06 Шілде, 2021

Елордада фотоқұжаттық көрме өтуде

164 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елорда күніне орай Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архиві Қазақстан Республикасы Президентінің архивімен бірлесіп ашық аспан астында «Нұр-Сұлтан - болашақтық қаласы» атты фотоқұжаттық көрме ашты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада фотоқұжаттық көрме өтуде

Көрмеге келушілер бас қаламыздың қалыптасуы мен дамуын көрсететін фотосуреттер мен мұрағат құжаттарын көре алады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме барлық қала тұрғыны мен қонағына еліміздің жаңа астанасын құру дәуіріне қызықты саяхат жасайды. Қызығы сол, ерекше ғимараттардың іргесі қалана бастаған сәттен бастап, бүгінгі күнге дейінгі керемет сәттері бейнеленген. Суреттерде «Бәйтерек» монументі, Мемлекет басшысының Ақордадағы резиденциясы, Бейбітшілік және Келісім сарайы, «Назарбаев орталығы», «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық кешені және басқа да көптеген сәулетті кешен берілген. Жаңа астананың негізін қалаушы һәм бас сәулетшісі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметіне ерекше назар аударылады.

Экспонаттарда елорданың өнеркәсіптік дамуы да көрініс тапты. Мәселен, фотосуреттердің бірінде Нұрсұлтан Назарбаев индустриалды парктің 2007 жылғы жобаларымен танысады.

Жалпы, экспозицияда 100-ден астам фотосурет пен мәтіндік материал бар. Олар елорда архивінен және Президент архивінен сүзіп алынды.

Маңызды тарихи құжаттардың қатарында Мемлекет басшысының 1997 жылы 20 қазандағы Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы Жарлығы мен басқа да жарлықтары бар.

Пандемияға байланысты соңғы оқиғалар да экспозицияда көрініс тапты. Ел Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Нұр-Сұлтан» модульдік инфекциялық ауруханасына барған суреті де көзге оттай басылады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының қатысуымен коронавируспен күреске үлес қосқан медицина қызметкерлеріне арналған «Алтын жүрек» мемориалының ашылуын бейнелейтін фотосурет те берілген.

Бұл фотолардың тарихи құнды естеліктер есебінде маңызды. Еліміздің бас қаласының даңқты тарихы жалғасуда.