Технология • 16 Шілде, 2021

Модельдік цифрлы фабрикалар

227 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде «Модельдік цифрлы фабрикалар» жобасы іске асырылып жатыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметі бойынша, жоба төртінші өнеркәсіптік революция технологияларын енгізуді ынталандыру мақсатында қолға алынған.

Модельдік цифрлы фабрикалар

 Ведомство дерегі бойынша, қазіргі кезде жобаға «Химфарм» АҚ, «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, «Евразиан Фудс» АҚ, «Алтыналмас АК» АҚ, «Карлскрона» ЖШС, «Алматы желдеткіш зауыты» ЖШС және «Бал Текстиль» ЖШС қатысып жатыр. Барлығын қоса есептегенде, жалпы инвестиция сомасы 10,4 млрд теңге болатын 49 жоба жүзеге аспақ. Мәселен, «Химфарм» АҚ қолға алған «Ақылды техникалық қызмет көрсету» жобасы жабдыққа предиктивті қызмет көрсетуге, өндірістік қызметке зиян келтірмей жөндеу жұмыстарын жос­парлауға, сондай-ақ жұмыс пен қосалқы бөлшектер үшін қаражатқа қажеттілікті болжауға мүмкіндік береді. Кәсіпорынның тағы бір маңызды жобасы «Power Map QA өнімдердің сапасын басқару» деп аталады. Бұл жүйе өнім сапасын арттыруға бағытталған. Өнімнің барлық циклында, яғни жеткізуден бастап, өндіріліп шығарғанға дейін материалдың сапасын бақылауға мүм­кіндік береді.

«Карлскрона» машина жасау зауытында 3 жоба пайдалануға беріліп үлгеріпті. Клиенттермен өзара қарым-қатынасты басқару жүйесі (CRM) – тұтынушылармен жұмыс істеуде бірыңғай цифрлы экожүйе құру, сату, маркетинг және клиенттік қызмет көрсету салаларында ашықтықты арттырады.  Бұдан бөлек, өндіріс ошағында өнімді модельдеудің 3D жүйесі енгізілген. Аталған жүйе алдын ала жасалған сызбаға немесе эскизге сәйкес нысанның үш өлшемді моделін құруға арналған бағдарламалық жасақтаманы қолдануға мүмкіндік береді. Қажетті лицензиялық бағдарламалық қамту, модульдер мен компоненттер сатып алынып, қызметкерлер ProCAST жүйесін қолдануға оқытылды. Бүгінгі таңда жүйе кәсіпорында сәтті жұ­мыс істеп тұр.

«Алтыналмас» АК» АҚ  алтын өндіру компаниясы «Цифрлық кеніш» деп аталатын жобасы аясында 12 жобаны іске асыруда. Мысалы, Wencomine тау-кен жабдығын басқару жүйесі «Ақтоғай» жобасында ашық тау-кен жұмыстарын диспетчерлеу нақты уақыт режімінде қызметкерлердің жұмыс уақыты мен тұрып қалуына мониторинг жүргізуге, тиеу пункттері бойынша автосамосвалдарды оңтайлы бөлуге, тұрып қалуын қысқартуға, сондай-ақ қызметкерлер мен техниканың негізгі көрсеткіштеріне (KPI) жан-жақты талдау мен бағалау жүргізуге жағдай жасайды. Сонымен қатар орталық қоймада штрихкодтау жүйесі енгізілген. MS Dynamics Axapta (кәсіпорын ресурстарын басқару жүйесі) бағдарламалық шешіміне негізделген қоймада штрихкодтау жүйесін қолданады. Бұл нақты уақыт режімінде орталық қойма жұмысын бақылауға жол ашады. 

Цифрландыру жұмыстарын іске асыру әлеу­меттік тұрғыдан да тиімді болып отыр. Мәселен, «Ақбақай» және «Ақ­тоғайда» ұйымдастырылған инфрақұ­ры­лым шеңберінде «Алтыналмас АК» АҚ жақын маңдағы елді мекендерді ғаламтор желісімен қамтамасыз еткен. Бұл пандемия кезеңінде қашықтан білім беруге қиындықсыз көшуге және жалпы өмір сүру сапасын арттыруға алғышарт бола ала­ды. Жобаға қатысушылар алдағы уа­қытта өз салаларынан бөлек, басқа бағыт­тарда да цифрлы технологияларды енгізу­дің драйверлеріне айналады деген сенім бар.