10 Қаңтар, 2014

Өтімді өнім

440 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Сауда орындарынан «КЭММИ-дің»  өнімдерін сатып алған кезде немесе дастарқан басында тамақтанып отырып біз ылғи да «Нан жайып, кеспе кесуге уақытың жетпей асыққанда немесе жалпы жұмысбасты әйелдерге жақсы. Сонда бұл жайма жұқа нан, кеспелерді  кім жасайды екен өзі?» деп  ойлап жүретінбіз. Сөйтіп, кәсіпорынның бас директоры Андрей Кригермен  кездестік. Тағы да бір алыс іссапардан келіп отырған беті екен. Бізді жылышырайлы, жарқын көңілді, бұрыннан білетін адамдай қарсы алды.

– Біз отбасымыз, әке-шешем бәріміз Германия жаққа көшіп кетсек те, осы елдің, осы жердің тумасы, ауылда өскен жергілікті неміс ұлтының өкілдеріміз ғой. Облыстағы Шарбақты ауданының Орловка ауылында қазақтар арасында, қарапайым отбасында өстік, – дейді Андрей Кригер.

Сауда орындарынан «КЭММИ-дің»  өнімдерін сатып алған кезде немесе дастарқан басында тамақтанып отырып біз ылғи да «Нан жайып, кеспе кесуге уақытың жетпей асыққанда немесе жалпы жұмысбасты әйелдерге жақсы. Сонда бұл жайма жұқа нан, кеспелерді  кім жасайды екен өзі?» деп  ойлап жүретінбіз. Сөйтіп, кәсіпорынның бас директоры Андрей Кригермен  кездестік. Тағы да бір алыс іссапардан келіп отырған беті екен. Бізді жылышырайлы, жарқын көңілді, бұрыннан білетін адамдай қарсы алды.

– Біз отбасымыз, әке-шешем бәріміз Германия жаққа көшіп кетсек те, осы елдің, осы жердің тумасы, ауылда өскен жергілікті неміс ұлтының өкілдеріміз ғой. Облыстағы Шарбақты ауданының Орловка ауылында қазақтар арасында, қарапайым отбасында өстік, – дейді Андрей Кригер.

Кәсіпорын қақпасынан ішке енген бетте-ақ көрініп тұр: айнала тап-таза, тап-тұйнақтай. Ыбырсып, шашылып жатқан қоқыс жоқ. Неміс халқының біз үйренер, үлгі алар өркениеттік тәртібі, талабы деген осы. Қарап тұрып, шын мәнінде риза боласың.

– Бүгінгі заман бәрімізден, Президент Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, көп еңбек етуді қажет етеді. Еліміз экономикасы күннен-күнге өсуде. Өзіңіз айтқандай, тіпті, жайма, кеспемен ас дайындауға да уақыт жетпейтіні бар. Ал, үйіңізде «КЭММИ» болса, еш уайымдамайсыз, – деп әзілдей күлді кәсіпорын басшысы.

«90-жылдары, елімізде кәсіпкерлікке, өзіңнің жеке шаруаңмен айналысуға мүмкіндік ашылған кезде макарон өнімдерін шығаруды қолға алдық. Сол кездегі нарық шеңберіне қарасақ, бәрі де макарон шығарғыш болып кетті. Біз етке жайма нан салып жейтін, кеспе көже жасайтын қазақтар арасында өстік қой. Үйде анамыз да көршілерден көріп ет асып, жайма салып ас әзірлейтін. Жергілікті жерде макароннан гөрі жайма нан мен кес­пеге сұраныс болатынын істі бастамай жатып-ақ білдік», – деді Андрей әңгімесін жалғастырып. Ал, бүгінде «КЭММИ» компаниясы еліміздегі жайма нан, лағман, сорпалы кеспе және макарон өнімдерінің көшбасшы өндірушісі болып отыр. Өзінің "КЭММИ" атты жеке тауарлық белгісі бар. Өнімдері еліміздің барлық өңірлеріне, Қырғызстанға, Германияға, Ресейге жеткізілуде.

Жалпы, компанияның жұмысы 1997 жылы басталды. Ол кезде қытайлардан көріп, тез дайындалатын кес­пе де жасады. Бірақ, сол кезден-ақ, қазақ халқының ұлттық асы – етке салатын жайма жұқа нан, үй кеспесін және лағман дайындау үнемі «КЭММИ-дің» ойында жүрді. Ал, қазіргі күндері кәсіпорында жайма нан, кеспе дайындау үшін әлемдегі алдыңғы қатарлы Оңтүстік Корея, Италия, Германия кәсіпорындары жабдықтарының үлгілері қолданылады. Тіпті, компания бұл тағамдарды жасауда өзінің жеке желісін құрып, алғашқы эксклюзивті өнімдерін шығара бастады.

– Бұл – ноу-хау! Яғни, біз жайма нан, кеспе жасау өндірісінде көпшілік әлі біле бермейтін, басқалардың алдында бәсекелі болатын ерекше технология жасап шықтық. Өзіміз жасаған өнімдерімізді Ресейдің талай халықаралық көрмелеріне алып бардық. Бір қызығы, олар біз жасаған жайма нанға қарап «бұл квадраттар не өзі?» деп төртбұрышталып кесілген жаймаларға таңданыспен қарап тұрады, – деді А.Кригер бізбен бірге кәсіпорын ішін аралап көрсетіп жүріп.

Кәсіпорын түгелімен автоматтандырыл­ған. Жансүйсінерлік мұнтаздай тазалық. Айнала тәртіп. Барлығы робот, компьютер, жайма нан, кеспе жасау үшін тетіктерді басып қалсаң болды. Ұлттық тағамдар өндірісіндегі Андрей Кригердің болжамы дұрысқа шығып, тұтынушылар бұл өнімдерді жылы қабақпен қарсы алды. Жұмысбасты қыз-келіншектер де қораптағы дайын қамыр тұрғанда, ұнды илеу үшін көп күш жұмсаудың қажеті жоғын түсіне бастады. Сапалы, дәмді. Ал, кәсіпорын желілері арқылы жасалынған жайма нан, кеспені үйде дайындау мүмкін емес, себебі, машина қамырды бір шаршы сантиметрге 120 келілік қысыммен илейді. Өнімдерді дайындауға 01-01 нөмірімен техшарттар (ТШ) құрылды, сәйкестілік сертификаттары алынды. Қазіргі уақытта «КЭММИ» сұранысымен құрылып, іске асырылған осы өнімнің СТ № 001 мемлекеттік жеке стандарты бар.

«КЭММИ» өнімдерін дайындау оңай емес екеніне көз жеткіздік. Компания өз қарамағына түріктің диірмен кешенін сатып алыпты. Енді «КЭММИ» өзінің жеке жоғары сортты ұнын өндіруде. Сапалы өнімнің дайындалуына негіз деген осы. Бұл ұнның негізіне бидайдың алуан түрлілігі зор әсер тигізеді, қатты және жұмсаққа жақын бұл бидайдың өсуіне солтүстікте жатқан Павлодар жерінің ауа райы жақсы ықпал етеді.

– Жеріміздің табиғатын, одан шыққан табиғи өнімдерді пайдалана білуіміз керек. Сондықтан, біздің өнімдеріміз еш қоспасыз жасалады, – дейді А.Кригер.

Жоғары сортты ұнды өндіре отырып, «КЭММИ» компания­сы жайма нан, кеспемен қатар, тұты­нушылар жүрегін макарон өнім­дерімен жау­лауды жоспарлаған. Бү­гін­гі күннің өзінде, жеке компьютер­мен басқарылатын немістік «Бюллер» компаниясы желісінде, макарон өнім­дерінің 20-ға тарта түрі өндіріледі. Бұл өнім тұтынушылар арасында үл­­кен сұранысқа ие. Біз келгенде көр­­геніміздей, кәсіпорын қазір жаңа өнді­рістік цехтарды салып жатыр. Яғ­ни  өз өнімдерін өз елімізбен қатар, Ресей, Германия дүкендеріне жеткі­зеді.

Дайын жайма нанды, кеспені қораптарға салу кезінде мұқият болу керек. Өте нәзік өнімдер. Сол себептен де арнайы «КЭММИ» үшін әлемдік деңгейдегі алдыңғы қатарлы машина жасау зауыты конструкторлар сызбаларымен дайындалған құрылғы орналастырдық, деді кәсіпорын басшысы бізге  жұмыс барысын өзі көрсетіп.  Ал, орамдарды жеткізуде, «КЭММИ» мамандарының сұраныстарын қанағаттандыратын, жоғары және төмен температураларға төзімді орамдарды дайындайтын компанияларға артықшылық беріледі. Орамды тану оңай, ол жасанды өнімдерден қорғануға мүмкіндік береді. «КЭММИ» кеспесі ұзақ мерзім бойы сақталады.

– Біздің кәсіпорын жұмысшылары арнайы  автобустармен жұмысқа келеді. Олар 4 ауысымда жұмыс жасайды. Күні-түні асхана қызмет етеді. Компанияның өз жылыжайы, көкөніс қоймасы бар. Сондықтан да асханада дәмді, нәрлі тағамдар әзірленеді. Дүкен бар. Жұмысшылардың арнайы  жұмыс киімдері бар. Душ бөлмелері жасалған.  Жұмыс орнында және еңбек қауіпсіздігі еліміздің Еңбек кодексіне сәйкес ұйымдастырылған, арнайы құрылған қызмет қауіпсіздік жағдайын бақылайды. Жалақы ай сайын төленеді, –деді әңгімеге араласқан  компанияның атқарушы директоры Екатерина Васильевна. Ал, Андрей Кригерді мазалайтыны білікті, білімді жас мамандардың жетпейтіні. Өндіріс есігі оларға әрқашан ашық. Жұмыс қолы жетпей жатады. Елімізде табыс көзін тапқысы келетін адамға  жұмыс  бар. Біздің кәсіпорында жұмыс жасаймын деген адамдарға, әсіресе, жастарға барлық жағдай жасалған. Келіңдер, еңбек етіңдер жастар деп отыр, кәсіпорын басшысы. Бұл кәсіпорында тамыр-таныстық, сауда-саттық, біреудің еңбегімен күн көру, ұрлық-қарлық, тексеру орындары келді екен деп жалпақтау, жылпостық жоқ. Тек еліміздің заңдарына сәйкес жұмыс жүргізіледі, қатаң тәртіп, талаптың нағыз өркениетті үрдісі, үлгісін көресіз. Андрей Кригердің  нағыз іскер, тек жұмыстың, істің адамы атанған, нағыз өркениетті ойлайтын кәсіпкер екеніне тәнті боласыз. Алда жұмыс жос­пары, бой көтеретін құрылыс жоспар-жобалары жетерлік екен.

– Президентіміз Нұрсұлтан Назар­баев «Қазақстан-2050» Стратегиясында  алдымызға әлемнің экономикасы  дамыған 30 елінің қатарына қосылу жөнінде ауқымды мақсат қойды. Елбасының «Қуатты экономика дегеніміз кәсіпкерліктің қуаттылығы, отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігінің жоғарылығы, олар­дың кооперациясы. Мен отан­дық бизнесті қолдауды Жаңа сая­си бағдардың маңызы жағынан екін­ші бағыты ретінде белгіледім» деге­нін әрдайым назарда ұстаймын. Елімізде кәсіпкерлерге Елбасының арқасында үнемі қолдау көрсетіліп келеді. Сол үшін алғыс айтқым келеді. Бизнестің ашықтығы мен оны жүргізу үшін жеңілдетілген жағдай туғызу жөніндегі реформалардың көшбасшысы саналады. Бірыңғай экономикалық кеңістікке және келешекте Еуразиялық экономикалық одаққа қатысу стратегиялық тұрғыда, әрине, тиімді екені сөзсіз. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі де біздің  мойнымызда тұр. Кәсіпкерлер ұлттық бизнесті дамытуға алдағы уақытта үлес қосамыз, – деді қоштасарда кәсіпорын басшысы.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан».

ПАВЛОДАР.

 

Соңғы жаңалықтар