Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеуге байланысты өткен онлайн брифингте Нұр-Сұлтан қаласы ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов бүгінге дейін халықаралық, республикалық, қалалық және аудандық деңгейде 300-ден астам түрлі іс-шара ұйымдастырылғанын атап өтті. Отыз жылдықты мерекелеуге қатысты әртүрлі форматтағы тағы 800-ден астам шара өткізілмек. Оның 700-ден астамы қалалық және аудандық деңгейде болса, 80-і халықаралық және республикалық деңгейде ұйымдастырылмақ.
«Жастар арасында спортты насихаттау, өскелең ұрпақты салауатты өмір салтына тәрбиелеу мақсатында қала әкімдігі Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу аясында бірқатар республикалық және қалалық спорттық іс-шаралар өткізді. Сондай-ақ қала тұрғындарын бұқаралық спортқа тарту үшін спорт нысандары да ашылды. Атап айтқанда, Бокс орталығы, Көркем гимнастика орталығы және Жекпе-жек залы қазір жұртшылықтың жиі баратын мекеніне айналды. Қаланың шеткі елді мекендері де назардан тыс қалған жоқ. Өндіріс, Көктал сынды алаптарда дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, жауынгерлік өнер орталықтары ашылды», дейді Д.Бабамұратов.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өткізілетін шараларға елорданың барлық мәдениет мекемесі жұмылмақ. Мереке барысында офлайн және онлайн режімде арнайы тақырыптағы концерттік бағдарламалар, спектакльдер, қойылымдар, шығармашылық кештер, көрмелер, экскурсиялар өткізіледі.
Бүгінге дейін қалада Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 30 қайырымды іс өткізілетіні хабарланған еді. Жалпы, мұндай шаралар жыл сайын қолға алынады. Бірақ отыз жылдықтың аурасы ерекше. Осыған орай ұйымдастырылатын мерекелік шаралардың ауқымы да бөлек. Мейрамда мерекелік көңіл күйді көтеру мақсатында концерттік бағдарламалар ғана емес, елдің есінде қаларлық қайырымдылық акциялары, қамкөңіл жандарға қолұшын беру, әлеуметтік көмек жасау, асар өткізу секілді шаралар да қамтылмақ.
Айтпақшы, дарынды жастар да назардан тыс қалмайды. Олардың талантын ұштау, қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты 30 грант берілгелі отыр. Елорда Инфо сайтының хабарлауынша, жастар «Ғылым», «Мәдениет», «Бизнес», «Ақпараттық технологиялар», «Медиа» бағыттары бойынша өз жобалары мен жаңа идеяларын ұсынып, бақ сынай алады. «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттары дарынды әрі қабілетті жастарды мемлекеттік қолдау мақсатында жыл сайын беріледі. Үміткерлердің конкурстық өтінімдерін қабылдау 20 қыркүйекке дейін жалғасады. Бұл – талантты жастарға үлкен мүмкіндік», дейді Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Сонымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған шаралар көп. Әлбетте, пандемияға байланысты жоспарға өзгерістер енгізіліп, форматы түзетілуі мүмкін дейді ұйымдастырушылар. Дегенмен де басты шаралар өткізіледі. «Жыл соңына дейін қалада ел егемендігінің 30 жылдығына арналған жүздеген спорттық, мәдени, ғылыми-танымдық, қайырымдылық іс-шарасын өткізу жоспарда бар. Бұл жағдайда санитарлық нормалар мен шектеу шаралары қатаң сақталады», дейді Д.Бабамұратов.
Басқарма басшысы, сондай-ақ маусым-шілде айларында Нұр-Сұлтанда Мемлекеттік рәміздер күні, Медицина қызметкерлері күні, Қазақстан полициясы күні және Елорда күні сияқты мерекелерге арналған 200-ден астам түрлі іс-шара өткеніне де тоқталды. «Биыл Елорда күнін мерекелеу әлеуметтік жобаларға арналды және тек әлеуметтік сипатта болды. Осылайша, халықтың әлеуметтік осал топтары арасында кезекте тұрғандарға пәтер кілті тапсырылды, құрылысы ұзаққа созылған 20 үй аяқталды, Өндіріс және Көктал елді мекендерінде ірі дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілді. Сонымен қатар көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мамандандырылған балабақша ашылды, 50-ден астам ауланың, 10-ға жуық қоғамдық кеңістіктің құрылысы аяқталды», деді ол.
Бұдан бөлек, елордада қазақ халқының белгілі тұлғалары — Дина Нұрпейісоваға, Қаныш Сәтпаевқа, Әлихан Бөкейханға, Ахмет Байтұрсынұлына және Міржақып Дулатұлына ескерткіштер орнатылды. Сондай-ақ Тәуелсіздік мерейтойына орай Нұр-Сұлтанда «Құтқарушылар саябағы» ашылды.