.

Компания мұнымен де шектелмеген. Тұтынушылық және ипотекалық несиелерді де өтеуге шақырған. Егер қатысушы жалпы қарыз сомасының 35 пайызы­н салса, компания онда несие бойын­ша соманы түгел жа­уып беруді мойнына алған. Авто­көлік және жылжымайтын мүлік алу бойынша да дәл осындай сценарий. Қатысушы мүлік құнының 35 пайызынан кем емес мөлшерде жарна төлесе, 3-4 ай өткен соң компания мүлікті сатып алып, қатысушының мен­шігіне беруге уәде еткен.

«Сондай-ақ компания кез келген сатып алуда 25 пайызға дейін ақшаны қайтарып беретінін және ай сайын ақысыз қыз­мет көрсете отырып, қаражат ба­лан­сында 6 пайыз сыйақыны ұсынатын жалған кешбэк карталары арқылы жоғарылай беретін табысты уәде етеді. Сонымен қатар осы карта аясында бес адамға дейін тартқаны үшін 1-ден 10 пайызға дейін жоғары кешбэк пайызын ұсынатын да бағдарламасы бар. Finiko-ның мә­лімдеуінше, кешбэк-карта MasterCard-пен бірлесе отырып жасалған. Алайда Finiko компаниясы MasterCard серіктестерінің тізімінде жоқ», делінген агенттік мәлімдемесінде.

Бұл қаржы пирамидасы банк­те арнайы есеп айырысу шоттарын пайдаланбайды. Өздерінің алаяқтық ниетін іске асыру үшін қолма-қол төлемді немесе Qiwi-әмиян, Easy Pay, PayPal сияқты интернет-төлем жүйелерін пай­даланған. Соның салдарынан қатысушылар өз ақшасының қайда кетіп жатқанын бақылай алмайды. Қазірдің өзінде Ресейде бұл компанияға қатысты қыл­мыстық іс қозғалыпты. Жал­пы шығын 80 млн рубльге ба­­ғаланып отыр. 2019 жылғы тамыз бен 2020 жылғы желтоқсан аралығында компания Татар­стан мен Ресейдің өзге аймақ­тарында жеке тұлғалардың қа­ражатын қор нарықтары мен криптовалютаға инвестициялау үшін деп тартқаны анықталған. Осы ретте, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Finiko-ны қаржылық пирамида мен қаржылық алаяқтықтың бел­гілеріне ие деп бағалайды. Өйт­кені бұл компанияға уәкілетті органнан ешқандай лицензия берілмеген. Компания ұсынып отырған қызметтері екінші дең­гейлі банктер, ұлттық пошта операторы және бағалы қағаз­дар нарығының кәсіби қатысу­шылары ұсынса ғана сенген жөн.

Қаржы мониторингі агент­тігінің хабарлауынша, қаржы пирамидасының бірнеше айқын белгісі бар: олар әуелі үлкен көлемде сома салуды талап етеді; салған ақшаны ірі пайызбен қайтарып береміз дейді; төлемді алу үшін таныстарыңызды тар­туға шақырады; жобаны «ноу-хау» деп бағалайды; жарғылық капиталы төмен және жалғыз құрылтайшысы бар делінеді; түрлі ұтыс ойындары мен жол­дамалар ойнататын жарнамалармен арбайды; шартты мұқият оқысаңыз, төтенше жағ­дайда ешкімге жауапкершілік жүк­телмейтінін аңғарасыз; әдетте олар өздерін «микроқаржы ұйымы», «қаржылық қызметтер орталығы» деп таныстырады. Өзге ресми ұйымдардан ерекшелеп тұратын басты белгісі – банктердегі есеп айырысу шот­тарын емес, түрлі интернет-төлем жүйесін қолданады немесе ақшаны қолма-қол қабылдайды. Ма­қаланың басын мұқият оқыған бол­саңыз, Finiko компаниясында осы айтылған белгілердің бар­­лы­ғы дерлік бар екенін бай­қайсыз.

«Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы» кодекстің 150-бабы және Қылмыстық кодекстің 217-бабына сәйкес қаржы пирамидаларын жарнамалау және олардың қызметін жүзеге асыру үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Жо­ғарыдағыдай аста-төк пай­да ұсынған кез келген ком­па­­нияның заңды не заңсыз екенін мемлекеттік кірістер ко­ми­те­тінің сайтындағы «Салық тө­леу­шілерді іздеу» сервисі арқы­лы тексеруге болады.

Жақында Алматы қалалық прокуратурасы да Finiko-ға қа­тысты қылмыстық іс қозғалғанын мә­лімдеді. Олардың дерегінше, компания салынған сомадан (ең төменгі салым – 500 доллар) ай сайын 150 пайызға дейін сыйақы береміз деп азаматтарды шақырған. Әр елден жиылған салымшылар саны 165 мыңнан асады. Аталған компанияның қылмыстық әрекетінен зардап шеккен азаматтар қалалық эко­номикалық зерттеулер депар­таментіне арыз түсірсе болады.