Теннис • 16 Шілде, 2021

Токиоға баратын теннисшілердің тізімі Зарина Диаспен толықты

173 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлыбританияның астанасы – Лондонда қоныс тепкен Халықаралық теннис федерациясының (ITF) штаб-пәтерінен «Әлемдік рейтингіне сәйкес Қазақстанның тағы бір өкілі Зарина Диас Олимпия ойындарының жолдамасына иелік етті» деген қуанышты хабар жетті. Бұл жаңалықты еліміздің Ұлттық Олимпиада комитеті (ҰОК) растап отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Токиоға баратын теннисшілердің тізімі Зарина Диаспен толықты

Токио төрінде өнер көрсететін теннисшілеріміздің саны алтыға жетті.

Зарина Диасқа осындай құрмет тегін көрсетіліп отырмағаны анық. 27 жастағы жерлесіміз Алматыда туғанымен балауса кезінен шеберлігін Чехияда шыңдады. 1999 жылы оның әке-шешесі қызмет бабымен аталмыш мемлекетте еңбек етті. Сол жақтағы жергілікті академиялардың бірінде теннистің қыр-сырына қанықты. Уақыт оза Диас дара талантымен оқшауланып, өз қатарының алды болды. Халықаралық аренада елеулі табыстарға жете бастаған шағында Қазақстанның ұлттық құрамасына шақырту алды. Жылдан жылға нәтижесі жақсара түскен Зарина 2015 жылдың басында әлемдік рейтинте 31-орынға көтерілді. Бұл оның спорттық карьерасындағы ең зор көрсеткіш.

2014 жылдан бері Диас «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлерге үздіксіз қатысып келеді. Әзірге оның ең үздік нәтижесі – 2014 және 2015 жылдары қатарынан екі мәрте «Уимблдонның» төртінші кезеңіне дейін жетуі. Одан бөлек, Зарина бірнеше рет Аустралия мен АҚШ-тың ашық біріншіліктерінің үшінші айналымында өнер көрсетті. Ал жұптық сайыста отандасымыз Нью-Йорктегі турнирдің ширек финалында күш сынасты. Барлығы ол WTA жарысында бір мәрте жеңімпаз атанып, ITF додасында 8 рет дара шықты.

Біраз уақыттан бері айшықты ойын өрнегімен көзге түсіп жүрген Зарина Диас кезінде чехиялық Петра Квитова, аргентиналық Хисела Дулко, сербиялық Елена Янкович, швейцариялық Белинда Бенчич, ресейлік Вера Звонарева мен Светлана Кузнецова, испаниялық Карла Суарес-Наварро және тағы басқа әлемге әйгілі теннисшілерге тізе бүктіргенін жанкүйерлер жақсы біледі.

Ал биыл жерлесіміз Майамидегі турнирде АҚШ-тың аты аңызға айналған ойыншысы, «Үлкен дулыға» санатындағы жарыстардың 23 дүркін (7 рет жекелеген+14 рет жұптық+2 рет аралас жұптар сайысы) жеңімпазы Винус Уильямстан айласын асырып, өрелі өнерімен сан миллион көрерменді тамсандырды. Қазіргі кезде Диас WTA тізімінде 101-орынды иеленуде. Әрине, бұл қалың қазақ жанкүйерлері күткендей нәтиже емес. Жерлесіміздің әлеуеті бұдан әлдеқайда зор екенін дүйім жұрт жақсы біледі. Олай болса, алдағы жарыстарда Заринаның көрсеткіші әлдеқайда жақсара түсетініне сеніміміз зор.

Зарина Диастан бөлек, Токио Олимпиадасының жекелеген сайыстарында Александр Бублик, Юлия Путинцева, Елена Рыбакина, Ярослава Шведова және Михаил Кукушкин сынға түседі. Сонымен қатар айтулы бәсекеде Андрей Голубев пен Александр Бублик және Елена Рыбакина мен Ярослава Шведова жұбы да өнер көрсетеді. Қазақстаннан осыншама көп ойыншы бұрын-соңды төртжылдықтың басты додасында бақ сынаған жоқ еді. Бұл отандық теннисіміздің өрлегенінің жарқын бір көрнісі. Осы өрендеріміздің бірі Токио кортында асқан шеберлік танытып, жеңіс тұғырына көтерілсе нұр үстіне нұр болар еді.  

 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»