Аймақтар • 16 Шілде, 2021

Қостанайда қоғамдық көліктер зейнеткерлерді әбігерге салды

268 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай қаласының автобустарында валидаторлар істемей, салдарынан зейнеткерлер жол ақысы үшін қолма-қол 150 теңгеден төлеген, деп хабарлайды Egemen.kz. Бұл жайында жергілікті «Алау» телеарнасы хабар таратты.

Қостанайда қоғамдық көліктер зейнеткерлерді әбігерге салды

Өткен сенбіде қаланың зейнеткерлері қоғамдық көлік ақысын төлеу кезінде күтпеген мәселеге тап болды. Олар жол ақысын картамен төлей алмаған. Өйткені валидатор карталарының бұғатталғанын көрсетіп, қабылдамай қойған. Ал жолаушылардың сөзінше карталарында жеткілікті мөлшерде баланс қалған. 

«Жұбайым екеуіміз зейнетақымыз түскен соң, қайта-қайта уақыт жоғалтпас үшін «Қазпочта» бөлімшесіне барып, көлік картасына 5000 теңгеден салдырған едік. Валидатор қате көрсеткені үшін мұның сыртында жүргізушіге тағы да 150 теңге төлеу керек екен. Масқара ғой! Бұған дейін зейнеткер ретінде 70 теңгеден төлеп келдік. Солай қалуы керек», дейді жолаушылардың бірі. 

Бұған қатысты «Қазпочта» ұжымы мән-жайды түсіндірді.

«Бұрын қоғамдық көлік ақысын әлеуметтік картамен нөлдік қалдықпен де төлеуге болатын еді. Ол кезде минус ретінде есептеле беретін. Ал қазір жүйе өзгерді. Егер тиісті қаражат жетіспейтін болса, валидатор төлемді қабылдай алмайды. Енді валидаторларды орнатқан компания картасы бұғатталған жолаушылардың қарызы төленгеннен кейін ғана «құлыптан босатады», дейді «Қазпочта» ұжымы.