Қоғам • 16 Шілде, 2021

Тыйым тиімді ме?

416 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әлем болып күресіп, әлі келмей жат­қан бір мәселе бар. Бұл – бесіктен белі шық­пағандардың жастайынан темекіге үйір болуы. Келешекте қос өкпесі күркілдеген шылым­қорлар да, денсаулығы дімкәстар да осылар­дан шығады. Болашақты қорғап, теме­кіні қойдыру үшін мемлекеттер, халық­аралық, қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдар түрлі қадамдарға барып жатады. Бірақ түбе­гейлі халқына темекіні тастатқызған ел бар ма?

Тыйым  тиімді ме?

Әлемдегі ең ірі табыс көзі санатындағы темекі индустриясы үшін жастар қашанда тұтынушылардың жаңа буыны болып қала бермек. Бұрын темекі шегетіндердің қатарында ер адамдар көп болса, қазір бұл үрдіс теңесіп, әйелдердің саны да көбейді.

Біздің еліміз де жасөспірімдерді зиянды түтінге жолатпау үшін нақты шаралар мен заңдар да қабылдап жатыр. Бірақ соның бірі дұрыс, бірі бұрыс болып жатады. Тіпті кейде заңсыздыққа жетелейтін, соңына дейін жетілдірілмеген заңдардың да қабылданып жататыны өкінішті. Атап айтқанда, Қазақстанда бөл­шек сауда дүкендерінде темекіні ашық орна­ластыруға тыйым салу «Халық денсау­лығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске сәйкес, 2021 жылғы 1 шіл­де­ден бастап күшіне енді. Бұл заңды бұз­ғаны үшін сауда нүктелерінің иелеріне 180 мыңнан 1 млн теңгеге дейін айыппұл салынады. Нәтижесінде, қазір шағын, кішігірім дүкен­дердегі жағдай тіпті күлкілі деуге болады. Ең өтімді тауарлардың бірі болып тұрған теме­кі өнімдерін сатушылар кілем, картонмен жа­уып жасырады, әйтеуір сатудың айласын табады. Бұл сатушыларға да, сатып алушы­ларға да қолайсыздықтар әкеліп қана қоймай­ды, заңсыздыққа, сапасы күмәнді темекі өнім­дерінің нарыққа шығуына жол ашады.

Ал шылымқорлар осыдан бір өзгеріс көрді ме? Темекі өнімдерін тұтынушылардың өздері бұл жаңалық пен темекі шегуге деген тәуел­діліктің төмендеуі арасындағы тікелей байланысты байқап отырған жоқ. Бұрын ашық сатылса, қазір тығып сатады. Бірақ сатылып жатыр. Керісінше, темекіні ашық сатуға ты­йым салу жалған темекі өнімдерінің таралуына ықпал етуі мүмкін. Осы мәселеге қатыс­ты «Қазақстан тұтынушылар лигасы қауым­дастығы» ЗТБ басқарма төрағасы Светлана Романовскаяның пікірінше, халықты тәрбие­леу құралы ретінде кез келген тыйым жұ­мыс істемейді.

Талай мемлекеттің тәжірибесі көрсеткен­дей, темекі сатуға тыйым салған елдерде темекі шегу деңгейі бұрынғы деңгейде қалып отыр. Мысалы, көрші Ресейде 2014 жылы темекіні ашық орналастыруға тыйым салынғаннан кейін, AC Nielsen халықаралық агенттігінің мәлі­метінше, темекі өнімдерін заңсыз сату 2013 жылғы 19,3%-дан 2016 жылы 28,3%-ға дейін өскен. Ирландияда тыйым салынғаннан кейін шағын дүкендерде сату төмендесе де, керісін­ше заңсыз сауда айтарлықтай ұлғайды. Қазіргі уақытта Ирландияда заңсыз өнімнің үлесі нарықтың жалпы көлемінің 25%-ын құрайды.

«Бөлшек саудада темекіні ашық орналас­тыруға тыйым салу – заңсыз темекі өнімдерінің таралуына ықпал ететін факторлардың бірі. Адал емес сатушыларға заңсыз тауарларды ашық сөреден гөрі жасырын сату оңайырақ. Тыйым салу жағдайында тұтынушыға қандай өнімді сатып алатынын анықтау қиын. Мұндай шара Қазақстандағы темекі шегушілердің санын азайтуға көмектесе ме? Бұған мен сенімді емеспін», дейді С.Романовская.

Енді мына қызықты қараңыз, шылым­қорлық – әсіресе, дүниежүзі екі жыл бойы коро­навирус пандемиясымен күресіп жатқан кезде көкейкесті мәселе. Оның үстіне пандемия басталғанда халық арасында темекі шегушілерде індет жұқтыру қаупінің аз болатыны және жұқтырған жағдайда оның ағымының жеңіл болатыны туралы жалған ақпараттар желдей есті.

Медицина мамандары шындыққа қатысы жоқ ақпараттардың анық-қанығын нақты дәйек­теп берді. Керісінше темекі түтіні шылым­қорлардың өкпе тінін зақымдап, им­му­нитетін әлсіретеді. Сол себепті жіті рес­пираторлық синдромның дамуы (SARS-CoV-2) керісінше жоғарылайды және сырқат­тан­ғандарға аурудың өршуінің салдары ауыр тиеді. Мұны темекі шегу және COVID-19 арасын­дағы байланыс туралы зерттеулер растайды.

Мәселен, Қытайдың 552 ауруханасында COVID-19-дың зертханалық талдауларының нәтижелері бойынша дәлелденген 1 099 пациентте ауру салдарлары зерттелді. Зерттеу­лердің нәтижелері бойынша сол кезде темекі шегетін пациенттердің 12,4%-ы қайтыс бол­ған және қарқынды терапия бөлімшесіне емделуге жатқызылған немесе темекі шек­пейтін пациенттерге қарағанда өкпенің жасанды желдетуіне көбірек мұқтаж болғаны анықталды.

Тоқ етерін айтқанда, денсаулық та, дұрыс заңдар да керек.