Сайлау • 20 Шілде, 2021

Елдегі тіршілікті жандандыруды көздейді

363 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осы жылдың 25 шілдесінде Қызылорда облысынан ауыл әкімдерінің сайлауына 131 үміткер қатысады. Облыстық сайлау комиссиясының дерегінше, аймақтағы 40 ауылда сайлауға түсетіндердің көпшілігі – өзін өзі ұсынғандар.

Елдегі тіршілікті  жандандыруды көздейді

Кандидаттардың 82-сі – мем­ле­кеттік қызметші. Оның ішінде 24-і – бұрынғы ауыл әкімдері. Ауыл басқаруға талап қылып отыр­ғандардың арасында бюджет­тік сала мен коммерциялық құры­лым өкілдері де бар. Үміткерлердің басым бөлігі – мұғалімдер, заңгер­лер мен экономистер де аз емес, өзге сала өкілдері де бар. Кан­дидат­тардың 9-ы – әйел. Қазір үміт­кер­лерді ұсыну және тіркеу кезеңі өтіп, үгіт-насихат жұмыстары басталды.

Осыған байланысты Мәжіліс депутаты, Nur Otan партиясы фрак­циясының мүшесі Геннадий Шиповских, партияның орталық аппаратының қызметкері Гүлнар Нұрахметханова және партия атынан Қармақшы ауданындағы Ақай ауылы әкімдігіне үміткер Эльмира Қазиева тұрғындармен кездесті.

Карантин талаптарына сай ауыл­дық клуб алдында өткен кездесу­ге ауыл тұрғындары, ақсақалдар, жас­тар жиналды.

Кездесуде Геннадий Ши­пов­с­ких партияның сайлауалды бағдар­­ламасының Жол картасы негізін­де ат­­қа­рылып жатқан және жүзеге асы­­рыл­ған жұмыстарға тоқталып өтті.

– Партияның 5 жылға арналған сайлауалды бағдарламасында осы ауылға қатысты да біраз жаңа­лық бар. Қазір облыс бойынша Жол картасында жобаланған жұ­мыстардың 16%-ы жүзеге асырылып отыр. Атап айтар болсам, 6000-ға жуық тұр­ғыны бар Ақай ауылдық окру­гін­дегі электр желілерін кеңейту және қайта жаңғырту жүзеге асып, оның игілігін ел көруде, – деді депутат.

Кездесуге алдағы өтетін ауыл әкім­­­­дері­нің тікелей сайлауында Ақай ауыл­­дық округі әкімдігіне Nur Otan пар­тия­сынан үміткер Эльмира Қазиева жер­­лестеріне өзінің сайлауалды бағ­дар­­ламасын жан-жақты таныстырды.

Үміткер сайлауда жерлестері сенім білдірсе, алған білімі мен өмір­ден жинақтаған тәжірибесін ауылдас­тарының әл-ауқатын, тұрмыс-тірші­лігін жақсартуға және шаруашы­лық құрылымдарының экономика­лық нығаюына жұмсай­тынын айтты. Халықтың бұқаралық спортпен айналысуына, ауылдағы мәдениеттің дамуына мүмкіндік жасап, жастар бос уақытын тиімді пай­даланатын іс-шаралардың ұйым­дастырылуына, партиялық жоба­лардың жүзеге асуына және жұ­мыссыз жастардың өмір­ден өз жолын табуына ықпал ететінін жеткізді.

Кездесу барысында ауыл тұр­ғын­дары өздерінің талап-тілектері мен ұсыныстарын айтты.

 

Қызылорда облысы