Алдымен бұл кезең білінер-білінбес болып басталып, шеңгелін салып, бойды тұтас орап, бұлқына алмайтын кезде барып, басымызды көтеріп, байыбына бара бастаймыз. Бірақ кеш болады. Оны түсіну үшін соңғы түсірілген бір-екі сапалы Голливуд фильмін көрсең жетіп жатыр, өнер мен мәдениеттегі ең соңғы жаңалық көріністері жарқ етіп алдыңнан өзі-ақ шығады. Мысалы, енді жүз жылдан кейін 2019 жылы не болғанын, қандай тарихи оқиғаларымен есте қалғанын арнайы үңілген зерттеуші мамандар, тарихшылар айтып бермесе, басқа ешкімнің есінде қалмасы анық. Ал 2020 жыл әлемдік пандемия мен жер шары халқының ұзақ уақыт бойы оқшауланып үйінде отырғаны және қамалып қалған кезінде оған әлеуметтік желілер айнымас серік болғаны туралы деректерді екінің бірі сайрап тұрып айтып беретініне бүгін бәс тігуге болады. Осы уақыт аралығында YouTube, Instagram, Faсebook бұрын-соңды болмаған белсенділікке ие болып, халықтың сұранысын туғызды. Онлайн өмір сүруді үйрене бастағандар Zoom, Houseparty секілді жаңа интернет қызметінің түрін пайдалана бастады. Бұл да ешнәрсе емес, 5-6 жастан жоғары контент-мейкердің бәрі TikTok желісіне үйірсектеп, үстіне қара құрым болып үймелеп алды. Барлық әлеуметтік медианың ішінде талассыз танымалдылық, топ жарған чемпион нақ осы желі болып шықты.
Мысалы, Zoom жұмыспен, білім алумен, алыстағы ағайын-туыспен қарым-қатынас жасауға ыңғайлы болса, TikTok жұмысы ән айтқан балалармен, билеген жасөспірімдермен, тіпті зейнеттегі әжелердің өнерімен жылдам жанданып, ойын-сауық алаңына айналып шыға келді. Бүгінде Faсebook-тағы мінсіз адамдар мен Instagram-дағы жұлдыздардың әлем-жәлем өмірі TikTok контентінің жанында жіп есе алмай қалды. Бұл белсенділіктің артуына экс-президент Дональд Трамптың Америка аумағында дәл осы желінің жұмысына тыйым саламын деген тепсінген мәлімдемесі қамшы болып тигені анық. Қоғамдағы түрлі көзқарастың болуына қарамастан Қытайдың бұл ауқымды жобасы сансыз қол жинаған WhatsApp, Instagram, Twitter желілерімен қатар бір сапқа келіп қосылып, қазір қысқа бейнероликтерімен бәсекеге қабілетті алаң екенін байқатып үлгерді.
Айтып өткеніміздей, TikTok-тың мақсаты – аудиторияға қуаныш-күлкі сыйлау. Бейнеролик алғашқы минутта-ақ адамды «сілейтіп» салуы керек. Сондықтан желі пайдаланушыларының комедияны өзінше түсініп, оны бір минут аясына сыйғызуы ақылға қонымды көрінеді. Тіпті ролик басталмай жатып не туралы болатынын бірден түсінетіндер бар. Боянып, сыланып-сипанып, әйелдің көйлегін киіп шыққан бозбалалардың ісінің дұрыс-бұрыстығына көзі жетпестен, екі езуін жия алмай, есі кететіндерге қарап не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. Бұл жақсы ма, жаман ба? Өмірінде қуанышы азайған, сирек күлетін адам жаны қалаған жылылықтың, сәуленің, күлкінің орнын арзан комедиямен толтыруы қауіпті құбылыс. Бірақ жалпыадамзат баласы экзистенциалды дағдарысты бастан кешіп, күлуге себеп азайған кезде, бұл қажеттілікті өтеуді осы қосымша мойнына алған сияқты. Интернеттегі бір минуттық күлкі тұтас комедия жанрының жүгін көтеріп отыр.
Бұл тұрғыда бойындағы қабілеті мен талантын көрсетуде болашақ жас киногерлер үшін TikTok таптырмас мүмкіндік алаңы болып тұр. Өйткені былтырдан бері киноөндіріс толықтай тоқтады, ал адам үнемі тұтынушы рөлінде болғандықтан, оған қажеттілік бәрібір туады. Сол себепті әр әлеуметтік желінің өз сериалдары таратыла бастады. Үлкен кино әлеміндегі үдеріс секілді, қысқа бейнекөріністердің дәуірі басталғалы бері мұның да бірінен-бірі өткен белсенді өкілдері пайда болып, қалыптасып, күреп қаражат тапқан олигархтарға айнала бастады.
TikTok-тың мәдениетті матап алғанының тағы бір көрінісі, бұл қосымшаны танымал поп-музыканттардың өзі пайдаланып жүр. Өйткені комедиялық скетчтің бәрі музыкамен көркемделеді.
Алдағы уақытта бұл желінің белсенділігі артпаса, бәсеңдемейтінін бәрі түсініп отыр.