10 Қаңтар, 2014

Келешегі кемел кеніш

432 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

«Бізге өз табиғи байлықтарымызға деген көзқарасымызды ой елегінен өткізудің принципті маңызы бар. Біз оларды сатудан қазынамызға кіріс құя отырып, оларды дұрыс басқаруды, ең бастысы, еліміздің табиғи байлығын орнықты экономикалық өсуге барынша тиімді кіріктіруді үйренуіміз керек».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

(«Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауынан)

Үдемелі индустриялық-иннова­ция­лық даму бағдарламасына ене­тін ірі жобалардың бірі – Ақтоғай кен орны. Жуырда бірқатар респуб­ли­калық және өңірлік баспасөз өкіл­дері үшін ұйымдастырылған бас­пасөз туры барысында аталған кеніште атқарылып жатқан ауқымды жұмыспен танысудың сәті түсті.

ҮКІМЕТ

«Бізге өз табиғи байлықтарымызға деген көзқарасымызды ой елегінен өткізудің принципті маңызы бар. Біз оларды сатудан қазынамызға кіріс құя отырып, оларды дұрыс басқаруды, ең бастысы, еліміздің табиғи байлығын орнықты экономикалық өсуге барынша тиімді кіріктіруді үйренуіміз керек».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

(«Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауынан)

Үдемелі индустриялық-иннова­ция­лық даму бағдарламасына ене­тін ірі жобалардың бірі – Ақтоғай кен орны. Жуырда бірқатар респуб­ли­калық және өңірлік баспасөз өкіл­дері үшін ұйымдастырылған бас­пасөз туры барысында аталған кеніште атқарылып жатқан ауқымды жұмыспен танысудың сәті түсті.

Шойын жолдың үстінде тұрса да, Ақтоғайға шағын автобуспен бардық. Түнде жол ұзақ. Көкжиектен көрінген оттар көңілді желпігенімен, жымың-жымың етіп көпке дейін жеткізбеді. Таң сібірлей бере жеткен кен орны стансадан шығысқа қарай сәл алшақтау жер екен. Алғашқыда көзімізге күзет қызметкерлерінен бас­қа ештеңе шалынбады. Оларға «Тау күзетіп тұрсыздар ма?» деп әзіл­деген сыңай таныттық. Күзет­ші­лерден әрі қарайғы аумақтың бәрі кішігірім жоталар еді. Ен байлық осы тықыр төбелердің ортасында болып шықты.

Кеніш мамандары күтіп алып, тілшілер де кеншілер сынды сыптай киініп алғаннан кейін мыс шайқайтын орынды аралауға кірістік. Бұл – бір шеті мен бір шетіне көліксіз жете алмайтын қиыр алқап. Жалпы, аумағы 25 мың шаршы шақырымды құрайды.

Ақтоғай – қосымша қор ретінде мұрты бұзылмай сақталған кеніш. Онда барлау жұмыстары анықтаған мыс кенінің қоры – 5 млн. тонна. Бұл шикізатты өндіру ашық карьерде 50 жылға жетеді. Әрі қарай терең шахталарда 90 жылға дейін өндіруге мүмкіндік бар. Мұнда жоспар бойынша жылына 100 мың тоннаға дейін мыс шикізаты өндірілмек. Кен орны «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ және Қытайдың мемлекеттік даму банкі тарапынан 2 млрд. АҚШ доллары көлемінде қаржыландырылып отыр.

Жалпы, кен қорын барлау жұ­мыстары алпысыншы жылдары басталғанымен қайласын сай­ла­ған кеншілер мүлде аяқ бас­па­ған. Себебі, өткен ғасырда ке­­ңестік билік Жезқазған мысын иге­руді оңтайлы көрді. Ондағы мыстың жер жынысындағы орташа құра­мы 4-5 пайызға дейін жететін. Ал, Ақтоғайдағы мыстың орташа құра­мы – 0,33 пайыз. Десе де, бү­гін­гі озық технология кен өндіру шы­ғы­нын азайтуға үлкен мүмкіндік бе­ріп отырғандықтан, жобаның ел қазы­насын толтыруға қызмет ететіні, тау-кен индустриясын жаңа сатыға көте­ретіні анық. Сондай-ақ, бүгінде кен орнында 1 719 млн. тонна минералды ресурстар қоры бар екендігі белгілі болып отыр.

Елбасының тапсырмасы бойынша, 2000 жылдардан кейін Ақтоғай кен орны қайта зерттеліп, жандана бастады. 1600 метр тереңдікке дейінгі бұрғылау жұмыстарының нәтижесінде, қазбасы мол аумақ анық­талып, 2005 жылы кенішті игеру жұмыстарына алғашқы қадам жасалып, кеншілер мен кен өндіруге арналған нысандардың құрылысы салына бастады. Дегенмен, 2007 жылдары басталған қаржы дағдарысына байланысты құрылыс жұмыстары аяқсыз қалған-ды. Елімізде ғана емес, ТМД аумағындағы ең ірі тау-кен жобасының бірі болғандықтан кеніштегі құрылыс 2013 жылы қайта жалғасты.

Ақтоғай кенішін аралап көрсеткен «Қазақмыс-Ақтоғай» ЖШС директоры Александр Лидің айтуынша, кен өндіру 2014 жылы басталмақ.

– Алдымен тотықтанған кен өн­діруден бастаймыз. Өйткені, оны бастапқы кезде сілтісіздендіру қажет. Бұл – 5-6 айды қажет ететін үдеріс. Егер алдағы көктемнің соңын ала кен өндіруді бастап кетсек, 2014 жыл­дың аяғында катодты мыс өндіруге мүмкіндік туады. Ал сульфидты кен 2016 жылдан бастап өндіріле бастайды. Оның негізгі қоры – 1,5 млрд. тонна. Сульфидті кенді өңдеумен айналысатын фабрика құрылысы 2016 жылы пайдалануға беріледі. Алғашқы сульфидті кен сол жылы өңделе бастайды. Негізі тотықтанған кеннің қоры аса көп емес. Тотықтанған кен зауыты шамамен 10-12 жыл жұмыс істейді. Онда жылына 22-25 тонна катодты мыс өндіріледі. Бұл аса ауқымды кен болып саналмайды. Ал сульфидті кен концентратынан жылына орташа есеппен 75-90 мың тонна өндіріледі, – деді Александр Ли.

Ақтоғай мыс концентраты Қытайға экспортқа шығарылатын болады. Өйткені, әлемдік мыс нарығындағы өнімнің үлкен бөлшегін Қытай мемлекеті тұтынады. Қазір аталған елде электронды өнеркәсіп кеңінен дамығандықтан, мыс шикізатына сұраныс та жоғары. Электронды құ­рал-жабдықтың көпшілігі Қы­тайда өндіріліп жатқаны белгілі. Оның үстіне Ақтоғай кенішінің ор­на­ласқан жағрафиялық аумағы да Қа­зақ­стан-Қытай нарығына қолайлы болып тұр. Ақтоғай – Қытай шекарасынан бар-жоғы 250 шақырым жерде орналасқан. Сондай-ақ, ма­мандардың айтуынша, Қазақстанда мыс өңдейтін қуатты зауыттар жоқ. Балқаш зауытының үлкен ауқымдағы мыс концентратын өңдеуге шамасы жетпейді.

Бүгінде «Қазақмыс» тобы жаңа даму кезеңіне аяқ басты. Оның ай­ғағы жаңадан қолға алынған екі ірі жоба: бірі – Ақтоғай болса, екіншісі – Бозшакөл. Бұл жобалардың әр­қай­сысының құны 2 млрд. долларға баға­ланып отыр. Бозшакөл кенішінің пайдалану мерзімі 40 жылдан аса уақытты құрайды. Орташа өнімділігі – жылына 75 мың тонна мыс концентратына тең.

– «Қазақмыс» Ақтоғай жобасын 2001 жылы қолға алды. 2005 жылы кен орнында құрылыс басталғанымен екі жылдан кейін қаржы дағдарысына орай тоқтап қалды. Мыс бизнесінің экономикалық моделі өте күрделі әрі сезімтал болып келеді. Әлемдік баға, технология құны, өндірістің өзін өзі ақтауы сынды түрлі мәселелер жан-жақты қарастыруды қажет етеді. Қазіргі кезде «Қазақмыс» жылына 300 мың тонна мыс өндірсе, Ақтоғай мен Бозшакөл 200 мың тонна мыс өндіретін болады. Яғни, қос жобаның іске қосылуы, біріншіден, ресурстық базаның орнын толтырып, екіншіден, компанияның әлеуетін нығайтады. Ұзақ мерзімді болжамымыз бойынша, мысқа деген сұраныс әлемде төмендемейді, – деді Александр Ли.

Ақтоғай кен орнының аумағында бүгінде құрылыс жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Бас мердігер – «Алсим-аларко» атты түрік компа­ниясы. Біз тотықтанған кенді өн­діру, катодты мыс шығаратын электролиз зауыттары орналасатын алаң­дардағы құрылыс жұмыстарына куә болдық. Сондай-ақ, тағы бір алаңқайда сульфидті кенді өңдейтін байыту фабрикасы салынбақ. Онда мыс концентраты алынады. Өндіріс базасының да іргетасы қаланып жатыр. Онда түрлі қоймалар, тау-кен техникаларына қызмет көрсететін ангарлар мен кеншілердің шеберханалары орын тебеді. Сонымен қатар, кеніште тотықтанған кенді текшелеп жинайтын алаң әзірленіп жатыр. Онда мыстың күкірт қышқылын түзуі жүзеге асырылатын болады.

Тағы бір алаңқайда құрылыс тех­­никалары құмырсқаның илеуін­дей құж-құж қайнап, жер қыр­тысын қопара тегістеп жатыр екен. «Қазақмыс-Ақтоғай» ЖШС құры­лыс учаскесі жетекшілерінің бірі Шервин Линконың айтуынша, мұнда төрт ғимарат бой көтеретін көрінеді. Мұны кенді майдалау алаңы десе де болады. Мыс тоннель конвейері арқылы майдалау алаңына жет­кізіліп, уақталады да, әрі қарай сұрыпталады. Ірі кен қайта ұсақ­тауға жіберіліп, ұсақталған өнім құм тәрізді әбден үгітіледі. Атал­ған үдеріс мыс кені майда тозаң деңгейіне жеткізілгенше жүргізіледі. Содан соң химиялық өңдеуден өткізіліп, да­йын өнім ретінде өндіріске жіберіледі. Сон­дай-ақ, мыс кенін қаттау учас­кесі болады. Қазірде кеніште көптеген нысандардың іргетасын қалау жұмыстары басталды. Ал ғи­ма­раттар 2014 жылы бой кө­те­реді. Күздің ауа райы да құрылыс жұмыстарының қызу жүруіне қолайлы болып тұр, деді құрылысшылар.

«Алсим-аларко» компаниясы кеніш аумағында бетон зауытын салыпты. Құрылыс жұмыстарына қажетті өнім шығаратын зауыттың жанында қосымша тағы бір бетон зауы­ты салынуда. Өндіріс өнімінің көлемі – сағатына 120 текше бетон. Екінші зауыт пайдалануға берілсе, қосымша 100 текше метр цемент өндіріледі.

Сондай-ақ, 1500 адамға арнал­ған жатын орын, шағын мәдени-де­малыс орындары, асхана құ­ры­лысы, спорт алаңдарының құрылысы жүргізілуде. Мердігер мен тапсырыс беруші компания кеңселері салынып жатыр. Қазіргі кезде кен орнында шетелдіктермен бірге еліміздің түкпір-түкпірінен келген мамандар, жергілікті өңір­дің тұрғындарынан құралған жұмысшылар еңбек етуде.

Ақтоғай стансасы мен ке­­ніш арасында теміржол желі­сі тартылған. Осыдан бір ай бұ­рын тексеруден өткізіліп, пай­да­­лануға беріліпті. Ақтоғай кен ор­­ны мен Ақтоғай теміржол ста­н­­­сасы аралығындағы шойын жол­дың ұзындығы – 25 шақырым. Қазіргі кезде бұл жолмен кенішке құрылыс материалдары, ауыр техника жеткізіліп жатыр. Жалпы, жүк көтеру қуаты 100 тонналық порталды шығырандар орнатылған.

Ақтоғай жаңа заманауи технологиямен қамтылатын болады. Бүгінгі таңда құрал-жабдықтар әлемнің түкпір-түкпірінен әке­лінуде. Қытай, АҚШ, Герма­ния­­дан жеткізілген соны техно­ло­гиялық жабдықтарды орнату жұ­мыстарын мердігерлер ат­қа­рады. «Қазақмыс» тобының бас­пасөз хатшысы Мақсұт Жапа­баевтың айтуынша, бүгінде корпорация өз қызметкерлерін жаңа құрал-жабдықтарда жұмыс істеуге үйрету жұмыстарын жүргізуде. Мамандарды аталған техникаға өндіруші компаниялар өкілдері үйрететін болады. Өйткені, мұндай жоғары технология ТМД елдерінде бұрын-соңды қолданылмаған екен.

Техника қауіпсіздігіне жауапты инженер Біржан Құспанов «Біздің міндетіміз – жобаны қауіп­сіз деңгейде жүзеге асыру. Өйт­ке­ні, бұл еліміздің серпінді жо­­­ба­ларының бірі болып санала­ды. Сондықтан, кеніште озық тех­но­логияның тиімді қолданылуы мен қызметкерлердің мүлтіксіз жұмыс іс­теуін қамтамасыз етуге бар күш-жігерімізді арнаймыз», дейді.

Біз компания басшыларынан кеніште шетелдік және отан­дық қызметкерлердің үлесі қан­шалықты болатындығы туралы сұрадық. Кеніш құрылысында 3 мың адам жұмыспен қамтылған. Нысандар тапсырылғаннан ке­йін кен өндіру орнында 1500 қазақстандық вахталық жүйеде жұмыс істейтін болады. «Ком­панияға шетелдік жұмыс күшін 15 пайыздан асырмау туралы мін­деттелген. Біз өз еліміздің аза­маттарын жұмысқа тартуға мүд­деліміз», дейді компания өкілдері.

Ел экономикасының еселе­нуіне жол ашатын кеніште жаңа жұ­мыс орындары ашылатыны туралы айттық. Осы ретте, Ая­гөз – Ақтоғай бағытындағы тас жолды жөндеу әлеуеті зор ком­панияға жүктелсе дейміз. Өйт­кені, әбден тозығы жеткен жол кө­лікпен жүруге жарамсыз күйде. Биз­нестің әлеуметтік жауап­кер­шілігі шеңберінде бірқатар игі жұмыстарды атқарған «Қазақмыс» компаниясы жол мәселесінің шешімін табуға көмектеседі деп ойлаймыз. Өйткені, мұндай ірі кешенде жергілікті өңірдің тұрғындары да жұмыспен қамтылады. Әсіресе, кенішке жақын орналасқан Шығыс Қазақстан облысының Аягөз, Үр­жар аудандары және Алматы облысының Алакөл ауданының тұрғындарына аталған бағытта қатынаған тиімді.

Думан АНАШ.

Шығыс Қазақстан облысы,

Аягөз ауданы.