Руханият • 18 Шілде, 2021

Төр Алтай ақындары Тәуелсіздікті жырлады

717 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жұрт та жырға сусап қалыпты. Бұл күні қолдарына гүл шоқтарын ұстаған өскемендіктер «Төр Алтай жырлай­ды» атты поэзия фестиваліне асыққан. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған жыр фести­валіне жан-жақтан ақындар мен жазу­шылар жиналды.

Төр Алтай ақындары Тәуелсіздікті жырлады

Олардың қата­рында Қазақстан Республикасы Жазу­шылар одағының төрағасы Ұлық­бек Есдәулетов, биыл сексеннің сеңгіріне шыққан жазушы Кәдірбек Сегізбаев, жетпістің жел­кенін қолға алған қаламгер Әлібек Асқаров, ақындар Тыныштықбек Әбдікәкімов, Бауыр­жан Жақып, Дәулеткерей Кәп­ұлы және өңірімізден шыққан өзге де өлең жүйіріктері бар.

Бір күнге жоспарланған жыр фестивалін ақындар мен жазушылар Абай мен Жамбыл ескерткіштерінің алдына гүл шоқтарын қою рәсімімен бастады.

– Бүгінгі ұлы мереке құтты болсын! Ұлы деп тұрғанымның да өзіндік себебі бар. Тәуел­сіздіктің алғашқы жылдары Өске­меннен қазақ­тың руханиятын іздегенді қойып, өзімізді өзіміз әрең табатын едік. Сондықтан да бүгінгі басталып жатқан рухани тойымызды тәуелсіздіктің жемісі, ұлы той деп білген жөн. Жалпы, қазақ поэзиясын Абайсыз елестету мүмкін емес, сондықтан да жыр фестивалін Абайға тағзым жасаудан бастап тұрмыз, – деді Жазушылар одағы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры, жазушы Әлібек Қаңтарбаев.

Алдымен қазақ поэзиясының алыптарына құрмет көрсеткен жазушылар мен ақын­дар екіге бөлініп кітапханаларға бет бұрды. Ұлық­бек Есдеулетов бастап, жалынды жастар қостаған ақындар Пушкин атындағы облыстық кітапханада бас қосты. Қазақы дәстүрге сай дастарқан басына жайғасқан қаламгерлер сөз өнерінің бүгіні мен болашағы жайлы сүбелі әңгіме өрбітті.

– Абай мен Жамбылды Өскеменнің тө­ріндегі тас тұғырға қондырғанымызбен ұлт болып руханиятқа мойын бұра қоймаған едік. Біз осындай рухани шараға жеті жыл күтіп барып қол жеткізіп отырмыз. Аймақ басшылығы Шығыстың алтыны мен алтын адамын қазғанда алтындай әдебиетіне көңіл бөлмей ме деген іштей өкпе де бар болатын. Бүгін сол өкпе тарқап, үміт оты жанған тәрізді. Осы аралықта біраз жас қаламгерлердің өсіп жетілгенін көріп отырмыз. Жас қаламгерлерді біз осындай рухани шаралар аясында қатарға қосып келеміз, – деді Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетов.

Сондай-ақ ол «Абай әлемі» сериясы бойын­ша жыл сайын ақындар мен жазушылардың кітаптары жарық көріп келе жатқанын айтты. Жылы лебізді ақын Тыныштық Әбдікәкімов жалғап, руханияттағы жастардың өсе беруіне тілектестік білдірді.

– Соңғы кезде Қазақстан Жазушылар Ода­ғы көптеген істер атқарып жатыр. Біраз жастары-
мыз Одаққа мүше болып, қатарға ілесті. Өске­мен­де руханиятқа аздап болсын, көңіл бөлінді. Жал­пы қазақтың рухани астанасы Семей еді ғой. ­Мен қазір қайран қалам! Жыл сайын артқа кетіп барады. Руханиятымен қоса тыныс-тіршілігі­нің өзі төмен. Аягөздің деңгейіне түсіп кеттік. Бізге де біраз көңіл бөлінсе деп ойлаймын, – деп Семейдің сүрең тартып бара жатқанын тілге тиек етті Тыныштықбек Әбдікәкімов.

Ал Төлеген Жанғалиев жиындағы сөзін өлеңмен түйіндеді. Арнайы шақырылған өзге де қонақтар ойларын ортаға салып, рухани шараның жалғасын табуына тілектестік білдірді.

Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапха­нада бас қосқан жазушылар да талай-талай тарихты тарқатып, ескі күннің естеліктерімен бөлісті. Жиналған қауым қаламды қару еткен жазушылар тобы биыл сексеннің сеңгіріне шыққан Кәдірбек Сегізбаев пен жетпіске толған Әлібек Асқаров сында жазушылардың әңгімелерін тыңдады.

Осылайша, орамды ой, сүбелі сөз, сұлу жырмен сабақталған рухани шара поэзия фестивальімен жалғасын тапты. Мұнда об­лыстың жас ақындары жырдан шашу шашып, көрермен қошеметіне ие болды. Қошемет ғана емес, Мұратхан Кенжехан, Қызырбек Дүргінбай, Айзат Рақыш, Хасен Зәкәрия, Мұрат Тастаған, Жұмағазы Игісін, Бауыржан Игілік сынды қаламгерлерге Жазушылар одағының куәлігі табысталды.