Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен РФ Өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары Олег Бочаровтың қатысуымен «Қазақстандық авиациялық индустрия» ЖШС-нің (ҚАИ) «Орал азаматтық авиация зауыты» АҚ еншілес компаниясы «Байкал-инжиниринг» ЖШҚ-ға қатысу үлесін сатып алуы туралы келісімшартқа қол қойылды.
Қазақстан тарапы бұл жобаға 1 млрд рубль көлемінде инвестиция салып, жобадағы миноритарлық үлеске ие болады және осы ұшақтарды өндіруге лицензия алады. Келісім 2024 жылдан бастап ҚАИ базасында «Байкал» түріндегі ұшақтар өндірісін ұйымдастыруды көздейді. Өндірістің қуаты – жылына 30-50 ұшақ. Қазақстандық кәсіпорын үшінші елдерге арнап экспорттық нұсқада «Байкал» ұшақтарын лицензиялық өндіру құқығына ие болды.
Сондай-ақ Қазақстанның авиациялық әкімшілігі және Росавиация арасында ұшу жарамдылығы бойынша жұмыс келісіміне қол қойылды. Келісім ұшу жарамдылығы сертификаттарын, үлгілік сертификаттарды және әуе техникасының бөлшектері мен жиынтықтауыштарын, оның ішінде ұшқышсыз әуе жүйелерін бағалауды, сынауды және тексеруді қайталамай пайдалануға рұқсат беру тәртібін оңайлатуға бағытталған. Келісім өзгерістерді, модификацияларды өзара мақұлдауға, әуе техникаларын және оның жинақтауыштарын жөндеуді дамытуға, сондай-ақ азаматтық әуе техникасының үлгілік конструкциясын мақұлдаудың (валидациялаудың) оңайлатылған тәртібі үшін қолайлы жағдайлар жасауды көздейді.
Бұған қоса «Жуковский атындағы институт» ҒЗО-мен ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Профессор Н.Е.Жуковский атындағы Орталық аэрогидродинамикалық институт (ОАГИ) қазақстандық «ҚАИ» ЖШС-мен келісімге қол қойды.
Бірлескен қызмет бағыттары ішінде «ОАГИ» ФГУП ғылыми-сынақ базасын пайдалана отырып, зерттеу жобаларына, ұшқышсыз ұшатын аппараттарды (ҰҰА), ұшу тренажерларын әзірлеуге қатысу бар.
Kazakhstan Gharysh Sapary ұлттық компаниясы Авиациялық ғылым орталығымен ғарыш саласында бірлескен Қазақстан-Ресей бағдарламалары туралы келісім жасасты.
«Роскосмос» МК, «Рособоронэкспорт» АҚ, ФСВТС, «Алмаз-Антей» әуе шабуылына қарсы қорғаныс концерні» ААҚ және «Ресей тікұшақтары» АҚ басшылығымен ғарыш саласындағы және қорғаныс-өнеркәсіп кешеніндегі ынтымақтастық мәселелері бойынша жұмыс кездесулері өтті.
Сонымен қатар министр Бейбіт Атамқұлов Airbus тобының Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдеріндегі вице-президенті Жак Гарригпен және Беларусь Республикасының Мемлекеттік әскери-өнеркәсіптік комитетінің төрағасы Дмитрий Пантуспен келіссөздер жүргізді. Беларусьтық серіктестер арнайы мақсаттағы өнімдерді өндіру бойынша технологиялар трансфертіне қызығушылық білдірді.
Кездесулердің барлық қатысушысы Қазақстан басшылығының екіжақты қарым-қатынастар мен өнеркәсіптік кооперацияны дамытудағы зор еңбегін атап өтті.