Бірақ бәрі бірігіп тұтас әлеуметті, түптеп келгенде адамды зерттейді. Демек қоғамдағы түйткілді мәселелердің артында әлеуметтік ғылымның әлеуеті тұр. Ал біздегі әлеуметтік ғылымның әлеуеті қандай? Даму қарқыны қай деңгейде, ілгерілетуге не кедергі? Тәуелсіздік алып, бөркімізді аспанға аттық. Еркіндік кез келген елге емін-еркін кіріп-шығу мүмкіндігін сыйлады. Әрине, білім қуған жастарға, жаңа нәрсені үйренуді мақсат еткен талапкерлерге септігін тигізді. Дегенмен шеттен келетін шектен тыс жағымсыз әдеттер мен жат мәдениет жайын ұмытып кеттік. Керегін алып, зиянын тастауға келгенде әлсіздік байқалды. Бір жыныстылар, жауапкершілікті сезінбей он шақты әйел алып, қалаған уақытында талақ тастайтындар, жалған діннің жетегіндегі жиһадшылар – соның бір көрінісі.
Осындай тәрбиеміз бен мәдениетімізге кереғар қылықтардың туу себебін, болдырмау жолдарын зерттеумен әлеуметтік сала ғалымдары айналысады. Егер елдегі әлеуметтік ғылымның әлеуеті жоғары болса, қоғамдағы қиындықтар, тіпті алауыздық тудырған мәселелерді шешу (дамыған елдердегідей) аталған сала ғалымдарының зерттеулеріне негізделіп жасалар еді. Ал әлеуметтік ғылымның әлеуетін арттыру үшін қайтпек керек? Мәдениеттану ғылымның PhD, Сүлеймен Демирель университетінің профессоры Молдияр Ергебектің ойынша, әлеуметтік ғылым дамуы үшін сала ғалымдары әлеуметтік-ғылыми зерттеулердің адам өміріне маңызын жалпақ жұртқа жеңіл жеткізіп, түсіндіруі керек.
«Осыдан 10 жыл бұрын әлеуметтік ғылымның әлеуеті төмен еді. Қоғамдағы болып жатқан оқиғаларға дұрыс бағытта мән-мағына, түсінік беретін әлеуметтік ғылымдар өкілдері өте аз болды. Қазір әлеуметтік ғылымның маңызды салаларына жастар көптеп келіп жатыр. Әсіресе, бір оқиғаға қатысты объективті пікір білдіріп, басқа оқиғалармен салыстыра отырып баға беріп жүр. Енді әлеуметтік ғылымның ішіндегі әлеуметтану саласына келсек, әлеуметтанушылар – қоғамдық пікірдің көшбасшылары. Сондықтан оларға, жалпы, әлеуметтік ғылым өкілдеріне үлкен жауапкершілік жүктеледі. Алайда, өкініштісі сол, еліміздегі әлеуметтік ғылым өкілдері медиаға өте сирек шығады. Өздерінің әлеуметтік медиалары (желілердегі парақшалары) арқылы қоғаммен байланыс орнатуға тырысады. Бірақ бұл жеткіліксіз. Олар қоғаммен тығыз байланыста болуы керек, мұндайда медианы кеңінен қолданып, өз зерттеулері жөнінде ашық, объективті айта білгені жөн. Сонда ғана жаратылыстану ғылымдары ғана емес, әлеуметтік ғылымдарда қоғам санасынан маңызды орын ала бастайды», дейді М.Ергебек.
Иә, ғалымдар тарапынан белсенділік байқалса, әншілер мен блогерлер социолог, политолог, психолог болып кетпес еді. Дегенмен мәселе тек ғалымдарда ма? Мәдениеттанушы М.Ергебектің айтуынша, қарапайым халық іргелі зерттеулердің маңызын біле бермейді. Шын мәнінде іргелі зерттеулер адамдардың санасын жетілдіріп, сыни ойлауын қалыптастырады, қоғамдағы қарым-қатынасты нығайтады. Міне, дәл осы үш себепті негізге алып-ақ іргелі зерттеулерге тек теория деп қарамай, көбірек қаржы қарастыру қажет.
«Бұл үшін шешім қабылдаушы мемлекеттік органдарда ғалымдар отыруы керек. Ғылымды сонымен айналысқан адам ғана жете түсінеді. Бізде онсыз да адаммен, қоғаммен байланысты ғылыммен айналысатын ғалымдар әлеуметтен жырақ жүр. Ал зерттеулерді орындалды деген белгі үшін жүргізетін органдардың өкілдері ғалымдар мен әлеумет арасындағы қашықтықты одан әрі алшақтатып жіберуі мүмкін. Жоғарыда ғалымдар отырса, бірқатар түйткілдің түйінін тарқатуға болады. Айталық, елімізде діни қатынас мәселелері өзекті. Ал Қазақстанда осы құбылысты зерттеп, талдап, мәселенің мәнісін анықтайтын дін социологтері жоқтың қасы. Дінтанушылар көп, дін социологтері саусақпен санарлық. Дін социологтері – дінтанушылар емес, дінге және қоғамдағы діни оқиғаларға объективті баға беретін мамандар. Дін социологиясы деген бөлім Қазақстанда бар ма, жоқ па, білмедім. Шетелдерде, мысалы, Түркияда мұндай мамандар даярланады», дейді профессор М.Ергебек.
Расында да әлеуметтік ғылымның әлеуетін арттыру сол ғылымның маңызды салаларына көңіл бөлуден, дамытудан басталады. Және шешім шығарушы органдарда ғалымдар отырса, қоғамдық көзқарастарға қатысты зерттеулерге жөнді бақылау болар ма еді. Әйтпесе әлеуметтанушылар алатын сауалдамалар қаншалықты сапалы жасалып жатқаны белгісіз. Ал сол сауалдамалар мемлекеттік бағдарламалар, стратегиялық жоспарлар, халыққа ортақ маңызды шешімдер қабылдауға негіз болады. Осыны ойласаңыз, әлеуметтік ғылымның маңызына нақты тереңдей түсесіз. Енді сондай салмақты зерттеулер сапалы болуы үшін не істемек керек? Әлеуметтанушы, ғалым, әлеуметтану ғылымының PhD докторы Серік Бейсембай халықтың салығына, мемлекеттің қаржысына жүргізілетін зерттеулер көпшілікке жария түрде, ашық болғанда ғана сапаға қол жеткізетінімізді айтады.
«Әлеуметтану ғылымы қоғамның қандай екенін айқындайды. Әлеуметтанудың «шынайылықпен байланыс орнатушы ғылым» дейтін кең тараған екінші бір атауы бар. Негізгі білім көзін адамдармен сөйлесу, олардың жан дүниесін, әрекеті мен көзқарасын зерттеу арқылы алатындықтан, әлеуметтану ғылымы «қоғамның жүрек соғысын» қалпына келтіріп отыра алатын әлеуетке ие. Біздегі мемлекеттік органдар әлеуметтік зерттеулерді жүргізеді, әр министрлікте бұған қаржы бөлінеді, мұны жоққа шығаруға болмайды. Бірақ әлеуметтік зерттеулер шешім шығару жүйесінің бір бөлігі ретінде қалыптасты деп айта алмаймыз. Шешім көбіне жоғарыдан қабылданады, төмендегілер орындайды. Содан кейін барып қоғамның реакциясын қарайды, әлеуметтің ойы кейде ескеріледі, көбіне шешім өзгеріссіз қалады. Екіншіден, мемлекеттік тапсырыспен жүргізілетін әлеуметтік сауалдамалардың сапасы – өте өзекті мәселе. Мұндай зерттеулермен әдетте тек қана тендермен күн көретін, ешкім білмейтін компаниялар айналысады. Олар жыл сайын бір зерттеуді қайталап жүргізе беруі мүмкін. Ал бұл зерттеудің артында қандай ғалымдар тұр, қай әдістемемен жүргізілді, жиналған ақпаратқа қаншалықты сенуге болады? Ешқандай жауап ала алмаймыз. Біздегі анкеталар қағаз түрінде алынатындықтан, оны фальсификациялаудың қаупі тым жоғары. Негізі осындай зерттеулерге тапсырыс беретін мемлекеттік органдардың міндеті – сауалдамалар сапалы болуы үшін оның ашықтығын қамтамасыз ету. Егер сауалдаманы жүргізу, оның әдістемесі, техникасы, барлық нәтиже халыққа ашық, қолжетімді болса, тапсырыс алған компаниялар жұмыстың сапасына мән береді. Өйткені бір адамды алдауың мүмкін, бірақ бүтін бір қоғамды алдай алмайсың ғой», дейді С.Бейсембай.
Иә, «арбаның алдыңғы дөңгелегі қалай қарай жүрсе, соңғысы солай қарай жүреді» дегендей, жүйе дұрыс болуы керек-ақ. Десек те жүйені жасайтын да адам емес пе? Жоғарыдан – төменге, күрделіден – қарапайымға емес, төменнен – жоғарыға, қарапайымнан – күрделіге қағидасымен жүру уақыт талабына айналып бара жатқандай. Әлеуметтік ғылымның бір саласы саналатын саясаттану ғылымының PhD докторы Жәнібек Арын да жоғарыға жалтақтамай, сапаға жұмыс істейтін жазылмаған заңдылықтарды қалыптастыру керек екенін жеткізді.
«Елімізде саясаттанушыларға сенімсіздікпен қарайды. Мұның себебі неде? Меніңше, біздегі саясаткерлер нақты бір бағыт немесе тақырып төңірегінде сөйлемейді. Өздерін әмбебап көреді, барлық саяси тақырыпта пікір білдіре береді. Бір күні саяси жүйе жайлы, екінші күні Ауғанстан тақырыбында, үшінші күні пандемия проблемаларын талқылауға қатысып отырады. Олар – нақты бір тақырыпты терең меңгерген мамандар емес. Ондайда сапа болмайды. Содан сенім азаяды. Англияда докторантура оқығанда Орталық Азия елдерін зерттедім. Осы құрлықтағы дамыған елдердің әлеуметтік ғылым өкілдері арасында репутация деген ұғым қалыптасқан. Олар өздерінің репутациясына қатты қарайды. Соның негізінде шақырған жердің бәріне барып, кез келген тақырыпта сөйлей салып, беделін түсірмейді. Білмейтінін білем деуге бармайды. Ондайда олардың репутациясы, яғни ғылымдағы беделі түседі. Себебі ол тереңдемеген тақырыпты талқылауда қате ой айтса, оны білетін келесі біреу кейін елге теріс екенін дәлелдеп тұрады. Бұл оған керек пе? Әрине, жоқ. Міне, дәл осындай жазылмаған заңдылық бізде де қалыптасса, мамандардың да әлеуеті артады, қоғамның да ғалымдарға деген көзқарасы жақсарады. Бұл үшін жоғарыдан бір жаңа заң шығарылуын күтіп отырудың қажеті жоқ. Шындап келгенде, әлеуметтік ғылымның әлеуетін сол салаларда зерттеу жүргізіп жүрген ғалымдар ғана көтереді», дейді Ж.Арын.