Сәрсенбі күні ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Бельгияда өткен “Қазақстан-ЕО” форматындағы кездесуге қатысты.
Кездесу барысында аймақтық және халықаралық қауіпсіздіктерге байланысты мәселелер талқыланды, сонымен қатар, әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысты еңсеру, осы бағытта аймақтың энергетикалық және экологиялық проблемаларын шешу, соның ішінде су ресурстарын басқару мәселелері әңгіме арқауына айналып, екіжақты консультациялар алмасылды.
Кездесуден соң Қанат Саудабаев Еуроодақтың Іс басындағы төрағасы, Испания Корольдігінің сыртқы істер министрі Мигель Анхель Моратиноспен бірге журналистердің алдына шығып, келіссөздердің қорытындылары туралы брифинг берді. Оның нәтижелерін айтпас бұрын біз Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы ынтымақтастықтың тарихына қысқаша тоқтала кетейік.
Қазір қазақстандық журналистер арасында “Брюссель Испанияның қаласы, ал Вена біздің қала” деген әзіл көп айтылатын болды. Өйткені, Испания төрағалық ететін Еуроодақтың әкімшілік және саяси орталығы Брюссельде, ал біз төрағалық ететін ЕҚЫҰ-ның штаб-пәтері Венада орналасқан. Қазақстанның Еуроодақпен қатынасының орнауы Президент Н.Назарбаевтың 1993 жылы Брюссельге жасаған ресми сапарынан басталған. Сол жолы Қазақстан мен ЕО арасындағы Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Одан бергі уақыттарда бұл Одақ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық үнемі даму үстінде болып, қатынастарды тереңдету бағытында бірнеше құжаттарға қол қойылды. Айта кетерлігі сол, Еуроодақ Қазақстанмен байланысын дамыта отырып, Орталық Азия елдерімен тұтаса ынтымақтасуды көздейтін мақсаты бар екенін білдірген. Осы мақсатпен Еуроодақ 2005 жылы Орталық Азия елдері бойынша Арнаулы өкілін де тағайындады. 2006 жылдың аяғынан бері осы қызметті Француз Республикасының өкілі Пьер Морель атқарып келеді.
Жақсы дамып келе жатқан саяси ынтымақтастықтың аясында сауда-экономикалық әріптестік те нығая түсуде. 2009 жылғы сыртқы сауда айналымы, әлемдік қаржылық дағдарысқа қарамай, 28,8 млрд. АҚШ долларын құрады. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның сыртқы сауда айналымының 40 пайызы Еуроодақ елдерінің үлесіне тиесілі.
Еуроодақтың Орталық Азия елдерінде іске асыратын бағдарламалары мен жобаларының тек соңғы жылдардағысы туралы ғана сөз қозғайтын болсақ, Еурокомиссияның “Орталық Азия елдеріндегі ғылыми-зерттеу және білім беру жүйесі” бастамасы ауыз толтырып айтарлық екенін атап өткен жөн. Бұл жобаның мақсаты, бір сөзбен айтқанда, аймақтағы елдер жоо-лары мен ғылыми-зерттеу орталықтарын Интернет жүйесіне жылдам қосуға саяды. Оны іске асыру үшін (2009-2011 жылдар) Еурокомиссия 5 млн. еуро бөліп отыр. Жобаның қалған 20 пайызын қаржыландыруға Орталық Азия елдері, ішінде Қазақстан да бар, ынталылық білдіруде. Ал Еуроодақтың Орталық Азиядағы жалпы стратегиясын (2007-2013 ж.ж.) іске асыру үшін 719 млн. еуро қарастырылған.
Сонымен бірге, Қазақстанның нарықтық экономикалы ел мәртебесін алу туралы ұсынысын Еурокомиссия үстіміздегі жылы (2010) қарап бермекші. Жалпы, Еуроодақ Қазақстанға сенімді энергетикалық әріптесі ретінде қарайды. Айта кететін болсақ, қазір Қазақстан ОПЕК елдерінен басқа мемлекеттер арасынан Еуропаға қуат көздерін сату бойынша Ресей мен Норвегиядан кейін үшінші орында тұр. Астана өзінің БСҰ-ға енуі бойынша да ЕО-мен жұмысты жалғастыруда. Сондай-ақ, қазақстандықтардың Еуроодақ елдеріне виза алу процедурасын жеңілдету жөнінде де консультациялармен алмасуда.
Енді жоғарыда айтылған Қанат Саудабаев пен Мигель Моратиностың кездесу қорытындылары бойынша журналистерге берген брифингіне тоқтала кетейік. Оны М.Моратинос ашып, кездесу қорытындыларына өзінің қанағатпен қарайтынын білдірді. Біз Қазақстанды Орталық Азиядағы стратегиямызды іске асырудағы негізгі әріптесіміз деп білеміз. Сонымен бірге, Қазақстан өзін Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыру бойынша нақты істің ойыншысы ретінде танытты. Осыған орай Еуроодақ атынан Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевқа Қырғызстандағы өте қиын кикілжіңдерді шешуге жұмсаған күш-жігерлері үшін алғысымды білдіремін. Еуроодақ бұл істе Қазақстанмен ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеді. Атап айтқанда, біз де өзіміздің өкіліміз Пьер Морель мырзаны Қырғызстанға жібердік. Мәселені реттеу бойынша біз Қанат Саудабаевпен телефон арқылы жиі хабарласып тұрдық. Бүгінгі кездесуде де біз Қырғызстандағы жағдайдың толық тұрақтылыққа жетпегенін ескеріп, осы ел бойынша жұмыстарымызды одан әрі тығыз ынтымақтастықта жалғастыруға келістік, деді М.Моратинос.
Одан әрі ол кездесуде қаралған екінші мәселе, ЕО-ның барлық мүшелерінен Қазақстанмен арадағы ынтымақтастық пен әріптестікті одан әрі жалғастыру жөніндегі келісімге қол қоюға мандат алу туралы болғанын айтты. Біз Испанияның төрағалығы аяқталғанша (2010 жылдың 1 шілдесі) ондай мандаттың алынатынынан үміттіміз, деді ол. Кездесуде қаралған үшінші мәселе, Қазақстан азаматтары үшін ЕО елдеріне енудегі визаның жеңілдетілген режімі қолданылуын сұраған Астананың өтініші болғанын айтқан М.Моратинос өзінің ойынша бұл мәселенің де еш қиындықсыз шешілетінінен үмітті екенін жеткізді. Сөзінің соңында Қазақстанда ЕҚЫҰ-ның жоғарғы деңгейдегі саммитін өткізу мәселесі туралы шілде айында Алматыда болатын СІМ бейресми саммитінде шешім қабылданатынына сенімді екенін мәлімдеді.
Қанат Саудабаев Қырғызстандағы оқиғалар халықаралық ұйымдардың тығыз ынтымақтастықта болуы қажеттілігін тағы да бір рет көрсетіп бергенін айта келіп, осы істе ЕҚЫҰ, ЕО және БҰҰ-ның тиімді ынтымақтастықта жұмыс істегенін атап өтті. Біздің дағдарыстан кейін екінші күні жіберген барлық өкілдеріміз дағдарысты еңсеру және реттеу бағытында біріккен күш-жігер жұмсай білді, дей келіп, М.Моратиносқа Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың дағдарысты еңсерудегі еңбегіне берген үлкен бағасы үшін алғысын жеткізді. Одан әрі кездесу барысында бұл елдегі жағдайды реттеп, құқықтық арнаға түсіру үшін әлі де күш біріктіруге келісілгендігі туралы айтты. Сонымен бірге, Испанияның ЕО-ға төрағалығы кезінде тиімді жұмыс істегенін атап өтіп, Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығын қолдағаны үшін алғысын білдірді. Сөзінің соңында ЕҚЫҰ саммитінің қажеттілігіне тоқталып, оның Ванкуверден Владивостокқа дейінгі кеңістікте тұрақтылық пен қауіпсіздіктің сақталуына сөзсіз ықпал ететінін айтты.
Брюссельде қазақстандық журналистерге бірқатар саясаткерлер, сала мамандары, сарапшылармен әңгімелесудің сәті түсті. Олардың бәрі де бірауыздан ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыру мәселесінде Қазақстанның биіктен табылғанын жоғары бағалайтынын жеткізді. Мәселен, ЕО-ның Оңтүстік Кавказ елдері бойынша өкілі Петер Семнеби Қазақстанның Қырғызстандағы әрекеттерін жоғары бағалай келіп, Кавказдағы кикілжіңдерге де батыл араласуына болатынын атап өтті. Өйткені, Қазақстан бұл елдердің бәрін де жақсы біледі, бәрімен де жақсы қарым-қатынаста, сонымен бірге, кикілжіңдерді реттеуде жеткілікті тәжірибесі бар. Сондай-ақ, Қазақстан мұндағы мүдделердің тепе-теңдігін сақтауға да жақсы көпір бола алар еді, деді ол.
Ал ЕО-ның Молдовадағы арнаулы өкілі Кальмен Межей де өз кезегінде Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Приднестровье кикілжіңін реттеуге батыл араласу құқы бар деп есептейтінін білдірді. Мұндағы кикілжіңдер басқалармен салыстырғанда, қиын да емес, сондықтан оны реттеуде Қазақстан үлкен ықпал ете алар еді, деді ол. Сондай-ақ, біз Еуропаның Халықаралық қатынастар институты директорының орынбасары Жак Липпермен, Францияның Халықаралық қатынастар институтының Брюссель офисінің басшысы Сюзенн Алеспен және т.б. әңгімелесіп, олардың бәрі де қазақстандық дипломатияның болашағына үлкен үмітпен қарайтынына көз жеткіздік.
Жақсыбай САМРАТ – Брюссельден.