Аймақтар • 15 Шілде, 2021

Өскеменнің түзеу мекемесінде электронды дүкен ашылды

466 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Технологияның қарыштап дамығаны бұл. Жуықта электронды дүкен Өскемендегі ОВ-156/1 түзеу мекемесіне орнатылды. Енді айыпталушылардың немесе сотталушылардың алыста тұратын туыстары мұнда келіп әуре болмайды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Өскеменнің түзеу мекемесінде электронды дүкен ашылды

Түзеу мекемесіне жаңадан орнатылған электронды дүкен арқылы сотталған немесе айыпталған азаматтар өздері таңдаған азық-түліктерін, керек-жарақтарын тапсырыс беріп алғыза алады. Әрине, тізімде рұқсат етілген заттар ғана бар. 

– Олар туыстарының нөмірін тіркеп, дүкенмен есеп айырыса береді. Үш нөмірге дейін тіркеуге болады. Қажетті тауарларын таңдаған соң өз ЖСН-ын енгізіп, құпия сөздерін жазады. Әр заттың бұрышында бағасы, салмағы көрсетіліп тұр. 20 келіге дейін тапсырыс беруге рұқсат, – дейді тәртіп және күзет бөлімінің бастығы, әділет майоры Ерболат Самарқанов.

Электронды дүкен уақытша ұстау изоляторына қойыла сала үш адам тапсырыс беріп, керегін алды. Айта кетсек, тапсырыс төрт күн ішінде келеді екен. Келген заттарды бақылаушылар тексеріп барып, ішке өткізеді.

– Туған-туыстар алыстан такси алып, мұнда келгенше, осы жерден өзім-ақ керегімді ала беремін. Өте ыңғайлы дейді, – айыпталушы К.Минин.

Айтқандай, мұндай электронды дүкендер басқа да түзеу мекемелеріне орнатылып жатқан көрінеді.