10 Қаңтар, 2014

Асылдың сынығы

219 рет көрсетілді

Жолдың қашықтығына қарамастан, қиян шеттегі ауылға тез-ақ жеттік. Кейуанаға көптен бері жолығуды ниет етсек те, сәті түспей жүрген. Бұл жолғы сапарымыз оңынан оңғарылды. «Іздегенге – сұраған». Алыс жолдан оралған беті екен. Тіпті, бел жазып та үлгермеген. Іссапар алдында апайдың үлкен ұлы Дауылбаймен хабарласқанымызда: «Анамыз 10 құрсақ көтерген. Олардан 7-уі аман. Ініміз Бүркіт екі мүшелінде жол апатынан қайтыс болып, артында Алтын атты алтын асықтай қызы қалған. Ардақты немересін өз қолыммен ұзатамын деп Түмен жаққа жолаушылап кеткен. Өзіміз де елегізіп тосып отырмыз. Бүгін келетін күні. Анамыз уәдеге берік», деген соң аттың басын әдейілеп бұрғанбыз. Әжей жайлы жан жадыратар жылы сөздерді сырттай естіп, әсіресе, суырыпсалма ақындық өнері мен шежіреге шешендігіне жақсы қаныққанбыз. «Жақсыда жаттық жоқ» деген. Әдемі жүзін өрмекшінің торындай әрлі-берлі шырмаған әжім болмаса, 80-нің сеңгіріне жетті деу қиын. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді» дегеннің бір мысалын біз осылай кезіктірдік.

– Түп елім – Қостанай. Керейдің самайынан тараймыз. Шәйке деген кісінің қызымын. Әкем аумалы-төкпелі кезеңде «халық жауы» деген жаламен ұсталып кете барған. Бастапқыда аман шығып, екінші рет қамалған. Содан оралмаған. «Жау жағадан алғанда бөрі етектен» демекші, ағайынның көре алмаушылығы, іштарлығы әкемді кескен теректей сұлатып салған. Әкем ұсталғанда шешем 4 баламен аңырап қалған. Мен 3 жастамын, түр-түсі есімде жоқ. Еш сурет қалмаған.

– Дариға апа, шамасы, әкеңіз атқамінер болған ғой. Көбіне елдің бетке ұстар азаматтары итжеккенге айдалып, атылып кетті емес пе?

Әкем – бір кіндіктен тараған 9 ұл, 4 қыздың екіншісі. Бәрі де оқыған-тоқыған, еті тірі болған. 2-уі соғыстан оралмады. Қалғандары өмірдің шыжығын да, қызығын да көрді. Алды 90 жастан асты. Топырақтары торқа болсын! Әкем өкіметтің де, діннің де оқуын тауысқан. Құдай жолын қатты қадірлеген. Сүйегі Қостанайда қалды деп естиміз. Шешем түрмеге іздеп барса, «жоқ, өмірден өткен» деп шорт қайырған.

– Ресейге қалай өтіп жүрсіздер?

– Әкемнің жүзіктің көзінен өтетіндей пысық інісі Ахметқали бізге көп көмектесті. Қудалау-қуғындаудан аман алып қалу үшін бас сауғалап, іш жаққа алып өткен. Өзі құжатқа Алексей болып жазылып, өкіметтің малын бақты. Екі отбасын асырап-сақтады. Ол кездері арттан қуғын келе ме деген қауіп, секемнің әлі сейілмеген кезі. Інілері әкеме аманыңда қараңды батыр деген. Сонда сау басымды неге қашқын қыламын деп жұмысын атқарып отыра берген.

Алдымен Абат, одан әрі Сол­дат­ский деген жерге бардық. Ол жақта көп аялдамай кері орал­дық. Сөйтсек, қызыл кеңестің ұзын құрығынан жасырынып, із жасырған лажсыз амалдары екен. Сосын салып ұрып Түменге тарттық. Кейін Қостанайдың Ұзын­көлінде тұратын әкемнің інісі мал жинап, ферма ашып жатыр деген­ді естіп, ұбап-шұбап сонда бардық. Осылай әрлі-берлі сабылып, көшіп жүргенімізде бойжетіп қалғанымды да білмей қалыппын. Қарауылдың Шияп деген жігітіне ұзатты. Жалғызтау маңы ата-баба қонысы делінгенімен, Түменде туған көрінеді. Үркіншілік жылдары бұлар да ауа кеткен болса керек. Бір шаңырақ астында 55 жыл отастық. Ұл-қыз өсіріп, азамат қата­рына қостық. Топырақ ата-баба жұртынан бұйырса деген арманы қабыл болды. 2005 жылы Ресейден біржола қоныс аударып, тұрып жатқан жайым бар, қарағым!

– Ата-баба қонысына ертерек оралмадыңыздар ма?

– Қанша жерден жат жұрт десек те, екінші атамекенімізге айнал­ғанын несіне жасырайын. «Аштықта жеген құйқаның дәмі таңдайдан кетпес» демекші, заман­ның бұралаң-соқпағында пана болды. Содан орнығып қалдық. Әне-мінемен уақыт өте берді. Үйренісіп қал­ғаннан кейін қимайды екенсің. Қайынатамның, қайыненемнің, дүниеден өткен балаларымның зираты сонда. Ресейде 2 ұл, 1 қызым отбасыларымен қалды. Қалғандары Қазақстанда тұрады. Бірі Ақтөбеде, бірі Новоишимде дегендей. Үйдің тұңғышы Дауылбайым мен келінім Ләйләм қасымда, қолқанат. Екі шаңырақ деген аты ғана, әйтпесе, ырысымыз да, несібеміз де ортақ, бөлінген емес.

Сексеннің сеңгіріне келсем де, әлі күнге дейін шалымның ша­ңырағын шайқалтпай отырмын. Жарықтық бір кіндіктен жалғыз­дықтың зарын тарттым. Балалар үйленсе, еншісін беріп, бөлек отау етіп шығар. Одан жамандық көр­мейсің, деп отыратын. Екеуміз де жастайымыздан қара жұмысқа жегіліп өстік.

– Ел іші сіздің суырыпсалма айтыскерлік өнеріңіз бен шежіреге жүйріктігіңізге, имани, ұлттық салт-дәстүрлерді қатты ұстанатын қалпыңызға, кейінгілерге тәлім бо­ларлық үлгілі өнегелеріңізге тәнті.

– Еңбекке үйреніп қалған әдет қалмай келеді. Қазірдің өзінде азын-аулақ ұсақ мал ұстаймын. Құс өсіремін. Ұл-қыздарым бесік жырын тыңдап, ана әлдиімен өскендіктен, шүкіршілік, шетінен ибалы, тәрбиелі. Күйеу балаларым да, келіндерім де «апалап» құрақ ұшып тұрады. Қолымды жылы суға малып, немере-шөбере қызықтап отырмын. Қанша қиыншылықты бас­тан кешірсем де, еш өкінбеймін. «Барға – қанағат, жоққа салауат­ айтып үйреніп қалған біздің буын жалған дүниенің қадірін жақсы біледі. Жастар осы жағын ұмыт­паса екен деген тілегімді күнде қайталаймын. Еліміз тыныш, тұрмы­сымыз бақуатты болғай!

 Жер-дүние осындай рухы мықты аналардың әлдиімен тербетіліп, тіршілік нәріне бөленіп тұрғандай көрінеді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы,

Ғ.Мүсірепов ауданы,

Тоқсан би ауылы.

Суретті түсірген  Талғат ТӘНІБАЕВ.

Соңғы жаңалықтар

Жетім көрсең, жебей жүр

Аймақтар • Кеше

Ар алдында арылу

Руханият • Кеше

Кедей елдерге көмек

Экономика • Кеше

Ғасыр әжімі

Өнер • Кеше

Ұқсас жаңалықтар