Қоғам • 15 Шілде, 2021

Демократияның даңғыл жолы

523 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл елімізді үлкен саяси сынақ күтіп тұр. Бұл – ауыл әкімдерін сайлау. Бұ­ған басымдық беруіміздің, саяси сы­нақ ретін­де ерекше атап көрсетуіміздің бір­неше се­бе­бі бар.

Демократияның даңғыл жолы

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демек­ші, биылғы ауыл әкімдерін сайлаудың бұрынғы саяси додалардан айырмашылығы үлкен. Алғаш рет әкімдерді ауыл тұрғындары тікелей дауыс беру арқылы сайламақ. Бұл бас­таманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр халыққа Жолдауында көтерген болатын.

«Қоғамдық пікір сауалдамалары ауыл әкімдерінің сайлау арқылы қызметке келуіне қатысты сұраныстың артқанын көрсетіп отыр. Бұл маңызды қадамды жан-жақты ойластырып, дәйекті түрде жүзеге асырған жөн. Мұндай жүйенің қалай жұмыс істейтінін нақты білуіміз керек. Алайда бұл мәселенің шешімін кейінге қалдыруға болмайды.

Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын. Жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуымен қатар, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзыреттерді бөлу және жергілікті өзін өзі басқару ісін айқындап алуымыз қажет», деген еді Президент.

Ауыл әкімдерін сайлау – демократияға бастайтын үлкен қадам екені анық. Өйткені бұған дейін елді мекендерді аудан басшысына қолайлы әкімдер басқарып келді. Ондай жағдайда тұрғындардың мұң-мұқтажы екінші орынға ысырылып, ауыл әкімдерінің жоғары жақтың көңілін табуға тырысатынына талай мәрте куә болдық.

Ендігі жерде тізгінді тек халықтың қамын ойлайтын, ел үшін еңбек ететін азаматтар ұстамақ. Әрине бұл бұған дейін әкім болғандардың арасында тұрғындардың мұң-мұқтажына назар аударған азаматтар мүлдем жоқ деген сөз емес. Биылғы сайлауда олардың кейбірі қайта сайлануы бек мүмкін. Бастысы – ауыл әкімі енді  аудандағыларға емес, өзін сайлаған тұрғындарға есеп береді. Мұның өзі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай келеді. Бұл – біріншіден.

Екіншіден, ауыл тұрғындары әкімді тікелей сайлау арқылы елдегі саяси өмірге белсене араласа бастайды. Бұған әлемнің басқа елдерінде өтетін аймақтық сайлаулар дәлел. Мысалы, АҚШ-та бір жылда ірілі-ұсақты мыңдаған саяси дода өтеді екен.

Ақүй басшысынан бастап, штат губернаторын, қала мэрін, кент әкімін, ауыл басшысын, тіпті кейде шағын аудан жетекшісін де халық таңдайды. Тіпті мұхиттың арғы бетінде жергілікті үндіс тайпаларының көсемдері де сайлау арқылы анықталады.

Осылайша, мұхиттың арғы бетінің тұрғындары 500 мың кандидатты құтты қызметіне отырғызады. Бұдан бөлек, Жаңа Зеландияда да аймақтық, ауылдық әкімдерді тұрғындар сайлайды. Айта берсеңіз, мұндай мысалдар жетіп-артылады. Ендеше, Мемлекет басшысы айтқан бастаманы шетелдік тәжірибеге сүйене отырып жүзеге асыруға мүмкіндік мол.

Бір жылда өтетін сайлаудың мұншалықты көптігі халықтың саяси белсенділігін арттырып, қоғам өміріне араласуына сеп болады. Өйткені тұрғындар өзі сайлаған үміткермен тікелей байланыс орната алады. Өз кезегінде халық сайлаған әкімдер де сенім үдесінен шығуға тырысатыны айтпаса да түсінікті.

Ауыл әкімін сайлау демократиялық өзгеріске жол ашады. Сондай-ақ халық өзі жақсы танитын, етене араласатын адамға билік тізгінін ұстатады. Яғни керек сәтінде қолдап, кез келген уақытта арыз-шағымын айта алады.

Үшіншіден, ауыл әкімдерін сайлау тәжі­рибе іспетті. Осы бастама сәтті өтсе, келешекте бұл үрдісті кең ауқымда жалғастыруға мүмкіндік бар. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында: «Біз мұнымен шектеліп қалмаймыз. Келесі маңызды қадам – аудан әкімдерінің тікелей сайлауы. Мен бұл сайлау­ды 2024 жылы өткізу керек деп санаймын. Осы бастама елімізді демократияландыруға және жергілікті басқару институтын нығайтуға елеулі үлес қосады деп сенемін.

Түптеп келгенде, аудандарда сайлау өткізу халық билігін орнатудың айқын көрінісі болмақ. Сондықтан құзырлы мемлекеттік органдарға қажетті дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырамын», деген.

Қорыта айтқанда, биылғы жыл – ел дамуындағы өте маңызды кезеңге айналмақ. Бұл белестен сүрінбей өтсек, демократияға салынған даңғыл жолда діттеген жерімізге жаңылмай жетеріміз анық.