Мәнді шараны М.Тынышбаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық музейінің қызметкерлері ұйымдастыруда. Ашылу рәсіміне тарихи-өлкетану музейінің директоры, көрме жетекшісі Ырысжан Аязбаева, арқалы ақынның немересі Салтанат Жамбылова, шөбересі Қарлығаш Тезекбай қатысып, сапар мақсаты туралы кеңінен баяндап берді. Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің мұражайында өткізіліп жатқан көрме барысында жалғыз жәдігерлер ғана емес, жыр алыбының ақбас толқындары буырқанған алапат теңіз іспетті рухани әлемі бар сырын ашып, әшекейлі әлемін жарқырата көрсетуде. Жыршының екі бірдей домбырасы, келісті кемер белдігі, отбасылық фотосуреттері, әр жылдары жарық көрген жинақтары, тұтынған заттары да сызылта сыр шертіп тұрғандай.
– 1938 жылы атамызға еңсесі биік 12 бөлмелі үй тұрғызылған, – дейді Қарлығаш Тезекбай, – қазіргі күні бұл үй мемориалдық музейге айналды. Үш мыңнан астам жәдігер жинақталды. Көкшетауға біз соның негізгілерін ғана әкелдік.
Мәлік Ғабдуллин мен Жамбыл Жабаевтың арасындағы ағалы-інілікке ұласқан сыйластық пен ізет жайында әсерлі әңгіме өрбіп, рухани байланыстың тіні тарқатылып айтылды. Көкшетаулықтар жыр дарияның мөлдір тамшыларымен мейірін қандырған мәнді шара әлі де жалғасуда.
Көкшетау