Аймақтар • 22 Шілде, 2021

Алматыда індеттің өршуіне байланысты шектеу шаралары күшейтіледі

285 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда індетке шалдыққандар 4 есе көбейгендіктен, қосымша шектеу шаралары енгізілмек. Бүгін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың төрағалығымен өткен коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу жөніндегі Қалалық штабтың отырысында мегаполисте қосымша шектеу шараларын енгізу туралы мәселе қаралды, деп жазады Egemen.kz.

Алматыда індеттің өршуіне байланысты шектеу шаралары күшейтіледі

Аумақтық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, Алматы қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин шілденің 3 аптасында коронавирустық инфекцияның 12 мыңнан астам жағдайы тіркелгенін айтты, бұл маусым айының осы кезеңіндегі көрсеткіштерден 4 есе жоғары. Демек, қоғамда COVID-19-дың таралу қарқыны жоғары, сондықтан қатаң шектеу шаралары енгізілуі тиіс.

Бүгінде инфекция жұқтыратын негізгі орындар: базарлар, қоғамдық көліктер, мейрамханалар, кафелер, барлар, адамдар көп жиналатын саябақтар мен жаяу жүргіншілер көшелері болып тұр.

Эпидемиологтардың айтуынша, базарларда дерт жұқтыру 10%-дан 15,9%-ға дейін, сауда нысандарында 31%-дан 39,7%-ға дейін, демалыс саябақтарында және жаяу жүргіншілер көшелерінде ­– 1,2%-дан 5%-ға дейін өскен. Сондықтан Мекемеаралық комиссияның ұсынысы бойынша коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін шектеу шараларын күшейту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, нысандардың жұмыстарына барынша қатаң шектеулер  қою жоспарланды. Қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына жақын арада тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізіледі әрі жарияланатын болады.

Сонымен қатар, карантиндік шаралардың сақталуын бақылау жөніндегі мониторингтік топтардың жұмысы туралы мәселе қаралды. Бүгінде Алматыда 40 мониторинг тобы жұмыс істейді. Шілде айының басынан бастап 278 көшпелі іс-шаралар өткізілді, 2733 объекті қамтылды, 245 бұзушылық анықталды. Заңды және жеке тұлғаларға 173 хаттама жасалды. Әкімнің орынбасары Ержан Бабақұмаров Ashyq-та жұмыс істейтін нысандар арасында тәртіп бұзушыларды анықтау жұмыстарын күшейтуді және қоғамдық орындарға «қызыл мәртебемен» барғандарды жауапкершілікке тартуды тапсырды. Бұдан өзге, мобильді мониторингтік топтардың жұмысын InfoKazakhstan электронды платформасына тіркеу арқылы жаңа жұмыс форматына көшіру туралы тапсырмалар берілді.

Айта кетерлігі, қолданыстағы шектеулерді күшейту инфекцияның жаппай тарауының алдын алуға бағытталған, бұл денсаулық сақтау жүйесіне ресурстарды тиімді бөлуге және сапалы медициналық қызмет көрсетуге, төсек орындар мен медицина персоналының тапшылығын болдырмауға мүмкіндік береді.

Инфекция отбасылық байланыстарда 17,7%-дан 19,4%-ға дейін өскен. Сондықтан қалалықтарға коронавирус инфекциясына қарсы вакцина алу қажет, бұл тұрғындардың денсаулығын қорғайды және жақын адамдарды дерттен сақтайды.

«Қалада эпидемиялық ахуал күрт ушықты. COVID-19-дың «Дельта» штамын жалғасып жатыр. Қалада денсаулықты сақтау мен эпидемияның алдын алудың жалғыз жолы – тек вакциналану. Сондай-ақ бәріміз бетперде режимін және әлеуметтік арақашықтықты сақтауға тиіспіз», ­­деді Ержан Бабақұмаров. Ол екпе салдыру, бетперде режимі мен әлеуметтік арақашықтықты қатаң сақтау эпидемияның өршуі кезінде өте маңызды екенін атап өтті.

Қалалықтардың денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету үшін ұжымдық иммунитетті қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Бүгінде Алматыда 665 мың адам бірінші компонентпен вакциналанды. Қалада медициналық ұйымдарда, мектептерде, мәдени және спорттық мекемелерде, базарларда және қаланың СОСО 212 вакцина салу пункттері жұмыс жасап отыр.