Саясат • 16 Шілде, 2021

Ауыл әкімін сайлау – ортақ жауапкершілік

632 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Егемен еліміздің тарихында ауыл тұрғындарына жергілікті атқарушы биліктің басшысын тікелей сайлауға алғаш рет мүмкіндік беріліп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлау қажеттігін айтқан болатын.

Ауыл әкімін  сайлау – ортақ жауапкершілік

Президенттің бұл бастамасы алда болатын саяси науқанға маңызды міндет жүктейтіні бел­гілі. Сонымен қатар бала­ма­лы негізде сайланатын ауыл әкім­дерінен де жергілікті жұрт­шылық жақсы бастама мен жоғары нәтиже күтетіні аян.

Жамбыл облысында ауыл­дық округ әкімдеріне кандидат­тарды ұсыну нәтижелері белгілі болды. Бір орынға ең көп үміткер Жамбыл ауданында тіркелген.

«Өңірде сайлау процесі бас­та­лғаннан бері ауылдық округ әкімдігіне 122 кандидат ұсы­нылды. Ал ұсыну мерзімі аяқ­талған күні әр округке екіден көп кандидат ұсынылған. Ұсы­нылған кандидаттардың ішінде 76 адам саяси партиялар­дан бол­са, 46 адам өзін-өзі ұсын­ған­дар болып саналады», дейді Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Сер­ғали Айдапкелов.

Ауыл әкімдігіне кандидат­тыққа ұсынылған 122 үміткер­дің орташа жасы 39,8 жасты құрайды екен. Араларында 25 әйел бар.

Әрине, ауыл әкімі болып сай­ланатын тұлға жоғары білім­ді, тәжірибелі болуы шарт. Ауыл­дықтар да өз ауылы­ның қамын ойлайтын, адал, еңбек­қор азаматтың әкім болып сай­ланғанын қалайды. Себебі Жамбыл облысының көптеген ауылында әлі де көшелерді көркейту, ауыз су, газ сияқты көкейкесті мәселелер толық ше­шімін тапқан жоқ. Осы тұр­ғыдан келгенде қарапайым ха­лық бірінші кезекте күрмеуі күр­делі мәселені аудан, тіпті об­лыс басшылығына дейін жеткізіп, одан нәтиже шығара алатын маманды қолдайтыны анық.

Енді ауыл әкімдігіне үміт­керлікке кімдер, нақты қандай мамандық иелері, қай салада жүрген азаматтар болып отыр деген сұраққа келсек, жамбылдық кандидаттардың ішінде 56 мемлекеттік қызметші, 36 бюджет саласының қызметкері, 7 ком­мерциялық құрылымдардың жұ­мыскері, 5 жұмыссыз адам, 14 ауылдық округ әкімі және 4 басқа тұлға бар.

Қазіргі уақытта уәкілетті мемлекеттік органдар ұсынылған кандидаттардың заңнама талаптарына сәйкестігін анықтау және оларды тіркеу жұмыстарын жүргізу үстінде. Кандидаттар­ды тіркегеннен кейін сайлау ал­дындағы үгіт басталып, ол сай­­лау күні қарсаңында аяқ­талады. Сондықтан да бұл ауыл тұрғындары үшін маңызды саяси науқан болғалы тұр. Олар өздеріне ең жақын билік өкілін өздері таңдап, дауыс беріп, конституциялық құқықтарын пайдаланатын болады. Енді олар «Мынау әкімді кім таға­йындаған?» деп аудан, облыс басшыларына кінә қоя алмайтын болады. Яғни ауыл тұрғындары өздері өмір сүріп жатқан елді мекен басшысын сайлауға жай ғана қатысып қоймай, көпшілік дауыспен қабылданатын шешім үшін ортақ жауапкершілік жүгін арқалайтындығын сезінуі керек. Өйт­кені демократия азамат­тар­ға құқық қана бермей, міндет те жүктейтіні мәлім. Ал ауыл әкі­мі болып сайланатын азаматтар үшін өздеріне көрсетілген ха­лық сенімін ақтау – зор жауап­кершілік және одан асқан абырой да жоқ. Әрине, қай әкімнің жұмысы қалай жүреді, одан шығатын нәтиже қандай болмақ, оны алдағы уақыт көрсетеді.

 

Жамбыл облысы