Коронавирус • 15 Шілде, 2021

Жедел жәрдем шақырушылар саны үш есе артқан

264 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Шымкент қаласында эпидемиялық ахуал күн сайын нашарлауда. Сейсенбіде індет жұқтырудың 342 жағдайы тіркелді. Инфекциялық стационарға 78 адам жатқызылып, 264-і үй бақылауына алынған. Қазіргі таңда мамандандырылған инфекциялық стационарларда барлығы 2 196 орын бар, 1 096 адам ауруханада жатыр. Бұрын күніне 40-50 науқас коронавирус жұқтырып, ауруханаға түссе, «Дельта» штамы пайда болғалы індет жұқтырғандар күрт өскен.

Жедел жәрдем шақырушылар саны үш есе артқан

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов, індетті әсіресе, жүкті әйелдердің көп жұқтырып жатқанын айтады. «Жүкті әйелге вакцина салмайды ғой. Ал оларға ауруды жұқтырып отырған жолдасы немесе туған-туыстары болып тұр. Бұл туралы біз бірнеше айдан бері айтып келеміз, үйіңізде жүкті әйел болатын болса, міндетті түрде жақындары вакцина салу керек деп. Екпе салмағанның салдарынан қазір әйелдер ауырып жатыр», дейді басқарма басшысы.

Соңғы аптада жедел жәрдем қызметін шақырушылардың саны да үш есеге артқан. Тұрғындардың көбі өз бетінше емделіп, ауруханаға уақтылы келмей, асқындырып алады екен.

«Ауруханаға жатқандардың басым бөлігі – вакцинаның бірінші және екінші компонентін алмағандар. Науқастардың ішінде вакцинаның екінші компонентін алып үлгермей ауруханда жатқандар бар. Ал екі компонентін де алып ауыр­ған адам тіркелген жоқ. Өкінішке қарай, соңғы кезде қайтыс болғандар қата­рында жастар көп. Тұмау белгісі болса, температура көтерілсе, үйінде емделмей бірден жедел жәрдем шақыру керек», дейді Б.Позилов.

Ауру жұқтырғандардың өсім динамикасы соңғы екі апта ішінде күрт өскен. Санитарлық-эпидемиялық ахуал талқыланған онлайн форматтағы жиын­да қала әкімі Мұрат Әйтенов індет шарықтау шегіне жақындап қалғанына назар аударды. Медициналық ұйымдар мен сала жетекшілері бақылауды кү­шейтіп, белгіленген алгоритм бойынша жедел іс-қимыл жасауға көшу керек екенін айтты. Соңғы тәуліктерде тір­келген аурудың күрт өсіміне байланысты, қаланың медициналық ұйым­дарында реанимациялық төсектік орындар санын екі есе ұлғайту жөнінде тапсырма берді. Жауаптыларға №2 қалалық көпсалалы ауруханада COVID-19 белгі­­лері бар науқастарға арналған 250 төсектік орын дайындау жүктелді. Осы ұйымға қарасты перинаталдық орта­­лықта жүкті әйелдерге арналған қосым­ша 30 төсектік орын да­йындалуы тиіс. Меди­циналық ұйымдардың қабылдау бөлімшелеріне науқастарды алып келген жедел жәрдем бригадаларын 5 минуттан артық ұстап тұруға болмайтыны жөнінде тәртіп енгізу керек екені де ескертілді. Сондай-ақ жиын барысында кәсіпкерлік субъектілерінің Ashyq жобасына қатысу көрсеткіші төмен екені назарға алынды. Қала бо­йынша осы жобаға бүгінге дейін 764 бизнес субъектісі ғана қосылған. Осы ұйымдарға келушілер арасынан 157 адамның  – «сары», 66 адам – «қызыл» статусы бар екені анықталған.

Шілде айындағы жағдай күрделі. COVID-19 дертінің «үнді», яғни «Дельта» штамының анықталғанына көп бола қоймаса да таралу қарқыны бәсеңдемей тұр. Қазір вирустың бұл түрімен ауырып жатқандардың саны жеті адамға жетіпті. Үш науқас дертінен айығып, үйіне шығарылған. Ал үшеуі «Асар» шағын ауданындағы жұқпалы аурулар ауру­ханасында ем қабылдауда. Аталған ауруханада қауіпті кесел жұқтырып, ем қабылдап жатқан 150-ден аса науқастың 32-і жансақтау бөлімінде. Ал жеті аза­мат­тың халі мүшкіл, өкпені жасанды желдету аппаратының көмегімен тыныс алуда. Коронавирус жұқтырғандар жастардың, тіпті балалардың арасында да жиі кездесуде. Сондықтан салаға жауаптылар вирустың жұғу қаупі дәл осылай жоғарылай берсе, қалалық балалар ауруханасынан емдеу орталығын ашуды жоспарлап отыр.

Қалалық №1 перинаталдық орталық дәрігерлерінің дерегінше, перзентханада жатқан 200-ден аса жас ананың жағдайы жақсы. «COVID-19-ға шалдыққан жүкті әйелдерге арнап 30 орын қарастырылды. Егер жағдай күрт нашарлап жатса, тағы осынша төсектік орынға стационар ашылады. Бүгінгі таңда қаламызда 16 500 әйелдің аяғы ауыр. Оның 200-ге жуығы осы аптада босанады деп жоспарланып отыр. Егер жүкті аналар вирус жұқтырса, сәбиін аман-есен бауырына баса алмайды. Вирус мутацияға ұшыраған са­йын жүкті әйелдердің оны жеңуі де ұзақ уақытқа созылады. Дені сау анадан дені сау ұрпақ дүниеге келеді. Бұл ретте тек жүкті әйелдерге ғана емес, олардың туыс­тарын да санитарлық талаптарды сақтау­ға шақырамын», дейді Шымкент қалалық №1 перинаталдық орта­лықтың бас дәрігері Темірхан Варзилов.

Ал «Атамекен» медициналық орта­лығында бүгінде ауру жұқтырған 100-ге жуық науқас жатыр. Медици­налық орталықтың бас дәрігері Индира Артық­баева провизорлық және инфек­ция­лық аурухана ретінде жұмыс істейтін емдеу мекемесінде дәрі-дәрмек пен емдеу құрылғылары, тыныс алу аппараттары толық жеткілікті екенін айтады. Шілде айы­нан бастап 250 төсектік орынға стационар ашылған. Денсаулық сақтау басқармасынан тағы 200 орын қосуға сұраныс түсіпті.

«Біз қазір науқастардың 30-35 пайы­зы «Дельта» штамын жұқтырды деген сараптама алып отырмыз. Алдағы уақыттарда індетті жұқтырушылардың саны күрт өсуі мүмкін. Дегенмен коронавируспен күрес жұмыстары өз деңгейінде деп айтуға болады. Екі айға жетер­лік дәрі-дәрмек қоры бар. Бірақ ауы­рып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген жақсы. Өкінішке қарай, қазір ас беру, той-томалаққа тыйым болмай тұр. Ол азаматтар өздерінің және отбасындағы жақындарының өміріне қауіп төндіріп отыр. Той-томалақ жасамауды немесе ас бермеуді ұят санап, одан келер қауіпті ескермейтіндер бар. Яғни қазақты «ұят» құртып, сол «ұяттан» ауырып жатқандар аз емес. Ал аурудың алдын алудың жалғыз жолы – екпе. Статистикалық зерттеулер бойынша ауру жұқтырғандардың дені вакцина салдырмағандар екен. Бізде аудан әкімдері мобильді топтарды басқарады. Күндіз-түні тексеру жүріп жатыр. Маусым айында 2 700-ден аса нысанға тексеру жүргізілген. Оның 5-6 пайызына айыппұл салынды. 13 шілде күні қалада 303 нысанға тек­серу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 23 нысанда карантин режімінің талап­тары бұзылғандығы анықталып, әкім­шілік хаттамалар толтырылды. Бүгінде мобильді топтардың жұмысы күшейтілді», дейді қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан.

Сондай-ақ Шымкент қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 13 шілдедегі қаулысына сәйкес карантиндік талаптар күшейтіліп, сенбі, жексенбі және мереке күндері қалалық қоғамдық көліктердің жұмысы тоқтатылады.

Айта кетелік, Шымкент қаласындағы 45 егу бекеттерінде өткен тәулік ішінде 8473 адам вакцина салдырды. Жалпы егу науқаны басталғалы барлығы 325 354 адам вакциналанды, оның ішінде 198 008 адам вакцинаның екі компонентін алған.

 

Шымкент