Қоғам • 16 Шілде, 2021

Тәлімгер генерал

334 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Өткен жылы әлемді жайлаған қауіпті індетке қарсы күреске еліміздегі мемлекеттік органдармен бірге Ұлттық ұланның әскери қызметшілері де белсене атсалысты. Осы қауіпті де жауапты істің басы-қасында жүрген сардардың бірі – Ұлттық ұлан бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Мұхаметқали Сатов еді...

Тәлімгер генерал

Бейбіт күнде де тыным таппайтын, әскери өмірдің аса маңызды саласы – тәрбие ісін босаңсытпай, жеке құрамның тәртібін, бөлімшелерде заңдылықтың сақталуын жіті назарда ұстайтын, Ұлттық ұлан мен қоғам арасындағы алтын кө­пірдей болған елжанды сардар, парасатты басшы осы кезде арамыздан кетті.

Мұхаметқали Құсайынұлы Ұлттық ұланның идеологиялық «генераторы» болды десек, артық айтпаспыз. Ішкі әскеріміздегі тәрбие жұмысының барлығы оның тікелей ұйымдастыруымен атқарылып, ілгерілетілетін.

Ол 1961 жылы Қарағанды облысының Ақтас ауылында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылған Мұхаметқали балалық шағында бірталай қиындық көреді. Десе де, сол қиындықтар онымен бірге бауырлары Мұхаметжан мен Нығметжанды, әпкелері Әмина, Қа­лима және Зираны қайраттандырып, әрқай­сысының бір-бір саланы меңгерген дәрігер, ұстаз, инженер, ғылыми қыз­мет­кер болып қалыптасуына әсерін тигізді. Ал Отан қорғау ісін таңдаған Мұха­метқали Құсайынұлы Ішкі әскер сапында қырық екі жыл қалтқысыз қызмет етті.

Мұхаметқали он жеті жасында Но­во­­сібір қаласындағы КСРО ІІМ Ішкі әскерінің жоғары әскери командалық училищесіне оқуға түсіп, 1982 жылы «лейтенант» шенін алады. Туған жері – Қазақстанға оралып, сардарлық жолын взвод командирі лауазымынан бас­тап, рота, батальон, полк буынындағы түрлі басқарушы қызметтерді атқара­ды. Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әс­кері қолбасшысының Бас басқармасы Әскери кеңесінің хатшысы болды. 2013 жылдың мамыр айынан бастап Ішкі әскердің, кейін Ұлттық ұланның тәрбие құрылымдарына жетекшілік еткен ол бар күш-жігерін әскери бөлімдердегі офицерлер мен сарбаздарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге сарп етті. Құқық тәр­тібі әскеріндегі қызметі жылдарында Ұлттық ұланның қызметін жандандырып, қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік, тәрбиелік-идеологиялық ауқымды жобаларды жүзеге асырды.

Айналасына өз ісінің хас шеберле­рін жинап, елдік идеологияның тасын өрге сүйреді. Мемлекет мүддесін өз мүддесінен биік қоятын, атақ-даңқ пен мансапқа бой алдырмаған, өзі қызмет еткен төл әскердің жеке құрамында­ғы заңдылық пен темірдей тәртіптің сақ­талуын бір сәтте назарынан тыс қал­дыр­маған өте қағілез, принципшіл, еңбекқор жан еді.

Мұхаметқали Құсайынұлы қай істе де ахуалды зерделеп, түйінді мәселелерді саралап, ақыл таразысына салып, «өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын» дұрыс шешім қабылдай білетін. Өз бастамасымен қолға алған жобасына терең шы­ғармашылық тұрғыдан қарап, «темірді қызған кезінде соқ», дегендей, озық ойларын батылдықпен жүзеге асыра алатын көшбасшылық, ұйымдастырушылық қасиетке ие еді.

Қарамағындағыларды оқыту мен тәр­биелеу ісінде қалыптасқан дәстүрге сүйене отырып, өз тарапынан жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен білімін қоса пайдаланып жүретін. Аудиторияны салиқалы сөзімен ұйыта да, сардарға тән қатаңдығымен бағындыра да алатын мысы басым, ықпалды тұлға болды. Бүгінде әскер қатарында жемісті еңбек етіп жүрген офицерлік құрамның бүтін бір буынын тәрбиелеп шығарды.

Мұхаметқали Құсайынұлының тіке­лей жетекшілігімен әскердің қыз­меттік-жауынгерлік жолын баяндайтын де­ректі, оқу фильмдері түсірілді. Құ­қық­тық тәртіп әскерлерінің барлық бө­лім­шелеріне тәрбие және әлеуметтік-құқық­тық жұмыстардың тиімділігін арттыру жөніндегі көптеген оқу-әдестемелік жи­нақ­ пен директива әзірленді.

2005 жылы Ұлттық ұлан мен «Қазақ­стан» телеарнасы бірлесіп, ішкі әскер тарихы туралы «Ішкі әскер – құқықтық тәртіп әскері» атты алғашқы деректі фильм түсірілді. Бұл фильм Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен II Жалпы Армиялық конференция делегаттарының алдында көрсетілген болатын.

Сол жылы Мұхаметқали Құсайын­ұлы­ның Бас басқарма бастығы ретін­дегі жоғары ұйымдастырушылық қабі­леті жарқырай көрінді. Әрі қарай шығар­машылық жұмыстар тізімі кеңейе түсті. «Егер мен бұзсам...», «Конституция мен заңдылық күзетінде», «Мемлекеттің ішкі қуаты» сияқты танымдық фильм­дер, бейнероликтер жарық көрді. «Ха­бар», «Қазақстан», «КТК» телеар­наларымен бір­лесе отырып, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан алған, әскеріміздің ержүрек батыры Ербол Отарбаев туралы «Откро­венный разговор» фильмі түсірілді, сон­дай-ақ «Ұлы дала ұландары» деректі фильмі де жарыққа шықты.

Әскер тарихындағы маңызды оқиға­лар шынайы көрсетілген «Алтыншы бекет» және «Қазбат» көркем фильм­де­рін айрықша атауға болады. Осы туын­­дылардың жарық көруіне бір­қатар офи­цер Ұлттық ұланның бас тәлім­гері генерал-майор Мұхаметқали Са­тов­­тың басшылығымен белсене қа­тыс­ты. «Алтыншы бекет» фильмінің сюже­­тіне жауынгерлік бекетте тұрып, қа­таң режімдегі колониядан ондаған тұт­қынның қарумен қашуына жол бермеген жауынгер Ербол Отарбаевтың жан­қияр­лық ерлігі негіз болды.

2019 жылдың қыркүйегінде «Ал­тын­шы бекет» фильмінің телевизиялық нұсқасы «Тэфи – Достастық» халық­аралық фестивалінің ең үздік телехикая аталымы бойынша Гран-приін жеңіп алды. Осы көркем фильм идеясының авторы – Мұхаметқали Құсайынұлы.

Ал «Қазбат» фильмінде 1995 жылы 7 сәуірде Тәжікстан жерінде ТМД-ның сыртқы шекараларын қорғау жөніндегі үкіметтік тапсырманы орындау кезінде ерлікпен қаза тапқан Ішкі әскердің 7-ротасындағы қазақстандық әскери қызметшілердің ерлігі туралы баяндалады. Бұл кинотуындының сценарийін жазуға қатысқан бірден-бір әскери тұлға генерал-майор М. Сатов еді.

Сонымен қатар Мұхаметқали Құса­йын­ұлының бастамасымен жарыққа шыққан кітаптар да жеткілікті. Олар – «Ішкі әскер – құқықтық тәртіп әскері», «Ел қалқаны – Ішкі әскер», «Ерлік дәс­түрі», «Дәстүрге адалдық», «Бүркіт» – ішкі әскер қырандары», «Если не мы, то кто…», «Тағзым», «Летопись войск правопорядка: время, события, люди» және басқа кітаптар. Оларға заңдылық пен тәртіпті күзету жолында Отан алдындағы қасиетті борышын абыроймен өтеп жүр­ген әскери қызметшілер өмірі арқау болған.

Ұлттық ұланның бас тәрбиешісі болған генерал Сатовтың соңғы жұмыстарының бірі – 2020 жылы жарық көрген «Елбасы және Ұлттық ұлан» кітабы. Онда еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құқықтық тәртіп әскерінің қалыптасуы мен дамуындағы ерекше рөлі туралы, әр кезеңде Ішкі істер ми­нистрлігінің күштік құрылымын бас­қарған адамдар туралы баяндалады. Мұ­хаметқали осы кітапты мақтаныш көрді. Аталған шығарманың тұсаукесерін өткізіп, бүкіл елге жария еткен де өзі болатын. Бүгіндері Ұлттық ұлан қонақтарына осы кітапты сыйға тартқанда тәлімгер генералды еріксіз еске түсіреміз.

Жалпы, Мұхаметқали Құсайынұлы­ның қолы тиген, ізі қалған дүниелер же­тіп артылады. Ұлттық ұлан әскери бөлімдеріндегі стендттер, соңғы он бес жылда шығарылған буклеттер мен кітап­­шалар, тәлімгер офицерлердің бұй­рықтары, әскер символикалары – бар­лығына генералдың еңбегі сіңді. Соларды көрген сайын есімізге есіл ер түседі.

Ол кісінің іскерлік қырларынан бө­лек, адами қасиеттері айрықша еді. Бір қарағанда сұсты, қатал көрінгенімен, өте білімді, адамгершілігі мол жан болатын. Әскер тағдырындағы қиын-қыс­­тау кезеңдерде жеке құраммен бір­­ге болды. Құқық тәртібі әскерінің ыс­тық-суығына бірге төзді. Әскери қыз­­меттің қиыншылығынан қажыған жа­уын­гер­лердің талайын жылы сөзімен жі­гер­лендірді.

Тағы бір ерекшелігі, генерал М. Сатов баспасөз қызметкерлері үшін әр кезде ашық еді. Қандай жағдай болсын ел алдына шығып, журналистермен ашық әңгіме жүргізетін. Оқыс оқиға немесе жағымды жаңалық болсын – барлығын қоғамға жария еткенді жөн санайтын. Бұл журналистерден қашқақтайтын кей басшыларға жақсы үлгі десек те, артық болмас. Сонымен қатар Ұлттық ұланда қызмет етіп жүрген әскери журналис­терге де оң көзімен қарайтын. Олардың шығармашылықпен жұмыс істеуіне мүм­кіндік беретін.

«Ұлық болсаң, кішік бол» демекші, әскер тәлімгері адамның жағдайын айтпай түсінетін. Әбден қажыған офицерді көрсе, онымен сөйлесіп, қолынан келгенше көмектесуге тырысатын. Ол кісінің өмірлік энергиясына таңғалмасқа болмайтын. Басынан асып жатқан жұмыстың бәріне үлгеріп, оң нәтижеге жетпей тынбайтын.

«Отан бәрінен де қымбат. Отан болмаса, ештеңе маңызды емес», «Өмірде бай болу маңызды емес, адал, адамшылыққа лайықты өмір сүру маңызды», деген сөздерді үнемі айтып жүретін.

Мемлекет мүддесін өз мүддесінен әрқашан биік көретін, өзіне де, өз­геге де қатаң талап қоятын, үлкен жауап­кер­шілік иесі еді. Осы қасиетімен көп­ке үлгі, қай ортада болсын сыйлы болды. Сарбаздардың жігерін жанып, отан­сүйгіштікке, антқа адал болуға, елді рия­сыз сүюге, батылдыққа үндеуден жалық­пайтын, жүректерге от беретін. Талай жауынгердің ерлігін бұқараға паш етіп, лайықты бағасын беріп, ержүрек батыр ретінде танытуға себепші болды.

Ұлттық ұланның бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов та қарулас қана емес, ағасындай, ақыл­шысындай болып кеткен Мұхаметқали Құсайынұлы туралы: «Оқыту мен тәрбие­леудің тың жолдарын қолданатын кемел басшы, әр нәрсенің байыбына барып, таразылай білетін нағыз тәрбиеші еді. Әскер жұмысын бүге-шүгесіне дейін түсініп, салмақты әрекет ететін мықты ұйымдастырушы еді. Орны қашанда бөлек...» деп қимастықпен еске алады.

Отанымыз тәлімгер офицердің ең­бегін жоғары бағалады. Қазақстан Рес­публикасы Президентінің 2016 жылғы 5 мамырдағы Жарлығымен оған «генерал-майор» шені берілді. ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен және КСРО мен тәуелсіз Қазақстанның 14 медалімен марапатталған. Қазақстан Республикасы ІІМ еңбек сіңірген қызметкері атанды, мемлекеттік басқарудың магистрі болды.

Ел басына күн туған қиын кезеңде халқымен бірге болған ұлтжанды азамат­тың есімі өткен жылдың соңында тағы бір ұлықталды. Тәуелсіздік күні қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен генерал-майор Мұхаметқали Сатов қаза болғаннан кейін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды.

Мұхаметқали Құсайынұлының артында ел жадынан өшпейтін ерен еңбегі, жадымызда жаңғырып жататын жа­лынды сөзі, ізін жалғаушы ұрпағы мен ісін жалғастыратын көптеген шәкірті қалды.

 

Қуаныш ҚОЖАХМЕТОВ,

 әскери журналист,

запастағы полковник