Кеше Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Австрия Республикасының сыртқы істер министрі Михаэль Шпинделеггермен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады СІМ-нің баспасөз қызметі.
Әңгімелесушілер ЕҚЫҰ шеңберінде және екіжақты негіздегі қарым-қатынастардың кең ауқымды мәселелерін талқылады.
М.Шпинделеггер Қырғызстанда орын алған саяси дағдарысқа қатысты халықаралық қоғамдастықтың әрекетін үйлесімді атқаруға Қазақстанның үлесі зор болғанын ерекше атап өтті және еліміздің ЕҚЫҰ-ға төраға мемлекет ретіндегі қызметіне жоғары баға берді.
Австрияның сыртқы саясат ведомствосының басшысы биыл 16-17 шілде күндері Алматыда өтетін Ұйымға мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлерінің бейресми кеңесіне қатысатынын растады. Ол сондай-ақ биыл Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өткізілетін ЕҚЫҰ Саммитін ұйымдастыруда Қазақстан жағы атқаратын жұмыстарға өз қолдауын білдірді.
Австрия Республикасының Президенті Х.Фишер лауазымына қайта сайлануына байланысты Қазақстан тарапының құттықтауын жолдай отырып, Қ.Саудабаев Елбасының Австрия басшысына Қазақстанды өзіне ыңғайлы мерзімде келуіне шақыруын жеткізді, әрі мұндай сапар екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін бере алатынына сенімді екенін айтты.
Қазақстан Австрияның ТМД елдерімен екіжақты сауда көлемі жағынан үшінші орынды иеленеді. Қазақстан мен Австрияның екіжақты сауда айналымы 2010 жылдың қаңтар-ақпан айларында 481,8 миллион АҚШ долларын құрады, ал бұл дағдарыстың ықпалы аса күшті болған 2009 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 15,5 есе артық болып табылады. Жалпы алғанда, соңғы 15 жылдың ішінде екіжақты сауда айналымының көлемі 12 есе өсті. Австрияға қазақстандық экспорт – 17 есе, ал Австриядан Қазақстанға келетін импорт 6 есе өсті.