Әлем • 19 Шілде, 2021

БҰҰ: Әлем халқы гуманитарлық көмекке мұқтаж

400 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Қауіпсіздік Кеңесінде гуманитарлық дағдарыстың қуатты толқыны жүріп жатқанын, бұл бірінші кезекте қарулы қақтығыстар болып жатқан аудандардағы бейбіт тұрғындарға әсер етіп отырғанын айтты. БҰҰ бас хатшысының бұл үндеуін бірінші орынбасары Амина Мұхаммед оқып берді, деп жазады Egemen.kz БҰҰ Жаңалықтар орталығы таратқан ақпаратқа сілтеме жасап. 

БҰҰ: Әлем халқы гуманитарлық көмекке мұқтаж

Гуманитарлық агенттіктердің алдында тұрған үлкен қиындықтар туралы айтқан БҰҰ басшысы Антониу Гутерриш  Гуманитарлық кеңістікті сақтау жөніндегі арнайы кеңесші қызметін құруға шешім қабылдады.

БҰҰ мәліметтері бойынша Ауғанстанда маусымның бір аптасында болған қарулы шабуылдардың салдарынан кем дегенде 24 бейбіт тұрғын, оның ішінде бес медициналық қызметкер қаза тапты. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында бейбіт тұрғындар арасында құрбан болғандардың саны бұл елде 29 пайызға өсті. Йеменде күн сайын орташа есеппен алғанда бес бейбіт тұрғын қаза болады немесе жарақат алады. Жиырма миллион йемендік гуманитарлық көмекке өте мұқтаж, ал бес миллион адам аштыққа тап болды. Эфиопияның Тиграй аймағында бейбіт тұрғындарды өлім жазасына кесу, заңсыз тұтқындау және ұстау, балаларға жыныстық зорлық-зомбылық көрсету және бейбіт тұрғындарды жаппай мәжбүрлі түрде қоныс аудару туралы есептер бар.

Бас хатшы Қауіпсіздік Кеңесін бейбіт тұрғындарды, гуманитарлық және медициналық қызметкерлерді және жалпы гуманитарлық кеңістікті қорғау туралы көптеген қарарларды қолдау үшін «шешімді және шұғыл шаралар қабылдауға» шақырды.

«Біздің гуманитарлық агенттіктер көбінесе үкіметтермен немесе олардың жұмысына кедергі келтіретін және қандай да бір көмектен толықтай бас тартатын қақтығысушы тараптармен келіссөздер жүргізуге мәжбүр», дейді БҰҰ Бас хатшысы. 

БҰҰ басшысы халықаралық қауымдастықты гуманитарлық қызметкерлерге және гуманитарлық ұйымдардың меншігіне шабуылдарды тоқтату, халықаралық гуманитарлық заңдарды құрметтеуді қамтамасыз ету және БҰҰ қарарларын бұзушыларды бейбіт тұрғындарды, медициналық және гуманитарлық персоналдарды қорғау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға шақырды.

Осыған байланысты ол бес негізгі іс-қимыл бағытын ұсынды.

Біріншіден, Антониу Гутерриштің айтуынша, қолданыстағы құралдарды халықаралық гуманитарлық құқыққа үлкен құрметке қол жеткізуге мүмкіндік беретін барлық тәсілдермен нығайту керек.

«Бұл құралдарды жүйелі түрде қолданған кезде біз нәтиже көреміз. Біз ұлттық қарулы күштерді даярлау, ұлттық саясаттың негіздерін дамыту және қажет болған жағдайда дипломатиялық қысым жасау туралы айтып отырмыз. Қауіпсіздік Кеңесі басқа шара қалмаған кезде санкциялар қолдану құқығын өзіне қалдырады», деді БҰҰ басшысы өз сөзінде.

Егер жекелеген елдердің билігі әрекет ете алмайтын немесе істегісі келмейтін болса, барлық қолжетімді тетіктерді халықаралық қауымдастық, оның ішінде Қауіпсіздік Кеңесі қолдануы керек.

Екіншіден, Антониу Гутерриш болашақта гуманитарлық қызметкерлерге шабуыл жасаудың алдын алу үшін өткен оқиғаларды тексеріп, кінәлілерді жауапқа тарту керек деп атап өтті. Үшіншіден, Антониу Гутерриш үкіметтер гуманитарлық ұйымдарға жанжалдың барлық тараптарымен, оның ішінде мемлекеттік емес қарулы топтармен байланыс орнатуға көмектесуі керек деп санайды. Төртіншіден, Гутерриштің пікірінше, терроризмге қарсы іс-қимыл шаралары гуманитарлық кеңістікті сақтау, терроризмге қарсы іс-қимылдардың гуманитарлық операцияларға әсерін барынша азайту және гуманитарлық, медициналық персоналдың өз жұмыстарын орындағаны үшін жазаланбауын қамтамасыз ету туралы нақты нұсқаулықтарды қамтуы керек.

БҰҰ-ға мүше елдер денсаулық сақтау мекемелері мен мектептерін толықтай қорғау үшін әскери саясатын қайта қарауы керек.

«Бесіншіден, Қауіпсіздік Кеңесі мектептер мен ауруханаларға шабуылдардың тез арада тоқтатылуын қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ осы нысандар мен олардың қызметкерлерін қорғау үшін өз ықпалын қолдануы керек», деді БҰҰ басшысы.

COVID-19 пандемиясының салдарынан болған денсаулыққа қатысты бұрын-соңды болмаған төтенше жағдай денсаулық сақтау мекемелері мен қызметкерлерін қорғауды бұрынғыдан да маңызды етеді.  

«БҰҰ-ға мүше елдер медициналық мекемелер мен мектептердің қорғалуын толық қамтамасыз ету үшін өздерінің әскери саясатын қайта қарауы керек. Біз бұл нысандарды әскери мақсатта пайдалануды толығымен алып тастауымыз керекк», деді БҰҰ Бас хатшысы.

Сайып келгенде, Антониу Гутериш атап өткендей, БҰҰ-ның гуманитарлық кеңістікті қорғаудағы жұмыстарының көбін жердегі гуманитарлық қызметкерлер жүзеге асырады.

«Халықаралық қауымдастық оларға осы күрделі және қауіпті жұмыста жан-жақты қолдау көрсетуге міндетті», деп қорытындылады БҰҰ Бас хатшысы.