Сенат пен облыстық мәслихаттар депутаттарының өзара іс-қимылын нығайтудың маңызы зор. Сенатор Дүйсенғазы Мусиннің Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының басшылығымен кездесуі барысында осы мәселе туралы айтылды. Сенат депутаты заң жобаларын сапалы пысықтау және жергілікті жерлердегі проблемаларды жүйелі шешу үшін бірлескен жұмыс қажет екенін атап өтті.
4-ші деңгейдегі бюджетті игеру және ауылдық аумақтарды дамыту мәселелері – солардың бірі. Бұл жөнінде Дүйсенғазы Мусин облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының қызметкерлерімен кездесу барысында әңгіме қозғады.
Сенатор сондай-ақ Риддер қаласында болып, онда ірі орман өртінен зардап шеккен тұрғындарға арналған үйлер құрылысының барысымен танысты. Ол құрылыс сапасын қамтамасыз етудің маңыздылығына мердігерлердің назарын аударды, сондай-ақ 32 тұрғын үйдің құрылысы жоғары қарқынмен жүріп жатқанын атап өтті. Депутат қаланың әлеуметтік маңызы бар нысандарының құрылыс алаңдарында да болды.
Дүйсенғазы Мусин қала әкімімен кездесу барысында Семей қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі мәселелерін талқылады. Депутат өңірдегі сапары барысында және халықпен кездесулері кезінде көтерілген барлық мәселе заң шығару қызметінде пайдаланылатынын айтты.
Сенат депутаты Сұлтан Дүйсембинов Алматы облысының Талдықорған қаласында болды. Ол көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысымен және қалалық орталық қазандықтың қайта жөнделу барысымен танысып, құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылау қажеттігіне жергілікті атқарушы органдардың назарын аударды.
Сұлтан Дүйсембинов сондай-ақ Еркін ауылындағы дәрігерлік амбулатория ұжымымен кездесті. Ол халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында қабылданған жаңа заңдар туралы айта келіп, коронавирус инфекциясының алдын алу шараларының маңыздылығына тоқталды.
«Коронавирус пандемиясымен күрес тақырыбын тосырқамай, вакциналау жүргізуге ерекше назар аударып, халыққа үнемі ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет», деді Сұлтан Дүйсембинов.
Сенат депутаттары Нариман Төреғалиев пен Ләззат Рысбекова Батыс Қазақстан облысындағы Сырым, Теректі және Бәйтерек аудандарының шаруа қожалықтарында болып, олардың басшыларымен және қызметкерлерімен кездесті.
Сенаторлар фермерлермен жүздесу кезінде жемшөп дайындау жұмыстарының барысын талқылады. Кездесу барысында жемшөп жинайтын техника бағасының өсуі мәселесі көтерілді. Депутаттар бұл мәселе ел басшылығының бақылауында екенін және сенаторлар өз тарапынан туындаған проблемаларды шешуге белсенді түрде жәрдемдесетінін айтты. Фермерлер сонымен қатар субсидиялар беру ережелері жиі өзгеріп отыратындығына да алаңдаушылық білдірді. Бұл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін қолайсыздықтар туғызады және өз қызметін жоспарлауға мүмкіндік бермейді. Депутаттар бұл мәселені Сенатта қарауға уәде берді.
Нариман Төреғалиев пен Ләззат Рысбекова Бөрлі және Шыңғырлау аудандарында да болды. Сенаторлар ауыл тұрғындарымен кездесу барысында оларға өткен сессия барысында қабылданған заңдардың негізгі ережелері туралы айтып берді. Депутаттар сондай-ақ жол, көппәтерлі үй және спорт кешені құрылыстарының барысымен танысты.
Депутаттардың өңірлерге сапары аясында сенаторлар Нұртөре Жүсіп пен Сұлтанбек Мәкежанов әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде болды. Депутаттар сапар барысында жоғары оқу орнының ғылыми-оқытушылық құрамымен және басшылығымен кездесіп, университеттің материалдық-техникалық базасымен танысты.
Нұртөре Жүсіп кездесу барысында өткен сессияда қабылданған, ел азаматтарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуға, білім мен ғылым саласын дамытуға бағытталған заңдар туралы педагогтерге айтып берді.
Сұлтанбек Мәкежанов жоғары оқу орындары мен жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында заң білімінің сапасын арттыру жөніндегі өз ұсыныстарын бөлісті.
Сенаторлар сондай-ақ қазіргі пандемия жағдайында өзекті мәселелерді уақтылы талдау, оқу орындарының ерекшеліктерін ескеретін неғұрлым оңтайлы шараларды қабылдау және білім беру жүйесіне қатысушылардың бәрін – оқушыларды, ата-аналарды, педагогтерді қолдау – білім беру саласының басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.