Экономика • 18 Шілде, 2021

Кедейлік өлшемі

2565 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Өткен жылдан бері кедейлік тақырыбы трендке айналып, әлемдік ұйымдар жекелеген елдерде тұратын кедей адамдардың санын түгендей бастады. Осы жылдың алғашқы тоқсанында Дүниежүзілік банк  Қазақстандағы кедейлік шамамен үш есе өскені туралы мәлімет берді. Деректерді сөйлетсек, 2016 жылы  6% болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 14%-ға жетіпті.

Кедейлік өлшемі

Кедейлік деңгейін есептеу кезінде біз ең төменгі күнкөріс шегіне сүйенетініміз белгілі. Статистика бюросының дере­гінше, 2020 жылдың 4-тоқсаны бойын­ша табысы ең төменгі күнкөрістің дең­гейінен төмен азаматтар саны – 858 454 болса, 2019 жылдың осы тоқсанында
465 594 адам болған. 2019 жылдың 4-тоқ­санынан, 2020 жылдың 4-тоқсанына дейін елдегі кедей азаматтардың саны 46%-ға өскен. Factcheck.kz дерегі 2020 жыл­дың 3-тоқсанында елдегі күнкөріс деңгейі төмен азаматтардың саны 1 065 179 (5,7%) болса, 2019 жылдың дәл осы уақы­тында 843 042 (4,5%) болғанын айтады. 2019 жылдың 3-тоқсанынан 2020 жылдың 3-тоқсанына дейінгі аралық­та кедейлер саны 21%-ға өскен.

«Кедейшіліктің себептерін дұрыс бағалау және түсіну тиімді шешімдер қабылдауға және әлеуметтік шиеленісті төмендетуге көмектеседі» деген пікір осыған дейін де басым болып келген болатын. Мысалы, Дүниежүзілік банктің талдауы көрсеткендей, біздің елдегі кедейлер тобында көпбалалы отбасылар көп. «Әлеуметтік төлемдерді талдай отырып, біз балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы жүйесі ең тиімді деген қорытындыға келе аламыз. Оны жүзеге асыруға бөлінген әр теңге үшін кедейлік шегіндегі алшақтық 0,605 теңгеге азаяды», дейді ДБ сарапшылары.

Пандемияға дейінгі жұмыссыздық пен кедейлік

Байқап отырғанымыздай, экономикасын әртараптан­дырмаған һәм шикізатқа тәуелді ел үшін жеке­леген азаматтарымызды кедей­лік­пен бетпе-бет қалдырмаудың бірден-бір жолы – әлеуметтік төлемдердің қажет­ті тетіктерге дұрыс бөлінуін қа­да­ғалау.

2020 жылы 12 наурызда Үкімет және республикалық жұмыс беруші­лер мен жұмысшылар арасында 2021-2023 жылдарға арналған бас келі­сім­ге қол қойылды. Үкіметтің ұстаны­мын­да­ғы көңілге үміт беретін жылы­мық – әлеуметтік салаға бөлінетін шығын­дардың өсімін әлемдік эконо­миканың ыңғайына қарай реттейміз деген уәдесі. Осыған байланысты күнкөріс деңгейі де әр тоқсан сайын бағаның беталысына қарай бейімделіп, өзгертіліп, күнкөріс себетіне бөлінген қаржы өсіп отырады. Үкімет бұл шешімді қабылдау арқылы елі­міздегі кедейлік факторын ішінара бол­са да мойындап, кедейді кедей деп тану­дың кезі жеткенін түсінді.

Ұлттық статистика бюросының мамыр айындағы мәліметтері бойынша, біз­дің елде еңбекке қабілетті ер адамдар үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі
41 560 теңгені, әйелдер үшін 33 004 теңгені құрады. 14-17 жастағы ер балаларға – 44 133 теңге, қыздарға – 33 817 теңге. 14 жас­қа дейінгі балалардың күнкөріс деңгейі 28 163 теңгеге, қарттар мен зей­нет­кер­лер­­дің кедейлік деңгейі 32 712 теңгеге көбейді.

2021 жылдың сәуірінде Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 34 971 теңгені құрады, бұл жыл басымен салыстырғанда 5,5%-ға артық. Демек, жан басына шақ­қандағы бір айлық кіріс көзі осы деңгейден төмен азаматтардың бәрі – кедейлер санатында.

Өңірлер бойынша ең қымбат аймақ – Маңғыстауда кедейлердің қатарынан орын алып қалмау үшін 40 017 теңге кіріс керек, бұл жыл басындағыдан 3,5%-ға артық. Нұр-Сұлтанда ең төменгі күнкөріс 39 058 теңгені (+6,2%) құрады, Алматыда – 37 122 теңге (+3,7%), Шығыс Қазақстан облысында – 35 313 теңге (+5,4%), Алматы облысында – 35 048 теңге (+4) %) және Павлодар – 34 501 теңге (+13,2%) және Ақмола қаласында – 34 211 теңге (+4,5%). Ең төменгі күн­көріс деңгейі Ақтөбе облысында – 31 678 теңге (+6,4%), БҚО-да – 31 913 теңге (+6,3%), Жамбыл облысында – 32 713 теңге (+7,7%) және Шымкентте – 32 749 теңге (+6,5%).

Елдегі кедейлік деңгейін осы форму­лаға салсақ, жан басына есептегендегі табы­­сы жоғарыдағы көрсеткіштерге жет­пей­тін азаматтардың бәрі – кедей, олар­­ды санатқа алар болсақ, елдегі кедей­лер саны 2 млн азаматқа жақындап қалады.

Бірқатар сарапшы біздің елде пан­демияға дейін жұмыссыздық пен ке­дейліктің деңгейі туралы нақты тү­сініктің болмағанын айтады. Соның ішінде сарапшы Досым Сәтпаевтың айтқанына ден қойсақ, елдегі кедейлік деңгейі туралы көрсеткіш өзін өзі жұ­мыспен қамтамасыз еткендер деген мәртебемен бүркемеленіп келген. Осы атау үкіметке қағаз жүзіндегі «әдемі» есептерді дайындап, халықты сендіруге және өздері де сенуге жол аш­ты. БЖЗҚ реформасының нәтижесінде өзін өзі жұмыспен қамтамасыз еткен азамат­тардың табысы туралы көрсеткіштер сырт қалып келгені белгілі болды.

Салыстырып қарайтын болсақ, ЕО елдерінде күнкөріс себетінде 250 та­уар болса, біздің елде бұл 50 тауармен шектелген. Сарапшы Досым Сәтпаев нақтылап өткендей, әлемдік өлшемдегі 250 тауардың тым болмаса 150 тауары қолжетімді болу үшін біздің елдегі ең төменгі жалақы 42 500 теңге емес, 140-150 мың теңгеге көтеріліп, тек азық-түлік қана емес, емделуге жұмсалатын шығындар да кіруі тиіс. Себебі мемлекет экономикадағы үлесін азайту ар­қылы әлеуметтік бағытқа емес, нарық­тық заңдарға басымдық беретінін байқатты. Бұл процесс тереңдеген са­йын мемлекеттің жауапкершілігі аза­йып, адамның өз мүм­кіндігіне, таратып айтқанда, қалта­сының қалыңдығына басымдық бері­леді. Енді алдағы бес-алты жылда сақ­тандыру қорларында салымы жоқ аза­маттардың ем алу құқы да шектеліп қалуы мүмкін. «Кедейлікті жойған бір­де-бір мемлекет жоқ. Бірақ азаматтары ал­дындағы жауапкершіліктен жалтарған ел де жоқ. Бұл мәселе күнкөріс себетіне бөлін­ген қаржы арқылы шешіліп келді. Халықаралық рейтинг үшін Дүниежүзілік банк жыл сайын кедейлік шегін сатып алу қабілетінің паритеті тұрғысынан бағалайды. Қазақстан, Ресей сияқты табысы орта деңгейден төмен елдерде кедейлік шегі күніне 5,5 долларды құрауы тиіс. Ресейдегі жан басына шаққандағы күнкөрістің ең төменгі деңгейі 11 653 рубльді құрайды, еңбекке қабілетті халық үшін – 12 702 рубль, балалар үшін – 11 303 рубль, зейнеткерлер үшін – 10 022 рубль» дейді Д.Сәтпаев.

Жыл басында Парламент Мәжілісінің бір топ депутаттары Премьер-Министр Асқар Маминге ел ішіндегі кедей­лік проблемасын ауыздықтау жө­нінде депутаттық сауал жолдаған. Онда Қазақстанда күн­көріс деңгейі төмен аза­маттардың саны 1 млн 65 мың адамнан асқаны айтылған.

Үкімет бұл ретте қам-қарекетсіз деу­ге дәтіміз бармайды. Осы жылдың
1 сәуі­ріне дейінгі мәліметтерде 135,7 мың отба­сындағы 683,4 мың адамға атаулы әлеу­меттік көмек (АӘК) тағайындалып, бюд­жеттен 122,8 млрд теңге бөлініпті. Жыл­дың алғашқы тоқсанында АӘК алушылар қатарындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 162,4 мың бала азық-түлік және тұрмыстық химия топтамасы түріндегі әлеуметтік көмек жиынтығын алыпты.

Қаңтар айында Парламентте кедейлік тақырыбын ашып айтқан мәжіліс депутаты Ерлан Саиров бізбен әңгімесінде кедей­лік мәселесіне кешенді түрде шешу қажет­тігін ескертті. Депутаттың пікірін нақ­тыласақ, кедейлік – мемлекетке кор­ро­зияға ұшырататын басты фактордың бірі.

Кедейлік пен жоқшылықтың арасы біртұтам

Сарапшылар «кедейлік деңгейін анықтағанда тек кірісті ғана емес, сонымен бірге адамдардың білім алуға, денсаулық сақтауға және бос уақытты өткізуге жұмсаған қаражатын да ескеру қажет» деген пікірді осыған дейін де айтып келген. Жұмысы, ресми айлығы болса да айлық табысы медициналық қызметтің көмегіне жүгіну, демалу немесе бос уақыт сияқты негізгі қажет­ті­лік­терін қанағаттандыру мүмкін­дігі жоқ азаматтар жетеді. Кедейлік пен жоқшы­лықтың арасы алыс емес. Мұндай топты қандай сегментке жатқызу туралы мәселе әлі күнге дейін көтерілген емес. «Бүгінде еліміздегі кедейлер саны 2 млн-нан асқан. Бұл – өте қатерлі құбылыс» дейді депутат Е.Саиров.

EXANTE сараптамалық компа­ниясының талдаушысы Андрей Чебо­таревтың айтқанына ден қойсақ, Аф­рика, Азиядағы кейбір елдермен салыс­тырғанда, Қазақстан – кедейлік дең­гейін тамырландырып алмаған ел. Са­рап­шы нақтылап өткендей, біздің ел әлеу­меттік бағытқа басымдық берген ел болғандықтан, ел бюджетінің 42%-ы әлеу­меттік төлемдерге жұмсалады. Сон­дай-ақ тұрғын үй секторында несие пайы­зын мемлекет есебінен субсидияланады.

Әлемде әлеуметтік жәрдемақы ар­қылы кедейлікті түп-тамырымен жой­ған мемлекет жоқ. Мемлекеттің жетіс­тігі байлардың санымен емес, кедейлер­дің санымен, әлеуметтік теңсіздік дең­гейімен анықталатынын айтып өткен сарап­шы жағдай бақылаудан шығып кетсе, елдің дамуына кедергі келтіріп, попу­листердің тіршілік ету ортасы жә­не әлеу­меттік базасына айналатынын айт­ты. Себебі кедейлік адамның табы­сы ең төменгі қажеттіліктерін қанағат­тан­дыруға жеткіліксіз болған жағдайда бақы­лаудан шығып кететін көрінеді. Экономика заңдылығы бойынша, ішкі жалпы өсім, экономика өсімі халықтың табысына әсер етуі тиіс.

Біздегі жағдай керісінше. Эконо­микалық өсімнің халықтың табысына әсері аздау. Себебі ІЖӨ-де қайта өң­деу саласының үлесі аз болғандықтан халық­тың табысы импорттық тауарларды сатып алуға жұмсалады. Ал бізде қарапайым тілмен айтқанда, ішкиімнен бас­тап үстіміздегі құндыз тонымызға дейін – импорт. Білікті мамандар қайта өңдеу саласында ғана іріктеліп шығатынын айтқан сарапшы дәл қазір кәсіби біліктілікті сыннан өт­керетін орта қалыптаспағанын да ескертіп өтті. Әлем тарихында әлеу­меттік жәрдемақының көмегімен кедей­ліктің шырмауынан шыққан ел жоқ екенін еске салған сарапшы тіпті алпауыт елдердің де күнкөріс себеті тек қана аштан өлтірмеуге ғана бағытталғанын ес­кертті. Тіршіліктің осы формасына мойын­сұнғандар ғана жәрдемақыға иек артып, бар мен жоқтың арасында өмір сүруге көнсе, мойынсұнбағандары қосымша кіріс көзін іздеп, тірлігінің күре тамырына қан жүгіртуге жанталасады. «Халықтың кәсіби біліктілігін, білімін және табысын көтеру арқылы ғана кедейліктің ықпалын әлсіретуге болады. Себебі кәсіби білікті маман тек өзінің мүмкіндігіне ғана сенеді. Біздің елде де қаржыны әлеуметтік көмек деп оңды-солды таратумен кедейлікті жеңе алмаймыз. ІЖӨ-нің кұре тамырына қан жүгіртетін фактор – халық табысының артуы. Біз бұған тек кәсіби біліктілікті көтерумен ғана жете аламыз. Мен дәл осы бағытқа балама болатын жол көріп тұрған жоқпын», дейді А.Чеботарев.

БҒМ Ғылым комитеті Экономика инс­титутының Замануи зерттеу әдіс­тері бөлімінің меңгерушісі Айсұлу Мол­дабекова әлеуметтік төлемдер мәсе­лесіне келгенде «қолұшын бер» деп тек мемлекетке ғана телміріп отыру дұрыс емес екені ішінара болса да мойындала бастағанын ескертті. Нарық заңы бойынша айналымда ақша массасы көбейген сайын инфляцияның да «дене қызуы көтеріле беретіні» белгілі. «Енді қайтпек керек?» деген сауалға сарапшылардың жауабы дайын. Азия елдері, оның ішінде Сингапур мен Жапонияда тұрмысы төмен отбасыларды әлеуметтік қорлардың қаржысы арқылы бизнеске тарту тәжі­рибесі 2008 жылдардан тәжірибеге енген. Жағдайының төмен екенін дәлелдеген азамат сол қордың атына тіркеліп, ең төменгі несиемен бизнесін бастауға мүмкіндік алады. Малайзия, Финляндия, Германия тәрізді елдерде 1% үстемеақымен жағ­дайы төмен отбасыларға көпжылдық несие беру жүйесі қалыптасқан.

Осы ретте сарапшы 1980 жылдары АҚШ билігіне келген Дональд Рейган екі жарлығымен елді дағдарыстан алып шыққанын еске түсірді. Алғашқысы – ауқатты адамдарға салықты азайту, кедейлердің салығын көбейту. Оның теледидар арқылы «Кедейлік бізге тиімді емес» деген пікірінің қанатты сөзге ай­налғанын сарапшылар беріге дейін айтып жүрді. «Бизнесті қаржыландыру жай­­лы сөз болса, микроқаржы ұйым­дары немесе квазисектор еске түседі. Олардың несиелік пайызын ауылдағы көп ағайынның қал­тасына қатты тиеді. Қазақстандағы қоғамдық қорлардың мүмкіндігін осы ба­ғытқа жұмылдыру керек. Бізде қор жұмы­сының ашықты­ғы жайлы мәліметтер олардың қайырым­дылық шараларымен ғана шектеледі. Қордың бағыт-бағдарын нарық заң­дарымен интеграциялайтын кез келді. Ауылда 1-2 млн теңгемен көрпе, киім тігетін цех тәрізді кішігірім кәсіп көзін ашуға болады. Бұл қор үшін көп қаржы емес», дейді Айсұлу Молдабекова.

Кедейлік мәселесін шешуді ауылдан бастау керек

«Болмасаң да ұқсап бақ» деген сөзді еске түсірген А.Молдабекова біздің елде де кедейлік тиімді емес деген тү­сінікті жалпыхалықтық ұстанымға ай­налдыру қажеттігін қаперге салып өтті. Сарапшы нақтылап өткендей, ауылда, көпбалалы отба­сыларда кедейлік дең­гейі жоғары. Ауыл үшін кедейлік фак­торы қатерлі ғана емес, тұрақты құбылысқа айналып барады. Сол себепті мемлекет көлеміндегі кедейлікті шешу мәселесін ауылдан бас­тап, қажет болса, оны нақты бағдарлама шеңберінде жүзеге асыруымыз керек. Біздің елде кедейлік шеңберіне шырмалып қалған отбасылардың 97%-ы ауылда тұрады және көпбалалы отбасылар екен. Ауылда жұмыс орны аз және ресми жалақы жоқ. «Ауылда әрбір шаңырақта кем дегенде 7-8 бала бар. Ата-анасы, ата-әжесі, келіні, немерелерімен қоса есептегенде жиынтығы он адамнан асып кетеді. Біздегі кедейлік себеті орта есеппен 34 мың дейміз. Ауылда отбасылық табысы 340 мыңнан асатын отбасыны табу өте сирек. Ресми статистиканың өлшеміне сүйенсек, 340 мыңнан төмен табысы бар сол отбасының өзі – кедей. Демек, біздің елде де кедейлікті жалпылама фактор деп қарамай, оған кешенді түрде қарау керек. Кедейліктің әлемдік өлшемі емес, Қазақстанда белгіленген өлшемімен қарайтын болсақ, сол отбасы мүшелерінің бәрі кедей. Себебі көпбалалы отбасы мүшелерінің кем дегенде 60 пайызы кә­мелеттік жасқа жетпегендіктен оларда жұмыс істеп табыс табу мүмкіндігі жоқ», деп атап өтті А.Молдабекова.

Осы ретте сарапшы айтып өткендей, күнкөріс себеті, әлеуметтік жәрдем не­месе квазисектордың арзан несиесі ар­қылы халықты кедейлік шырмауынан шы­ғару қиын. «Кезінде АҚШ тәрізді алпауыт елді тығырықтан алып шыққан антикедейлік ұстанымы бізге де жат емес. Біздің қоғамдық саны осы қағиданы елдің дамуына жол ашатын фактор деп қарамайынша, жағдай түзелмейді» деп сөзін түйіндеген сарапшы әлеуметтік жәрдемақының көлемін ұлғайту немесе түрлерін көбейту қазіргідей дағдарыс заманында аса тиімді тәсіл емес деген пікірге басымдық беріп өтті. Себебі көп­теген отағасы «аштан өлтірмейді» деп болмашы қаржыға байланып, қосымша кіріс көзін іздемейтіні осыған дейін де талай рет байқалған. «Халықты кедейлік деңгейінен құтқаратын фактор – олардың номиналды кіріс көзін көбейту, жұ­мыспен қамту. Біздің елде кедейлік факторын асқындырып отырған фактор – жұмыссыздық» деп атап өтті сарапшы.

Осы ретте сарапшы нақтылап өткендей, Қазақстандағы кедейлік факторының ықпалын әлсіретуге екі жақ та ынталы болуы тиіс. Жаңа экономикалық сая­сат жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталмаса, жағдай өзгермейді. Барлық аймақтан өндіріс ошақтарын ашу мүмкін еместігін қаперге салып өткен сарапшы күнделікті тұрмысқа қажетті тауарлар дайындайтын шағын цехтар, тіпті сұлулық салондары, тіл үйрететін курстар ашу көп қаржыны талап етпейтінін де қаперге салып өтті. «Жоғарыда айтып өткендей, екі жақ та ынталы болуы керек» дегенге ерекше басымдық бергім келеді. Себебі «әлеуметтік жоба ашамын деп алған субсидия немесе пайызы төмен несиені басқа мақсатқа қолданып кеткен отбасыларды білемін. Сол себепті халық тұрмысын жақсартуға психологиялық жағынан да мүдделі болуы тиіс», деп сөзін түйіндеді сарапшы.

АЛМАТЫ