Мәжіліс Төрағасының орынбасары Балаим Кесебаева, Мәжіліс депутаттары Ғалым Әміреев, Бақытбек Смағұл, Геннадий Шиповских және «Ақ жол» фракциясының мүшесі Берік Дүйсенбинов Қызылорда облысындағы шалғай елді мекендерге барып, қуаңшылық орын алған ауылдарды аралады.
Вице-спикер төтенше жағдай жарияланған Арал ауданында тұрғындармен кездесу барысында қуаңшылық, жайылымдық, шабындық жерлерді суландыру, төрт түлік малға қажетті жемшөп, жол мәселелері қиындық тудырып отырғанына назар аударды.
Мәжілісмендер Арал ауданындағы Қамбаш көлі аймағының қазіргі жағдайымен танысып, Қамыстыбас, Бөген, Қаратерең, Жаңақұрылыс елді мекендері тұрғындарымен жүздесіп, жергілікті жердегі түйткілді мәселелерді анықтады.
Балаим Кесебаева қуаңшылық мәселесі жүйелі түрде айналысатын ауқымды проблема екенін, бұны аумақаралық деңгейде көтеру қажеттін айтты. Сонымен қатар су мәселесіне өте байыптылықпен қарап, экологиямен мұқият айналысу қажеттігін атап өтті. Депутаттар басқа облыстардан тасылып жатқан жемшөпті жұртшылыққа жеткізу, оның бағасы қолжетімді болуы мәселелерін, сондай-ақ сумен қамту, бұлақ көздерін ашу секілді түйткілдерді шешу жолдарын қарастырды.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаттары Қазалы, Сырдария, Шиелі, Жалағаш, Қармақшы аудандарына және шалғай жатқан ауылдық елді мекендерге барып, халықтың тыныс-тіршілігімен танысты.
Мәжілісмендер Дүйсенбай Тұрғанов пен Нұрлыбек Ожаев Атырау облысының Исатай ауданына жұмыс сапарымен барды. Онда 2022 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс Атырау-Астрахань күре жолының құрылысымен танысты. Пандемия кезінде жол салу жұмыстары тоқтамағанымен, жергілікті тұрғындардың айтуынша, құрылыс баяу жүруде. Айта кету керек, қазір 277 шақырым жолдың 53 %-дан астам бөлігі аяқталған.
– Қазіргі уақытта ел іші қауіпті індеттен зардап шегіп отырғанда жол салу жұмыстарының тоқтамай жүргізілуі көңілге қуаныш ұялатады. Десе де, бұл мәселенің шешілуін халықтың көп жылдан бері күткені, әбден шымбайынан өткені белгілі. Сондықтан да осы маңызы зор жол құрылысының сапалы жүргізіліп, уақтылы аяқталуы басты назарда болады, – деді Нұрлыбек Ожаев.
Сапар барысында депутаттар Исатай ауданының орталығы Аққыстау ауылында тұрғындармен жүздесіп, олардың өтініш-тілектерін тыңдады. Ауылдықтар экологиялық мәселелерді ортаға салып, ұсыныстарын да жеткізді. Қазір аудан су тапшылығының салдарынан қиындық көріп отыр. Өйткені жайылым мен шабындыққа су шықпай, төрт түліктің жағдайы қиындаған. Одан бөлек, Каспий теңізі деңгейінің төмендеуіне байланысты қалыптасқан қиындықтар да айтылды. Мәжіліс депутаттары аталған мәселелердің оң шешілуіне күш салатындарын жеткізді.
Мәжілістегі Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері Аманғали Бердалин, Ғалымжан Елеуов және Зүлфия Сүлейменова Ақтөбе облысының Алға қаласындағы әлеуметтік тұрғын үйлердің құрылыс алаңында құрылысшылармен проблемалық мәселелерді талқылады.
Партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасына Алға ауданында 2021-2025 жылдары 3 бес қабатты 60 пәтерлі жалға берілетін коммуналдық тұрғын үйлер салу енгізілген. Қазір олардың екеуінің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Бірінші үй қыркүйек айында салынып бітуге тиіс. 2023 жылы пайдалануға беру жоспарланған екінші үйдің іргетасы сәуір айында қаланса да, жұмысты жыл соңына дейін аяқтау ұйғарылып отыр. Бұл белгіленген мерзімнен екі жыл ерте.
– Біз үшін партияның сайлауалды бағдарламасына енгізілген нысандарды салуға мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаржыны сапалы игеру маңызды. Мердігерлерде 2018 жылы дайындалған сметалық құжаттама бойынша сұрақтар бар. Биылғы көктемнен бастап құрылыс материалдарының бағасы айтарлықтай өсті. Мысалы, сырттан әкелінетін арматура шамамен екі есе қымбаттады. Nur Otan партиясының өңірлік даму бойынша кеңесінде біз бұл мәселені көтердік. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері жақын арада бұл жағдайдан шығудың жолы табылатынына сендірді, құрылысшыларға көмек көрсетіледі, – деді Аманғали Бердалин.
Ал Мәжіліс депутаты Зүлфия Сүлейменова жетім балалар мен көпбалалы аналардың мәселелерін шешу үшін әлеуметтік тұрғын үй салудың маңыздылығына назар аударды.
– Қазір Мәжілісте талқыланып жатқан бала құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі заң жобасында жетім балалар мен өмірлік жағдайларға байланысты ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үй құқығын қорғауға бағытталған нормалар қарастырылады. Көпбалалы аналарды өз шаңырағымен қамтамасыз ету де басымдыққа ие. Сондықтан мұндай құрылыстардың маңызы ерекше, – деді Зүлфия Сүлейменова.
Мәжіліс депутаттары, Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері Алматы облысында халықты жұмыспен қамту мәселелері қалай шешіліп жатқанына көңіл бөлді. Данияр Әлімбаев, Айгүл Құспан, Әлия Әбсеметова, Мақпал Тәжмағамбетова, Жанарбек Әшімжанов және Жанна Телпекбаева Ақсу ауданындағы Aksu Kant қант зауытын жаңарту жұмыстарымен танысты.
Бүгінгі таңда бұл кәсіпорын – еліміздегі өзінің шикізат базасы бар және қант қызылшасын, бидай, жоңышқа өсіретін жалғыз қант зауыты.
Зауыт директоры Самат Нәдірбаевтың айтуынша, кәсіпорын мемлекет пен инвесторлардың қолдауымен жұмыс істейді. Өткен жылы зауыт жемшөп нарығында мүлдем жаңа өнім – сығымдалып, пакеттелген қант қызылшасы сығындысын шығаруды бастаған.
– Зауыттың өндірістік қуаттылығына шығу үшін біз қосымша суармалы жерлерді іске қосу есебінен, оның ішінде тамшылатып суаруды енгізу, зауыттың жер учаскелерін озық шаруа қожалықтарына ұзақмерзімді жалға беру арқылы егіс алқаптарын ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ құрғақ шикізатын сатып алу және қайта өңдеу мәселесі пысықталуда, – деді Самат Нәдірбаев.
Мәжілісмендер жергілікті халықты жұмыспен қамту мүмкіндіктеріне назар аударды.
– Өндірісте жергілікті жастардың осы істі оқып, қосымша машықтар алуына мүмкіндік бар екендігі қуантады, – деп атап өтті Айгүл Құспан.
Аудандағы кездесулер барысында Мәжіліс депутаттары бірқатар проблемалық мәселені, соның ішінде Ақсу, Буйен өзендерінің бойында су қоймасының жоқтығын, сондай-ақ ирригациялық желілерді жүргізу қажеттігін талқылады. Сонымен қатар аудандық аурухана үшін компьютерлік томограф сатып алу мәселесі де көтерілді.
Мәжіліс депутаттары, Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері Гүлдара Нұрымова мен Мейрамбек Төлепберген Жамбыл облысы Жамбыл ауданындағы «Тимофеев» шаруа қожалығының еңбеккерлерімен кездесті.
Шаруа қожалығының басшысы Андрей Тимофеев бірқатар проблемалық мәселені ортаға салды. Соның бірі – ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу. Бүгінде техниканы 17%-бен лизингке алуға болады, оның 10%-ын мемлекет қайтарады. Бірақ мәселе фермерлерге осы 10%-ды алу қиынға соғып отырғанында. Алдымен фермердің өзі барлық 17%-ды төлейді, содан кейін оның өтініші негізінде 10%-ы қайтарылады. Бұл процесс уақыт алатындықтан, фермерлердің жұмысын, әсіресе егін егу кезінде қиындатады. Осындай жағдай жанармай бойынша да байқалады.
Сонымен қатар биылғы құрғақшылықтан пайда болған жемшөп тапшылығы оның құнының артуына және өнімнің қымбаттауына әкелетіні жайында сөз қозғалды. Бұған өңірдегі ет бағасының 300-400 теңгеге өсуі айғақ.
Депутаттар шаруалар қойған сұрақтарға жауап беріп, азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын және мал азығының тапшылығы мәселесі аграрлық секторды дамыту бойынша аймақтық Қоғамдық кеңесте қаралатынын айтты.