Таяуда жаман тұмаумен күресіп жатқан медицина орталықтарына баспасөз туры ұйымдастырылды. Әрине, барлық сақтық шарасы сақталды. Бас көтеруге мұршасы болмаса да, ақ халатты абзал жандар статистикалық деректердің әншейін ойдан шығарылмағанын, адам жанын тітіркентетін деректердің барлығы шындық екенін ашына отырып айтып берді. Енді сол деректерді келтіре кетелік. Өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда, облыста індет үш есе өскен. Әсіресе 18 жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдерге, созылмалы сырқаты бар адамдарға ешкімді аяуды білмейтін қауіп-қатер төндіріп тұр. Себеп біреу-ақ, әзірше олар үшін вакциналау жоқ. Тығырықтан шығар жалғыз жолды мамандардың нұсқап көрсетуіне қарағанда, тұрғындардың бұл санатын тек ұжымдық иммунитетпен қорғауға болады. Бірақ бұл тарапта да олқылықтың орын алып отырғанын ашына айтуға тиістіміз. Мәселен, облыс орталығындағы вакцина алуға жататын 780 мыңнан аса адамның бүгінде небәрі 140 мыңға жуығы ғана екпе алған. Иммунитетті қорғаныстың қанат жаймауы да сол себепті. Осыдан барып індеттің бой бермей тұрғанын байқауға болады. Керісінше өрши түскен. Айталық өткен жылдың алты айында облыс бойынша 143 бала емделсе, биылдың басынан бері екі мыңнан аса кәмелетке толмаған бала дерт шеңгеліне іліккен.
Індетпен алысып жатқан медицина қызметкерлерінің айтуына қарағанда, сырқаттардың 70 пайызға жуығы ауыр жағдайда түседі екен. Бұл арада балалардың жайы алаңдатпай қоймайды. Сондай-ақ жүкті әйелдердің дертке шалдығуы да азаймай отыр. Тек соңғы аптада ғана індет жұқтырғандар саны екі есе көбейіпті. Орны толмас қайғы – адам өлімі де жиілеген.
Нақты көрініс осылай бола тұра, адамдардың біраз бөлігі вакцинаға әлі де күмәндана қарайтынын жасыруға болмас. Оның үстіне карантин талаптарын сақтай бермейді. Бәз-баяғыдай жүздеп адам жиналатын той-томалақ, ас, жаназа, құдалық өткізіліп жатыр.
– Қазір вакцина өте маңызды. Елді аман алып қалатын жалғыз қадам – осы, – дейді облыстық аурухананың бас дәрігері Нұрлан Жаров.
Ауру көбейген сайын жедел жәрдем дәрігерлеріне түсетін салмақ та ауырлаған. Баспасөз туры барысында облыстық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Александр Высоцкий ұжымының қаншалықты қажырлы қызмет етіп отырғанын таратып айтып берді. Өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда, ауруханаларға жатқызылғандар саны 54 пайызға өскен. Оның ішінде аса ауыр халдегі сырқаттардың саны екі есе көп екен. Маусым айында ғана ковид жұқтырды деген күдікпен
3 800 адам ауруханаларға жеткізіліпті. Тәулігіне мыңдаған шақыру түседі. Облыс орталығының өзінде ғана 400-ге жуық тұрғын жедел жәрдем қызметіне жүгінеді.
Қазір 68 медициналық жедел жәрдем бригадасы жанталаса жұмыс істеп жатыр. Өткен жылы жүктеменің көбеюіне байланысты қосымша реанимобильдер сатылып алыныпты. Талап та өскен. Жедел жәрдем көлігін тексеруге, сырқаттарды ауруханаға жатқызуға, одан кейін дезинфекциялауға бір сағатқа жуық уақыт кетеді екен. Операторлардың өтініш білдірген тұрғындармен сөйлесу тәртібі де өзгерген. Аурудың белгілері мен науқастың жағдайы, адамдар көп жиналған іс-шараларға қатысқан-қатыспағандығы, жол сапарға шыққан-шықпағандығын анықтау үшін сұрақтар қояды.
Індет өрши бастағаннан-ақ әр күн сайын денсаулық сақтау басқармасы, жергілікті атқарушы орган өкілдері ресми парақшаларда бүгінгі орын алып отырған жайды айна-қатесіз көрсететін, бір қарағанда, барынша қорқынышты көрсеткіштермен бөліседі. Алғашқы бетте дүрлігіп қалғанымен, қазір еті үйреніп кеткен көпшілік мәселеге жеткілікті мән бермей отыр.
Ақмола облысы