Аймақтар • 16 Шілде, 2021

Жамбыл облысында ұлттық сусындардың фестивалі өтті

199 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Жамбыл облысының Байзақ ауданында «Қымыз fest, шұбат fest» тақырыбында ұлттық сусындардың этнофестивалі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жамбыл облысында ұлттық сусындардың фестивалі өтті

Аталған шараға аудандағы Суханбаев, Бурыл, Қостөбе, Түймекент бастаған барлығы 7 ауылдың қыз-келіншектері қатысып, өздері ашытқан қымыз өнімдерін көпшілікке ұсынды. Фестивальге келген ауыл тұрғындары арнайы тігілген киіз үйден ұлттық сусын мен тағамнан дәм татты. Темірбек ауылында тұратын түйеші Рая Читанова баптаған шұбатқа жұртшылық алғыс білдірді.

Ал, Қостөбе ауылдық округінен келген қолөнер шеберлері Бибігүл Шуақбай мен Базаркүл Ысқақовалар тіккен жастық, көрпеше, сөмкелер, құрақ көрпе және қоржын түрлері мен қыз балаларға арналған ұлттық киімдеріне қызығушылардың қатары қалың болды.

Ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында өткен шара барысында қымыз ішуден жарыс болып, арқан тарту, асық ату, ләңгі тебу сияқты ұлттық ойындар да ұйымдастырылды. Қазылар алқасының төрағасы, ақын Қасқырбай Нарбатыр фестивальдің маңыздылығына тоқталып, жеңімпаздарға Алғыс хат пен сыйлықтар табыстады.