Руханият • 22 Шілде, 2021

Елеусіз қалған ескерткіш

390 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұландының ит тұмсығы өтпейтін қалың орманы сәл сейілген, ат төбеліндей алқапта, Өзектісайда заманында даңқы жер жарған Балуан Шолақтың ескерткіш кешені аңызғақ желден, ақ жауыннан тозып, жетімсіреп тұр.

Елеусіз қалған ескерткіш

Балуанның бейітін ертеректе көргенбіз. Жолсапарда жүрген кезімізде жампоздың жамбасы тиген жер туралы естіген соң әдейілеп ат басын бұрғанбыз. Ол кезде мемориалдық кешен орнатылмаған, зираты тойған қозыдай томпиып қана жатқан тұсы еді. Жергілікті басылымдарда балуанның бағасына же­тейікші деп жан айқайын жаз­дық.

в

Кейін 2005 жылы мемориал-кешен тұрғызылды. Ба­тырлықтың бағасын біле­тін жұрт­тың қуанышында шек бол­ған жоқ. Арқаның арыс­та­нының өзі болмаса да рухы туған елімен табысып, ақ түйенің қарны жарылған айтулы оқиға болды. 14 жасынан бастап бозкілемде белдескенде жаурыны жерге тиіп көрмеген, кейін ел аңызға айналдырған неше қилы күш өнерін көрсеткен, шу асаудың құлағында ойнаған, ет жүрегі елжірей сүйген Сарыарқасын сазды әуенімен тербеткен Балуан Шолақты Алаш баласында естіп-білмеген адам жоқ шығар. Таяуда тағы да бейіт басына жол түсті. Асылында біз өзгені қайдам, уәдеге жомарт халықпыз ғой. Он бес жыл бұ­рын мемориалдық кешен орнатылғанда, берілген сертті сөзде шек жоқ еді. Тарихи орын­ның бүтіндігіне жауапты адамдар баладай баптап күте­міз дескен. Ауылдан небәрі бес ша­қырымдай жердегі ес­керт­кіш кешенге баратын тақ­тайдай жол салынады деп құдай сөзі – уәделерін берген. Бірі де орын­далмапты. Жалпақ жұрт­ты тал бойындағы тамаша қа­сиет­терімен тәнті еткен жа­­рық­тықтың кешені жаны ашы­мастықтан тозып кеткен.

– Осы бес шақырым жолды көлікпен жүріп өткенде белің үзіле жаздайды, – дейді ба­луанның немересі Шайдолла Шолақов, – кешен де тозып кет­ті. Келімді-кетімді кісілерден ұят.

Облыстық ескерткіштерді қорғау орталығының басшылары балуанның ескерткіш кешені қорғалуға тиісті нысандардың тізіміне енгізілмей қалғандығын айтып отыр. Алдағы уақытта арнайы комиссияның назарына ұсынбақ. Ауданда да ауыз толтырып айтатын іс жоқ.

– Биыл жобалық-сметалық құжаттарын жасаймыз, – дейді аудан әкімінің орынбасары Ораз Смағұлов, – қанша қаражат қажет екендігі сол кезде белгілі болады. Әзірге қол қысқа.

Дүйім ел рухани жаңғырып, кемелденіп жатқанда, Балуан Шолақтай бабамыздың ке­ше­нін келістіріп, күтіп ұстай ал­мағанымыз көрген жаннан ұят тіпті!..

 

Ақмола облысы,

Бұланды ауданы