09 Қаңтар, 2014

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығы №675-ө-м

348 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2013 жылғы 23 желтоқсан,  Астана қаласы
2014 жылғы 1 тоқсанға арналған кедейлік шегін анықтау туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 8 сәуірдегі № 537 қаулысымен бекітілген Кедейлік шегін анықтау ережесінің 4-тармағына сәйкес атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін анықтау үшін Қазақстан Республикасының күнкөрісі төмен азаматтарына әлеуметтік көмек көрсету өлшемдерін белгілеу мақсатында бұйырамын:
1. Қазақстан Республикасы бойынша 2014 жылғы 1 тоқсанға арналған кедейлік шегі Қазақстан Республикасының Статистика агенттігі өткен тоқсанға есептеген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 пайызы мөлшерінде анықталсын.
2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «2013 жылғы 4 тоқсанға арналған кедейлік шегін анықтау туралы» 2013 жылғы 26 қыркүйектегі № 462-Ө-М бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді тіркеудің мемлекеттік тізілімінде № 8772 тіркелген және 2013 жылғы 9 қазандағы «Казахстанская правда» № 291 (27565), 2013 жылғы 12 қазандағы «Егемен Қазақстан» № 232 (28171) газеттерінде жарияланған) күші жойылған деп танылсын.
3. Әлеуметтік көмек департаменті (А.О. Табергенова) осы бұйрықтың:
1) заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және ресми жариялануын;
2) облыстық, Астана және Алматы қалаларының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жеткізуді қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі С. Қ. Жақыповаға жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күшiне енедi және 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған қатынастарға қолданылады.

Министр Т.ДүйсеновА.

Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылғы 30 желтоқсанда Нормативтік құқықтық келісімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №9041 болып енгізілді.

Соңғы жаңалықтар