Тәуелсіздік • 19 Шілде, 2021

«Қайырымды істер марафоны» жалғасып жатыр

362 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы жүзеге асып жатыр. Биыл «Қайырымды істер марафоны» аясында республикалық және қалалық деңгейде барлығы 953 іс-шара жос­парланып отырса, оның екеуі республикалық, 436-ы қалалық, 549-ы аудандық деңгейде өтеді.

«Қайырымды істер марафоны»  жалғасып жатыр

 Алматы қаласында өтетін іс-шаралар әр айдағы атаулы күндер мен мерекелерге арналады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференция­сында Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы бас­шы­сының орынбасары Ренат Бек­бергенов жыл басынан бері жүзеге асқан және алда жоспарланып отырған іс-шаралар барысына тоқталды. Мысалы, маусым айында Алматыда мемлекеттік рәміздер күніне, медицина қызметкерлері күніне және полиция күніне арналған 70-тен аса түрлі шара өткен. Сол іс-шаралар барысында тұрғын үй терезелеріне жалаулар қойылып, Ән­ұран бір мезгілде орындалған. Адамдар көп жиналатын аумақтарда Мемлекеттік ту таратылып, автокөліктер мен мотожарыстар өтсе, шілде айында астана күніне арналған онлайн және офлайн форматтағы іс-шаралар көпшілікті тәнті етті.

Сондай-ақ Р.Бекбергенов қа­лада жү­зеге асқан маңызды оқи­ғалар қатарында 25 өнер­кәсіптік және әлеуметтік-мәде­ни нысан пайдалануға беріл­генін, оның ішінде Қазақстан-Швейцария туризм және қо­нақүй бизнесі институты, Ads Industries фармзауыты, «Тер­рен­кур» жаяу жүргіншілер ай­мағы, жаңа балабақша мен мектептер ашылғанын атап өтті. Оның айтуынша, екінші жартыжылдықта қала әкімдігі «Қайырымды іс­тер марафоны» аясында 800-ден аса іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. Тамыз айының соңы мен қыркүйек айының басында ұстаздардың тамыз конференциясы мен Конституция күніне арналған ауқымды іс-шараларды өткізу жоспарланған. Сондай-ақ Алматыда «Тәуелсіздік жетіс­тіктері» тақырыбында бірың­ғай қалалық сынып сағаты мен ашық сабақтар өтіп, ағартушы-ғалым Ыбырай Алтынсаринге арналған ескерткіш пен 13 жаңа білім беру нысанын ашу жоспарлануда.

Жыл соңына дейін қала тұр­ғындарын көптеген қызықты оқиға күтіп тұр. Мысалы, қара­ша айында индустриялық-инновациялық және әлеуметтік нысандарды іске қосу, «Алматы – тәуелсіздіктің ал­тын бесігі» республикалық фо­румы және Creative jastar ин­новациялық жобалар байқауы сияқты іс-шаралар өтеді. Желтоқ­сан айында қалада Тұңғыш Пре­зидент күніне арналған шаралармен қатар «Тәуелсіздік шежіресі» тақырыптық көрмелері, ғылыми-практикалық конференциялар жоспарланған. Желтоқсан оқи­ғасының 35 жылдығына арналған атаулы күнге ерекше назар аударылып, атаулы күн қарсаңында қайырымдылық іс-шаралары өт­кізіліп, мұқтаж жандарға қажетті қолдау шаралары көрсетіледі.

«Қайырымды істер марафоны» рес­публикалық жобасы аясында 396 әртүрлі форматтағы іс-шара жүзеге асады. Жо­баның арқасында мұқтаж отбасыларға азық-түлік жиынтығы түрінде ма­те­риалдық қолдау көрсетіліп, тұрғын үйді жөндеуге мүмкіндік беріледі. Бүгінге дейін 22 мыңға жуық алматылыққа қолдау көр­се­тілген. Алматы кәсіпкерлері де «Қайырымды істер марафонына» белсене қатысуда. Осы жа­йында айтып өткен Алматы қаласы «Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі өкіл­дігі төрағасының орынбасары Дол­кун­тай Абдухалилдің мәліметі бойынша Metal Prom Group компаниялар тобы өткен жылы қайырымдылыққа 105 млн теңге жұмсап, жалпы алғанда, соңғы үш жылда мұқтаж жандарға 450 млн теңге көлемінде қайы­рымдылық көмек көрсеткен. Қала­дағы барлық кәсіпкер үшін қайы­рымдылық шарасы – әлеуметтік жауапкершіліктің басты көрінісі.

 

«Егемен-ақпарат»