Коронавирус • 20 Шілде, 2021

Эпидемиялық ахуал алаңдатып тұр

198 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменованың қатысуымен брифинг өтті. Онда облыстық санитарлық-эпидемиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов аймақтағы эпидемиялық ахуал туралы баяндады.

Эпидемиялық ахуал алаңдатып тұр

Облыс әкімінің орынбасары ме­дициналық мекемелерде, дәрі­ха­наларда дәрі-дәрмектер мен қор­ғаныш құралдарының жеткі­лік­ті екенін атап өтті. Өңірде екі айға жетерлік дәрі-дәрмек қоры жа­сақталған. Дәрілік заттардың қо­рын қалыптастыру мақсатында жер­гілікті бюджеттен 488 млн тең­­ге қаржы бөлінген. «Жаман айт­пай, жақсы жоқ», егер індет кү­шейе түссе инфек­циялық және про­визорлық стацио­нарларда тө­сектік орын қорын 3 200-ге дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар, 518 орын орталықтандырылған оттегімен жаб­дықталған.

Облыстағы тәуекел тобына жататын адамдар тұрақты бақылауға алынып, үйден ем жасауға 138 дә­рі­герлік мобильдік топ жұмыл­ды­рылды. Вирус өрши қалса, олардың саның 161-ге жеткізуге болады.

Жалпы, дерт дерегі шыққалы бері облыста коронавирус инфек­циясын жұқтырудың 7 977 жағдайы тіркелген. Эпидемиялық ахуал күн­нен-күнге күрделеніп барады.

– Өткен аптаның жұмасында 110 дерек анықталды. Бұл – жыл басынан бергі ең жоғары анти­ре­кордтық көрсеткіш. Соңғы аптада 492 жағдай тіркелді, бұл алдыңғы 7 күнмен салыстырғанда 1,5 есеге көп. «Дельта» штамының күн санап көбеюі эпидемиялық ахуалды күрделендіріп отыр, – де­ді облыстық санитарлық-эпи­­де­миялық бақылау депар­тамен­тінің басшысы Динара Жаңа­бергенова.

Эпидемиялық талдау ви­рус­ жұқ­тырғандардың жасарып бара жат­қанын көрсетіп отыр. Соңғы айларда 30-40 жас аралығында нау­қастар көп түскен. Мамандар жаңа штам­ның балалар арасында көп тіркеле бастағанын айта­ды. Сонымен қа­тар індетке шалдық­қан­дардың көп­шілігі ви­русқа қар­сы екпе алма­ғандар екені де анықталған.

Облыстағы эпидемиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында қабылданған №18 қаулы аясында шектеу шаралары қабылданған болатын. Соған сәйкес ойын-сауық, бұқаралық, отбасылық іс-шаралардан бастап облысаралық, қалааралық туристік тасымалдарға, сауда орындарының, сұлулық салондары мен спорт кешендерінің жұмыстарына шектеулер енгізілді.

Облыстық денсаулық сақтау бас­қармасының басшысы С.Пазы­лов­тың айтуынша, шілденің басында стационарларда 585 төсек-
тік орын ұйымдастырылып, бір апта өткен соң олардың саны 760-қа жеткізілген.

– Бүгінде инфекциялық стацио­нарларда 499 науқас ем алуда, жүк­темесі 66 пайыз. Осыған сәйкес бүгіннен бастап 930 төсектік орын­ға дейін көбейтеміз, – деді бас­қар­ма басшысы.

Аймақтағы 160 мониторинг тобы шілде айының басынан бе­рі карантин, шектеу шаралары тәр­тібін бұзған 45 деректі анық­тады. Облыс әкімінің орынбаса­ры ұжымдық иммунитет қалып­тастыру үшін халықтың кем дегенде 70 пайызы вакциналаудан өтуі қажет екенін атап өтті.

 

Қызылорда