Аймақтар • 15 Шілде, 2021

Алматы тауларында Wi-Fi-ы бар құтқару пункттері пайда болады

438 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Алматы қаласының Туризм басқармасы басшысының орынбасары Марлен Маралов тау туризмін қауіпсіз етудің жай-жапсарын хабарлады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте  биыл тау туристерінің саны 4 есеге артқанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматы тауларында Wi-Fi-ы бар құтқару пункттері пайда болады

Осыған байланысты әкімдік Алматы тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіз әрі жайлы демалуы үшін қажетті жағдайлар жасау жоспарын әзірледі. Таулы маршруттардың шалғай тораптық учаскелерінде жаздың соңына дейін туристерді паналау үшін 15 үйшік салынады.

Әрбір үйшікте іздестіру, құтқару қызметтері үшін картаға және GPS-координаттарға байланған реперлік бастырма да болады.  Төтенше жағдайлар туындаған кезде немесе ауа-райының қиын болуына байланысты үйшік туристер күтіп, қажетті көмек жиынтығын алуға мүмкіндік береді (алғашқы медициналық көмек жинағы, маршрут карталары, мобильді құрылғыларды зарядтау стансасы, жылы көрпе мен бұзылмайтын азық-түлік жиынтығы).

Үйшіктің жанына SOS спутниктік сигналын құтқарушылар пультіне енгізу жүйесі бар діңгектер орнатылады. Діңгектер шұғыл әрекет ету қызметтеріне қашықтан қосылады (ТЖД/112).

Апат сигналын беруге арналған барлық спутниктік жабдықтар таудағы үйшік конструкциясына біріктіріледі, сондай-ақ мачталар Wi-Fi функциясымен жабдықталады. Бұл жүйе шалғай таулы маршруттарда қиын жағдайға тап болған тәжірибесіз, дайын емес туристерге арналған. Пайдаланушы интерфейсі минималды-дауыстық қоңырау түймесі, бейне қоңырау камерасы мен бірнеше тілдегі нұсқаулар болады.

Қосымша туристік навигацияның бірыңғай жүйесін құру мен тауға шығуға арналған смарт-навигатор түріндегі қосымшаны іске қосу бойынша жұмыс жүргізіледі. Ол ТЖД базасымен интеграцияланады.

Биыл Кіші және Үлкен Алматы шатқалдарында 2 бақылау-құтқару пункті салынады. Сондай-ақ алғаш рет құрылған 16 адамнан тұратын тау құтқарушыларының жасағы тәулік бойы кезекшілік етеді. "Тұйықсу" шатқалында қосымша тікұшақ алаңы құрылады.