Коронавирус • 16 Шілде, 2021

«Спутник Лайт» пен «Спутник V» вакциналарының айырмашылығы бар ма?

367 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова ОКҚ брифингінде Қазақстанда «Спутник Лайт» вакцинасы тіркелгенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Спутник Лайт» пен «Спутник V» вакциналарының айырмашылығы бар ма?

«Қазақстанда «Спутник Лайт» уақытша тіркелді. «Спутник Лайт» – бұл «Спутник V» сияқты вакцина, тек бір доза. Ол 80% тиімділігімен, иммунитеттің ұзақтығы 6 айға дейін сақталатынымен сипатталады. «Спутник Лайт» вакцинасын халықтың таңдауына байланысты қолдану жоспарлануда - вакцинаның екі компонентін алғысы келмейтін азаматтарға бұл вакцина жарамды», деді Айжан Есмағамбетова брифингте.

Оның айтуынша, аталған вакцина қажеттілік туындаған жағдайда қайта вакцинациялау үшін де пайдаланылуы мүмкін.

«Бүгін біз ревакцинация туралы айтпаймыз. Бірақ қандай да бір жаңа деректер пайда болса, ревакцинация жүргізу қажеттігі туралы зерттеу оң нәтиже берсе, «Спутник Лайт» ревакцинация үшін де пайдаланылуы ықтимал», деді Айжан Есмағамбетова.

Еске сала кетсек, кеше Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда ресейлік «Спутник Лайт» вакцинасы тіркелгенін мәлімдеген.