Қоғам • 21 Шілде, 2021

Түрмедегілер түзеліп жатыр ма?

1621 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

EЦ-166/5 ерекше режімдегі төтенше қауіпсіз мекемесінен тікелей репортаж.

Түрмедегілер түзеліп жатыр ма?

Ол жақта да өмір бар. Екібастан. Әрине, жадырап-жайнаған еркін өмір қайдан болсын... Дегенмен, адамға ажал келмеген соң қай жерде де, қандай жағдайда да өмірін сүреді Һәм Ата Заң бойынша адам мемлекеттің басты байлығы болғандықтан, қоғамнан «аласталған» азаматтарға да жағдай жасалуы керек.

Ақиқатында, түрмені түзеу үшін салады. Сотталушы жазасын өтейтін мекемеге түскен күннен бастап оны бостандыққа дайындайды. Мерзімі біткен соң қоңыр тіршілікке қосылып кетуі үшін тәрбиелейді. Сарапшылардың пікірінше, кейінгі жылдары адам құқықтары жөніндегі түрлі халықаралық ұйымдардың талабы бойынша еліміздегі түрмелер біраз ізгіленді. Ал жазасын өтеушілерді түзеу үшін нақты қандай іс-шаралар жүргізіледі? Жалпы, Қазақстандағы қазіргі түрменің жағдайы қандай? Біз осы сұрақтардың ізімен Нұр-Сұлтан қаласына қарасты Аршалы кентіндегі EЦ-166/5 түзeу мeкeмeсіне бет алдық.  

 

Әлқисса

 

Қазіргі уақытта елімізде 80 қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі бар, оның 16-ы – тергеу изоляторлары, 6-ы – әйелдерге арналған мекемелер (кәмелетке толмаған қыздар да), 1-і – кәмелетке толмаған ер балаларға арналған, 18-і – қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелер (қатаң режім), 5-і – төтенше қауіпсіз мекемелер (ерекше режім). Мұнда барлығы 33 мың сотталған және сотқа дейінгі ұсталған азаматтар отыр. Тәуелсіздік жылдарымен салыстырғанда қазір түрме саны қысқарды. Мәселен, 2014 жылдан бері қылмыстық-атқару жүйесінде 14 мекеме таратылыпты. Сондай-ақ техникалық талаптарға сай келмеуі себебінен 2019 жылы азып-тозған 4 мекеме, ал былтыр тағы 2 түрме жабылған.

Жалпы, кейінгі жылдары сотталушылар саны өсті ме, кеміді ме? Қандай қылмыс түрі көбейді? Сотталғандардың қанша пайызы қайта қылмысқа барады? Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2020 жылы 28 551 азамат істі болған (оның 2 646-сы әйел, 396-сы кәмелетке толмағандар, 188-і әскери қызметкер, т.б.). Жасалған қылмыстардың көбісі ауыр санаттағы қылмыстар. Ал 4 509 сотталушы қайта қылмысқа барған. Босап шыққандар саны – 474.

2021 жылы 13 991 азамат сотталған (оның 1 417-сі әйел, 200-і кәмелетке толмағандар, 84-і әскери қызметкер, т.б.) Биыл да, салыстырмалы түрде алғанда, ауыр қылмыстылар көп. Дегенмен, қылмыс жасау 2,5 пайызға азайды. Ал бұрын сотталған 2 393 азамат қайта қылмысқа барған. Бүгінге дейін 154 сотталушы жазасын өтеп шықты.

Айта кетейік, Тәуелсіздік жылдары елімізде түрлі атаулы даталарға байланысты сегіз рақымшылық жасалды. 1994 жылы, 1996 жылы 10 988 сотталушы, 1999 жылғы 15 705, 2000 жылы 7791, 2002 жылы 10 524, 2006 жылы 3 626, 2011 жылы 2 128, 2016 жылы  1 120 жазасын өтеуші босатылды. Ал былтыр рақымшылық жасау туралы заң қабылданбады. Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасалуы әбден мүмкін.

 

ЕЦ-166/5 немесе «Вишняға» қош келдіңіз!

 

Отыз жылға дейін сотталғандар жазасын өтейтін бұл мекеме – республикадағы санаулы ерекше режімдегі төтенше қауіпсіз түрмелердің бірі (іргетасы 1957 жылы салынған). Яғни мұндағылардың көбісі бірнеше рет істі болғандар мен аса ауыр қылмыс жасағандар. 2019 жылы 588 сотталушы ұсталса, 2020 жылы 593, ал биыл 721 жазасын өтеуші бар. Негізінен, мекеме сыйымдылығы 800 адамға арналған.

Қазір мұнда 25 пен 65 жас аралығындағы сотталғандар жазасын өтеп жатыр. Оның ішінде 29 жылға бас бостандығынан айырылған азаматтар да бар. Сотталушылардың көбісі өзге ұлт өкілдері (274 қазақ, 277 орыс, 12 белорус, 6 әзербайжан, 9 ингуш, 22 неміс, 19 татар, 39 украин).

Бүгінде мекемеде 10 жасақ бар. Әр жасақ жеңіл, жеңілдетілген, ауыр және өте ауыр қылмысы үшін жазасын өтеушілерге арнайы бөлінген. Бір жасақта, шамамен 60-70 сотталушы бар, ал олар орналасқан бөлмеде 6-7 жазасын өтеуші бірге тұрады.

Штат бойынша 71 қызметкер жұмыс жасайды (қазіргі уақытта нақты 60 қызметкер бар). Бұдан бөлек 125 сарбаздан тұратын әскери рота бақылау қызметін атқарады.

Мекемеде барлығы 101 бейнекамера жұмыс істеп тұр. ЕЦ-166/5 мекемесі басшысының міндетін атқарушы әділет подполковнигі Ағыбай Мухиннің айтуынша, алдағы уақытта 900 жаңа үлгідегі бейнекамера орнатылуы мүмкін. Сондай-ақ мекеме басшысы келесі жылы екі қабатты жатақхананың құрылысы жоспарланып отырғанын атап өтті.

 

Қылмыскердің бір күні

 

Осы біз түрмедегі жазасын өтеушілер туралы не білеміз? Бізге түрмеге түскен адам таңертеңнен қара кешке дейін тар қапаста отыратындай көрінеді. Ақиқатында, олай емес.

Мекеменің тәрбие, әлеуметтік-психологиялық жұмысы бөлімінің меңгерушісі әділет майоры Әлібек Тұрымовтың айтуынша, кез келген мекеменің күн тәртібі сол мекеме басшысының бұйрығымен бекітіледі. Онда сотталушыларға 8 сағаттық ұйқы, күніне үш мезгіл тамақ уақыты міндетті. Таңғы алтыда оянады (жексенбі және мереке күндері 7-де), 22.00-де ұйқыға жатады: тәулігіне үш рет барлық жасаққа картотекалық санақ жүргізіледі. Ал күннің қалған уақыты әр жасақтың ішіндегі тәрбиелік, саптық байқау, дәріс оқу, ақысыз жұмыстар, басқа да түрлі күн режиміндегі жоспарға байланысты бөлінеді.

1

Жасақта болатын дәрістер әлеуметтік оқытуға байланысты әртүрлі тақырыпта өтеді. Дәрісті жасақ тәрбиелеушілері оқиды. Яғни бұл көбінесе мекемедегі ішкі тәртіптің жақсаруы мақсатында жүргізіледі.

Сотталушылар түскі астан кейін өзінің жеке жұмыстарын реттей алады. Мысалы, киімін тіктіру, аяқ киімін жөндеу, т.б. Айта кетейік, жазасын өтеушілерге мекеме тарапынан белгілі бір уақытта қалың күртеше, бас киім, жылы шалбар, қалың етік, ХБ костюм, жұқа аяқ киім, матрац және жатын орынға қатысты барлық керек-жарақ беріледі. Сондай-ақ түстен кейін өз жасақтарында үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ ойындарын ойнай алады. Ал демалыс, мереке күндері мекеме аумағындағы спорт алаңында түрлі спорт ойындары ұйымдастырылады. Аптасына бір рет моншаға барып, шаштарын алады. 

Сотталғандарға түзеу мекемесінің аумағында дағдылы жағдайда жылына төрт рет (үш қысқамерзімді, бір ұзақмерзімді) кездесуге рұқсат. Яғни 2 сағатқа дейін қысқамерзімді және 2 тәулікке дейін ұзақмерзімді кездесу беріледі. Ал жеңілдетілген жағдайда үш қысқамерзімді, үш ұзақмерзімді, қатаң жағдайдағы сотталушыларға жылына үш рет қысқамерзімді кездесу белгіленген.

– Коронавирус пандемиясына байланысты бүгінде сотталғандардың туған-туыстарымен ұзақ және қысқамерзімді кездесулеріне тыйым салынған. Олар бейнебайланыс арқылы екі сағатқа дейін сөйлесе алады. Ол үшін мекемеде арнайы құрылғылармен жабдықталған бөлме бар, – дейді мекеме басшысы.

Сондай-ақ ол жазасын өтеушілердің таксафон арқылы туған-туыстарына хабарласу мүмкіндіктері бар екендігін айтты. Сотталғандар белгіленген кесте бойынша айына 4-5 рет 15 минутқа дейін сөйлесулеріне рұқсат.

Мекеме өкілінің сөзінше, сотталушылар арасында түрлі құқықбұзушылықтар болып тұрады. Мәселен, күн тәртібін бұзу, тыйым салынған заттарды сақтау, істеу немесе біреуге беру, т.б. Мұндай құқықбұзушылықтар әр жасақтағы тінту кезінде анықталады. Расталған жағдайда мекеме ережесіне сәйкес сотталушыға шара қолданылады, яки қатаң режімдегі жасаққа ауыстырылады. Олар бір жыл көлемінде сол жасақтың құрамында болады.

– Қатаң режімдегі жасақтағы сотталғандарға қатысты белгілі тыйымдар бар. Оларға күніне 1,5 сағат қана таза ауада тыныстауға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар кездесу саны да шектеулі. Таксафонды да пайдалана алмайды, – дейді мекеме өкілі.

Сондай-ақ кездесу барысында әкелінген сәлем-сауқаттың арасында тыйым салынған заттар табылған фактілер де тіркелген. Мәселен, құлаққап, ұялы телефон, сим-карта, темекі, сіріңке, оттықтар. Ал түрмеден қашу әрекеттері 2016 жылдан кейін тіркелмеген.

 

Карантин қалай өтті?

 

Жазасын өтеушілер жылына екі рет медициналық тексеруден өтеді. Атап айтсақ, флюорография, терапевт, психиатр, стоматолог, фтизиатор және қан анализдері. 

Айта кетейік, мекемеде 28 түрлі санаттағы мүгедек сотталушы бар. Олар үшінші жасаққа топтастырылған. Бұл санаттағылар мүгедектік жәрдемақыларын алады. Бұл жасақтағыларға күніне екі рет демалуға рұқсат және жалпы тәртіпке сай ұйқы режімін ұстанбайды. Сондай-ақ өндірістік жұмыстарға да жіберілмейді.

2020 жылдың наурызынан бастап мекеме карантинге жабылып, қыркүйекте ғана кездесуге рұқсат берілген. Ал қазір облыстың қызыл аймақта тұрғанына байланысты кездесулерге тыйым салынды (тек бейне-байланыс арқылы сөйлесе алады).

Осы уақытқа дейін мекемеде коронавируспен ауырған сотталушылар тіркелмеген. Медициналық бөлімнің меңгерушісі Динара Қасымованың айтуынша, 546 сотталушы вакцина алған. «Бірінші компонентті алушыларға «Спутник V» вакцинасы салынды, кейін Біріккен Араб Әмірліктерінде өндірілген қытайлық «Hayat-Vax», ал қазір қытайлық «CoronaVac» вакцинасы егіліп жатыр. Қазіргі таңда 499 сотталушыға аталған вакциналардың екі компоненті де салынды. Ал 78 жазасын өтеуші әлі егілмеді, олардың денсаулықтары бақылауда. 98 сотталушы вакцина қабылдай алмайды», деді.  

 

Оқу – басты міндет

 

Конституцияға сәйкес елімізде 30 жасқа толмаған сотталушының орта білімі жоқ болса, жазасын өтеу мерзімінде оған орта білім берілуі тиіс. Осы мақсатта мекемедегі орта мектепте 7-11 сыныптарда 16 оқушы (сотталушы) оқиды. Оның алтауы биыл 11-сыныпты, біреуі 9-сыныпты аяқтады. Ал 7-8 сыныптарға қабылдау оқу жылы басталғанға дейін жүргізіледі. Орта білім беретін 9 мұғалім Аршалы кенті мен жанында орналасқан Ақбұлақ, Бірсуат ауылдарынан келеді. Мектеп бітірушілерге негізгі орта білім туралы аттестат және жалпы орта білім туралы аттестат беріледі.

Бұдан бөлек Агротехникалық колледж 5 мамандық бойынша оқытады. Атап айтсақ, сотталушылар дәнекерлеуші, аспаз, темір жонушы, сантехник, құрылысшы мамандықтарын игере алады. Аспаз бен дәнекерлеушілер 1 жыл 10 ай оқыса, қалған мамандықтағылар 10 ай мерзімінде оқиды. Биыл осы 5 топ бойынша 52 сотталушы оқуын аяқтаған. Ал алдағы уақытта колледжде 95 азамат оқуын бастамақ.

Кітап оқу үшін, алдымен ниет, одан соң уақыт керек дейді. Әсіресе, түзету орындарындағы жазасын өтеушілердің жата-жастана кітап оқуға мүмкіндіктері бардай көрінеді. Ол дегеніңіз, бір жағынан, уақыт өлтіру, екіншіден, рухани байлық емес пе?! Қай тұрғыдан алып қарасақ та кітап оқу жаман әдетке жатпайды. Әрі-беріден соң түрмеде өткен жиырма жылда кітап кеміргеннен бөлек көп дүние үйренуге болады, тіпті өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретсе, ендігі сайрап-ақ кететін уақыт.

Әлде кітап оқымастың кейіпі түрмеде де сол кейіп пе? Енді бір жағынан, олар кітап оқымағандығынан қылмыс жасап жатқан жоқ. Кітап оқу – қылмысты тыяды деген де сөз емес. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жалпы сотталушылардың көбісі жоғары білімді азаматтар. Әлқисса. Кітап оқудан басталған әңгімеміздің негізгі бағыты кітапхана еді. Жалғастырайық.

Мекеме кітапханасында 4000-нан аса түрлі жанрдағы кітап бар. Байқағанымыздай, оның көп бөлігін орыс тіліндегі кітаптар құрайды.

Кітапханашы діни кітаптарға қарағанда көркем шығармалар жиі оқылады дейді. Мәселен, жыл басынан бері 600-ге жуық оқырман (сотталушы) мыңнан аса кітап алыпты. Сондай-ақ «Юридическая газета», «Заң», «Үміт сәулесі», «Мысль» газет-журналдары келіп тұрады. Кітапханаға әр жасақ өз кестесі бойынша кіре алады.

Карантин уақытында сотталушылардың кездесулеріне тыйым салынғандықтан, көңілдерін аулау үшін кітап оқудан байқау өткізілген. Бұл республика бойынша алғаш рет Қарағанды қаласында өтсе, кейін Нұр-Сұлтан қаласындағы осы мекемеде жалғасты. Байқау қорытындысы бойынша 16 сотталушы марапатталған.

Әдетімізше, кітапханашыдан Абайды, Әуезовті сұрадық. «Абай жолы» романының орысша нұсқасы ғана тұр екен. Ал «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» деген Абайды таба алмадық.

 

Түрмедегі таланттар

 

Қоғам түрмедегі тағдырлардан хабарсыз. Олар да кітап оқиды, сурет салады, киім тігеді, ағаш жонады, бұйым жасайды. Тіпті, адам таңғаларлық қабілеті бар жандарды да сол жақтан жолықтырасыз. Түрлі тағдыр – түрлі талант.

Оның кемесі теңіздің сұрапыл дауылына төтеп беретіндей алып еді. Желкені де биік. Ағаш-кеменің әр деталі ойластырылған: үш қабаты мен тор терезелер, баспалдақтар, арқан, тіпті «теңізшілерді» де байқадық. Ал желкенін ағаш-таяқшамен көтеріп, жіппен керіпті. Шынайы шыққаны соншалық, бүгін-ертең теңізге шығатындай дайын тұр. Осы бір үлкен қара кеменің қатардағы сотталушының қолынан шыққанына кім сенеді...

2

Теңізді бәріміз аңсаймыз. Әркімнің жүрек түкпірінде «күнделікті қоңыр тіршіліктен қол үзіп, теңізді көрсем ғой» деген арман жатыр. Әр адамның ой-қиялында өзінің «Титанигі» бар. Бәріміздің күндердің бір күні теңізге сапар шеккіміз келеді. Содан болар, теңіз де арман сияқты: ұшы-қиыры жоқ терең. Ең бастысы, теңіз деген – бостандықтың, еркіндіктің символы. Шеберханадағы шаң басқан алып ағаш-кеме де оның өз «Титанигі», өз арманы.

Бұл шеберханада түрлі бұйымдар мен үй жиһаздары жасалады. Домбыра, тоғызқұмалақ, шахмат тақталары, шкаф, оюлы үстелдер мен сандықшалар. Дайын болған өнімдер тапсырыс берушілерге жөнелтіледі. Шебердің айтуынша, Балалар үйіне де көмектесіп тұрады екен. Айта кетейік, шеберхана 35 сотталушыны жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ министрдің бұйрығы бойынша кей жазасын өтеушілер өз ағаштарымен немесе басқа да құрал-жабдықтармен қолөнер бұйымдарын жасап, үйлеріне жібере алады.

Ал наубайханада 7 адам еңбек етеді. Мұнда тәулігіне 520-530 дана нан пісіріледі. Барлығы осы мекеменің асханасына арналған.

Тігін цехында бұған дейін полиция формасы, сотталушылар киімі, т.б. тапсырыс бойынша түрлі заттар тігіліпті. Ал былтыр карантин уақытында обаға қарсы халаттар, медициналық бас киімдер мен халаттар, қолғап, сондай-ақ 30 мың бетперде тіккен. Екі цехта барлығы 26 тігін машинасы бар. 19 сотталушы жұмыс істейді.

Аталған жұмыс орындарының көбісі Ішкі істер министрлігі жанынан құрылған «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жатады. Бұдан бөлек мекемеде 5 ИП өз кәсібін жүргізіп отыр. Нәтижесінде, түрлі өндіріс аймақтарында жалпы саны 216 сотталушы жұмыспен қамтылған. Олар аптаның бес күні жұмыс істеп, Еңбек кодексіне сай айлық алады. Еңбекақылары әр түзеу мекемесінің депозиттік шотына, ал салығы бюджетке аударылады. Келтірген залалын өтеп жатқандардың жалақысынан 50 пайызы ұсталады. Айлық уақытымен және келісімді екі түрге бөлінеді. Яғни орташа айлық еңбекақы 8 сағат еңбек ететіндер үшін 42 500 теңге, ал келісімді еңбекақы (орташа) 98 033 теңгені құрайды. Республика бойынша былтыр жазасын өтеушілерге аударылған жалақы сомасы 703,5 млн теңгені құраған.

Қазіргі таңда жазасын өтеушілердіғ 19 мыңнан астамы еңбекке жарамды. Нақтырақ айтсақ, 61,6 %, яғни 12 мыңнан астам жазасын өтеуші жұмыспен қамтылған. Бұдан бөлек мекемелердегі шаруашылық кызметте істейтін 2 968, басқа да төленетін жұмыс орындарында 5 161 сотталушы еңбек етеді.

Мемлекеттік кәсіпорын өкілінің айтуынша, қазіргі таңда түзеу мекемелерінің өндірістік аумағындағы 181 391 шаршы метр алаңда жұмыстар жүргізілуде. Қалған 77 595 шаршы метр өндірістік алаң бос тұр. Яғни кәсіпкерлердің қосымша өндіріс ашуына болады. Кәсіпорын тарапынан тегін ғимараттар мен жер беріледі. Ал кәсіпкерлер пайдаланылған коммуналдық ресурстарға ғана ақы төлейді.

Айта кетейік, жазасын өтеушілер ақылы жұмыстардан бөлек жасақ кестесіне сай 2 сағат мекеме аумағындағы міндетті әрі тегін шаруашылық жұмыстарға тартылады.

P.S.: Біз мекеме аумағындағы өндірістік орындарды аралап жүргенде алыстан талып бір ән естіліп тұрды. Түрме сахнасына қарай аяңдадық.

Сотталушы Ғарифуллин 2014 жылдан бері осы мекемеде жазасын өтеп жүр. Бар өнері – ән жазады, сонысын нақышына келтіре орындайды. Кейде түзеу мекемесіндегі басқа да сотталушылардың жазған өлеңдеріне ән шығарады екен. Бейнелеп айтқанда, осы мекеменің талантты жұлдызы. Бұрын гитарада ғана ойнаған ол ямаханы түрмеден үйреніпті. Біз барғанда өз «репертуарынан» «Летние дожди» деген әнін орындап берді. Тыңдаған құлақта жазық бар ма, дауысы да, әні де жүрек толқытады.

 

Сонымен...

 

Жалпы, елімізде мемлекеттік бюджеттен түзету мекемелеріне аз қаржы бөлінбейді. Мәселен, біз барып қайтқан ЕЦ-166/5 мекемесі басшысының мәліметінше, 2020 жылы 326 миллион, ал биыл 419 миллион қаржы бөлінген. Былтыр сотталушының тамақтануына 870 теңге бөлінсе, ол сома биыл 1290 теңгені құрады. Яғни бұрын әр сотталушыға 400 гр нан белгіленсе, қазір 650 грамға ұлғайтылған. Осы сияқты басқа да тамақ өнімдерінің көлемі көбейтілді. Ал республика көлемінде мемлекеттік бюджеттен сотталғандарды ұстауға 2020 жылы 40 млрд 741 млн теңге, 2021 жылы 43 млрд 287 млн теңге қаражат бөлінген.

Байқап қарасақ, түрмеде де қосымша бір іске үйренуге һәм азын-аулақ ақша табуға мүмкіндік бар. Тіпті, түзету мекемелерінде өндірістік орындарды жүйелі түрде көбейтіп, екі тарапқа да пайдалы етуге болады. Бәлки, сонда мемлекеттік бюджеттен түзету мекемелеріне бөлінетін қаржы үнемделер. Бәлки, еңбек сотталушылардың қоғамда дұрыс өмір сүруіне сеп болар...