Әлем • 21 Шілде, 2021

«Үштік» Еуропалық одаққа кіруден үмітті

510 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өткен дүйсенбіде Грузия, Молдова және Украина президенттері Еуропа­лық Кеңестің президенті Чарльз Мишельмен кез­десіп, Еуропалық одаққа кіру мәселесін талқылады.

«Үштік» Еуропалық одаққа кіруден үмітті

Саммит қорытындысы бойынша аталған елдердің Еуропалық одаққа ену мүмкіндігін талқылау жөніндегі декларацияға қол қо­йыл­ды. Көптеген сарапшы бұл құжат Шығыс серіктестігіне мү­ше мемлекеттердің түбегейлі ер­кін­дік алуына жол ашатынын айтады.

Шығыс серіктестігі деп аталатын алаң 2008 жылы іске қо­сыл­­ған болатын. Оған ЕО-ға мү­ше мемлекеттер мен Кеңес Ода­­ғының құрамында болған алты мем­лекет – Украина, Бела­русь, Әзербайжан, Грузия, Мол­дова, Армения енді. Дегенмен, биыл­дан бастап Беларусь Шығыс серік­тес­тігі құрамынан шығып қалды.

Басты мақсат – аталған елдер мен қарт құрлық арасындағы сауда-экономикалық, екіжақ­ты қарым-қатынасты нығайту. Сондай-ақ елдер арасында визасыз еркін қатынас орнатуға да маңыз берілген. Қазіргі таңда Грузия, Молдова және Украина Еуропалық одақ құрамына сырт­қы саясат мәселесі бойынша қо­сы­луға ынта білдіріп отыр. Бұ­дан бөлек осы мемлекеттердің аза­мат­тары қарт құрлыққа виза ал­мастан-ақ еркін бара алады.

Биыл мамырда аталған ел­дердің сыртқы істер министр­лері тығыз ынтымақтас­тық жө­нін­дегі үшжақты келісім жасасты. Осылайша, келешекте Еуропадағы ортақ цифрлы на­рыққа, кедендік және энер­ге­тикалық одаққа, Шен­ген айма­ғы­на енуге, еуропалық ортақ нарыққа қосылуға ниетті.

Сөз болып отырған мемлекеттер Еуропалық одаққа қосылуға ынталы екенін бұрыннан айтып келеді. Мәселен, Украинадағы 2014 жылғы «Еуромайдан оқи­ғасы» осы ЕО-мен келісім­нің бұзы­луына байланысты еді. Осы­дан екі жыл бұрын Украинаның сол кездегі президенті Петр Поро­шенко 2024 жылы Еуропалық одақ құрамына қосылуға өтініш беретінін мәлімдеген еді.

Биыл Грузияның премьер-министрі Георгий Гахария қарт құрлықтың игіліктерін көруге ұмтылып отырғанын хабарлады. «Біз АҚШ, ЕО және НАТО-мен ынтымақтастықты жалғастыра отырып, аумақ­тық тұтастығымызды басқыншы­лар­дан қорғап, бейбіт жолмен қалпына келтіруге тырысамыз. Грузия 2024 жылы Еуропалық одақ­тың толық мүшелігіне өті­ніш беруге дайындалып жатыр», деп жазды Георгий Гахария Twitter-дегі парақшасында.

Грузия премьер-министрі бұл мәлімдемесін ел президенті Саломе Зурабишвилидің Брюс­сельге сапары барысында бөліс­ті. Яғни ресми Тбилиси қарт құрлыққа қосылуға шын пейіл танытып отырғаны анық.

Әңгімемізге қайта оралсақ. Бату­­миде өткен саммитте Еуро­­па­­лық Кеңестің президенті Чарльз Мишель үштікпен өткен жиы­н­ды еуропалық интегра­ция­­­ның маңызды кезеңі деп мәлімдеді.

«Біз үштіктің «бірлескен серік­тестер» мен Брюссель ара­сын­­дағы үйлестіруді дамыту жөнін­дегі бас­тамасын құп­тай­мыз. Бұл қадам болашақта ре­фор­ма­лар­ды жүзеге асыруға, күн тәрті­біндегі озық тәжірибелер­ді бөлісу­ге жол ашады», деді Мишель мырза.

Сондай-ақ Чарльз Мишель сам­митте сөйлеген сөзінде Гру­зия, Молдова және Украина тә­уел­­­сіздігінің 30 жылдығын атап өтіп жатқанына назар аудар­ды. Оның айтуынша, үштік бұл ке­зең­де түрлі қиындықтарды бас­тан өткерді.

Чарльз Мишель аталған ел­дердің әрқайсысы сыртқы күш­тердің ықпалымен ел аумағының біраз бөлігінен айырылып қал­ға­нын атап өтті. Мәселен, Мол­дованың Приднестровье, Гру­зияның Абхазия мен Оңтүстік Осетия, Украинаның Қырым мен Донбасс өңірлерінде шиеленісті жағдай әлі өзгерген жоқ.

Сондай-ақ Еуропалық Ке­ңестің президенті Одақ пен үш ел арасындағы серіктестіктің оң нәтижесіне тоқталды. Оның айтуынша, екіжақты қатынас тауар айналымын ұлғайтуға жол ашқан. Мәселен, кейінгі кезде сауда-экономикалық байланыс 45 пайызға өскен.

Үш мемлекеттің азаматтары Шенген аймағына кіретін елдерге еркін кіре бастағалы жарты мил­лионға жуық адам визасыз ре­жімнің пайдасын көрген екен. Со­ны­мен қатар 80 мыңнан астам жас Erasmus бағдарламасы аясында қарт құрлықтан білім алып келген.

Жиын барысында Грузия президенті Саломе Зурабишвили үш елге ортақ мәселелер көп екенін атап өтті. Бұл – олардың бір мүдде аясында топтасуына жол ашып отыр.

«Бізде ортақ нәрсе көп. Өткеніміз ортақ, егемендігіміз бен аумақтық тұтастығымызға төн­­ген қауіп ортақ, сонымен қатар қауіпсіздігімізге төнген мәсе­лелер мен тұрақтылығы­мыз­ға сыртқы және ішкі күштерден төнген қауіп те ортақ. Сөйте тұра өткен шаққа оралғымыз келмейтіні де бәрімізге ортақ. Сондықтан Еуропалық келешекке күресуге әзірміз әрі құлшынып тұрмыз», деді Саломе ханым.

Әйтсе де, Еуропалық одаққа кез келген ел емін-еркін кіре алмайтынын айта кеткен жөн. Мәселен, Түркия 1999 жылы ЕО-ға үміткер ел ретінде қабыл­данды. Ал ұйымның толыққанды мүшесі болу жөніндегі жұмыстар 2005 жылы басталды. Соған қара­мастан, әлі күнге дейін Ана­долы қарт құрлықтың бас ода­ғына ене алмай келеді.

Бұдан бөлек ЕО-ға үміткер 4 мемлекет бар. Солтүстік Маке­дония – 2005 жылдан, Чер­ногория – 2010 жылдан, Сербия – 2012 жыл­дан, Албания 2014 жылдан бері үміткер мәртебесін иеленді. Ко­сово мен Босния мү­шелікке кан­дидат атануға лайық елдер қата­­рында. Қыс­қасы, Еуропалық одақ­қа мүше болуға өтініш беру оңай бол­ғанымен, оған қабылдану қиын.

Аталған елдердің Еуропалық одақпен қарым-қатынас орна­туға ұмтылуы бекер емес. Қазіргі таңда аталған ұйым әлем­дегі ең үл­кен одақтың, одан қала берді ал­пауыт нарықтың бірі са­на­ла­ды. Оның үстіне, ЕО-ның шар­та­рап­т­ың түкпір-түкпі­ріне әсері ерек­ше. Мәселен, «Брюс­сель әсері» деп аталатын жаһан­дық заң­на­маларға ықпал ете­тін фено­мен бар. Яғни ЕО әлем­дегі ең үлкен тұтынушы нары­ғының бірі бол­ғандықтан, көп­те­ген транс­ұлт­тық корпорация­ Одақ құра­мында қызмет етуі үшін оның ережелерін қабыл­дауға мәжбүр.

Еуропалық одақ экономи­касының ауқымын мынадан-ақ аңғаруға болады. Қазіргі таңда қарт құрлық әлемдегі екінші экономика саналады. Ішкі жалпы өнім көрсеткішінің көлемі был­­­тыр 15 триллион долларды құ­ра­ды. Бұл жалпы әлем эко­но­ми­ка­сының алтыдан бірін құрайды.

Сондай-ақ ЕО әлемдегі ең ірі экс­порттаушы ретінде белгілі. Мә­с­елен, 2019 жылы Одаққа мү­ше мемлекеттер құны 2,13 трил­­лион еуродан асатын тауар­ды бас­­қа елдерге сатқан. Өз кезе­гін­де 1,93 триллион еуро­ның өні­­мін им­порттаған. Бұл – Еуро­па­лық одақ­тан тыс аймақтармен жасалған сауда-экономикалық байланысы.

Айтпақшы, Еуропалық одақ­­­пен әріптестіктің тиімділі­гін биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің басшы­ларына жолдаған үндеуінде атап өткен болатын. Еуразиялық эко­номикалық одақ төрағалығын қа­был­даған Президент осы ұйым­­ның алдағы 5 жылдағы басым ба­ғыт­тарын айқындап берген.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз үндеуінде сыртқы нарықтарға шығуды кезең-кезеңімен кеңей­ту, үшінші елдермен және инте­гра­циялық бірлестіктермен сауда-экономикалық қарым-қа­тынас­тарды қарқынды да­мыту­дың маңызына тоқтал­ған. Мұндай нәтижеге қол жет­кізу үшін Мемлекет басшы­сы «ЕАЭО – ЕО» форматын­да диалог қалыптастыру жұ­мы­сын белсенділендіріп, жүйелен­діру­дің маңызын атап өткен. «Еуропалық комиссиямен және Еуроодақтың өзге де органдарымен ынтымақтастық теңқұқылы және прагматикалық тұрғыда болуға тиіс», деп атап көрсеткен Қазақстан Президенті.

Жалпы, Еуропалық одақпен ынтымақтастық Қазақстан үшін тиімді болмақ. Мәселен, ЕО мемлекеттері Қазақстанның мұнай, газ, түсті металдар секторына қызығушылық танытады. Атом электр стансалары өте көп Франция секілді мемлекеттер Қазақстанның уран өнімдеріне зәру. Еуропалық трансұлттық компанияларды Қазақстандағы қолайлы инвестициялық ахуал қызықтырады.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері Еуропалық одақпен сауда-эко­номикалық байланыстарын жо­ғары қарқында дамытуға қол жет­кізді. Бүгінде бұл Одақ – елі­міз­дің басты сауда және ин­вес­ти­ция­лық серіктестерінің бірі. Қазақ­станның сыртқы сауда ай­на­лымы мен ел экономикасы­на тар­тылған шетелдік инвести­ция­лардың жартысы ЕО үлесіне тиесілі.

Еуропалық комиссияның мәліметіне қарағанда, 2019 жылы Қазақстан мен ЕО арасындағы тауар айналымы 24,3 млрд еуроны құраған. Осылайша, біздің ел ЕО-ның сыртқы сауда әріптестері тізімінің 31-сатысына жайғасты. Соның ішінде қарт құрлыққа 18,3 миллиард еуро көлеміндегі өнімді экспорттасақ, импорттың құны 5,9 миллиард еуродан асты.

Тәуелсіздік алғалы бері «то­ғы­­зын­шы аумаққа» 330 млрд дол­­лар тікелей шетелдік инвес­ти­­ция тартылған. Соның 50 па­йыз­ғ­а жуығы қарт құрлықтың еншісінде.

Қорыта айтқанда, Еуропалық одақпен ынтымақтастық жасасу, оның құрамына ену кез келген мемлекетке жаңа мүмкіндіктер сыйлайды. Сондықтан Ук­раина, Грузия секілді Кеңес Ода­ғы­ның құрамында болған елдер атал­ған ұйымға үмітпен қарай­ды. Осы орайда Қазақстан ЕО-ға мүшелікке енбесе де, екі­жақ­ты сау­да-экономикалық байланыс­тар­­ды нығайтуға мүмкіндігі мол.