Аймақтар • 19 Шілде, 2021

Жамбыл ауданында медициналық бұйымдарға қажетті шикізат өндіріледі

429 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылында орналасқан «Super Pharm» фармацевтикалық зауыты 650 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Аталған өндіріс орыны жылына 15 миллион дана бірреттік медициналық бұйымдар шығарады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жамбыл ауданында медициналық бұйымдарға қажетті шикізат өндіріледі

Жұмысын 2011 жылы 15 түрлі медициналық бұйымдарды өндіруден бастаған зауыт бүгінде 400-ге жуық фармацевтикалық заттарды елімізге де, көршілес мемлекеттерге де экспорттайды.

Зауытта тоқылмаған материалдан жасалған бірреттік стерильді емес «Нәрия» медициналық халаттары, хирургиялық киімдер жиынтығы, аса жұқпалы және инфекциялық аурулардан сақтануға арналған бетперделер мен шприцтер, сондай-ақ, системалық құралдар, спиртті салфеткалар мен бинт, лейкожапсырмалар, ота жасауға арналған құрал-жабдықтар жиынтығы өндіріледі.

Сондай-ақ, мұндағы жұмысшыларға да жағдай жасалған. Жұмысқа жаңадан орналасқан азаматтар техника тілін меңгеру үшін арнайы курстарды тегін оқып, кәсіпке үйренеді. Тағы бір айта кетерлігі, кәсіпорында балалар үйінен шыққан, тұрғын үйі жоқ жандарға зауыт ішінен салынған 100-ге жуық орындық жатақхана мен асхананың тегін қызметі көрсетіледі.

Аталған зауыттың жұмысымен Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев барып танысты. Бұл ретте «Super Pharm» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қайрат Қаймолдаев кәсіпорын осы күнге дейін медициналық бұйымдарды өндіру үшін шикізатты сырттан тасымалдап келген болса, енді сол шикізатты өндіру үшін зауыт аумағында үлкен корпустың жұмысы басталғанын айтты.

Келешекте зауыттың қуаттылығы артып, жұмыспен қамтылатын азаматтар қатары да артатын болады. Құрылыс жұмыстары мен қажетті құрылғыларды орнату үшін аталған серіктестік тарапынан 1,7 миллиард теңге жұмсалыпты. Енді шикізат өндіретін корпустың құрылысы келесі жылдың мамыр айында толық аяқталып, 100-ге жуық адамды жұмыспен қамтитын болады. Сондай-ақ, бұл корпуста мұнай қалдықтарынан ауылшаруашылық, жол жасау, құрылыс заттарынына да қажетті шикізат өндіріледі.

 

Жамбыл облысы