Сайлау • 23 Шілде, 2021

Айыртаудың айы оңынан туады

562 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазір «Баяғыда болыс сайлауы деген болған екен. Енді әкім сайлауы болатын болды...», деп әңгіме-дүкенді қыздырып отыр ауылдықтар. Олар былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында Қазақстан халқының 40 пайызы ауылдық жерде тұратынын айта келе, округ әкімдерін халық сайлауы керектігін айтқанда елең ете түскен. Енді сол сөз шындыққа айналып, тәуелсіз ел тарихында тұңғыш рет ауылдық округ әкімдерін тұрғындар сайлайтын күн де келіп қалды.

Айыртаудың айы  оңынан туады

Сайлау күніне дейін әкім­дікке үміткер азаматтар ауыл жұртымен жүздесіп, сайлауал­ды бағдарламаларымен танысты­рып жүр. Жуырда Ұлан ауданы, Айыртау ауылдық округінде «Ауыл» халықтық-демо­кра­тиялық патриоттық партиясы атынан түс­кен кандидат Дархан Төлеуханов тұрғындармен кездесу өткізді.

Айыртау ауылы Өскеменнің іргесінде болғанымен, қорда­ланған мәселесі баршылық. Атап айтсақ, жайылымдық, шабындық жері тар. Көшелері жөндеу көрмеген, жарық тартылмаған. Ауызсу мәселесі және айтылып келеді. «Ауыл» пар­тиясы атынан сайлауға түсіп отыр­ған Д.Төлеуханов Айыртауда туып-өскендіктен, аталған проб­лемаларды бес саусағындай бі­леді. Ауылдың мәдениет үйіне жи­налған айыртаулықтар да, сырттан келген басшыдан гөрі ауыл азаматы тізгінді қолға алса деген тілектерін айтып жатты.

Жас үміткер Дархан Төлеу­ханов жоғары оқу орынын тә­мам­даған соң туған жеріне қай­тып оралған. Содан бері ауылда дзюдо мен қазақша күрестен жат­тықтырушы. Жастарды саламат­ты өмірге бау­лыды. Спортта өзінің жеткен же­тіс­тіктері де аз емес. Одан бөлек, аудандағы қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып жүретін. «Жас келсе іске» деуші еді ғой, енді халық қолдап жатса, Дархан Кәдір­ұлы туған ауылы үшін қызмет етуге дайын.

– Ауылдағы ауызсу, көшелер­ді жөндеу, жарықтандыру сияқ­ты мәселелерді жақсы білемін. Қазірдің өзінде төрт көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүр­гізіліп жатыр. Алдағы күндері асфальтын төсейді. Ол үшін 120 млн теңге қаржы бөлінген. Жөн­деу жұмыс­тары төрт көшемен шектелмейді, келер жылдары да жалғасын таба бермек. Айыртау мен Қанай ара­сындағы жол да жаңартылады. Соны­мен қатар жайылым және шабындық жерлер жеткіліксіз, – деп ауылдағы жағ­дайды жақсы біле­тінін аң­ғарт­ты Дархан Төлеу­ханов. Олар­ды шешу жолдары  сай­­лауал­ды бағдарламасында қарас­тырылған көрінеді.

– «Ауыл» партиясы атынан облыс бойынша округ әкімдігіне 18 үміткер ұсынылды. Олардың бәрі белгіленген талаптарға сай. Солар­дың бірі – Айыртау ауыл­дық округінің әкімі лауазымына үміткер Дархан Кәдірұлы. Үміткер жалғыз емес, оның артында партия тұр. Облыста біздің партиядан 15 депутат бар. Оның үшеуі – облыстық мәслихат­тың депутаттары, – деді «Ауыл» партиясы облыстық филиалы басшысының орынбасары Камал Арынханов.

Ал ауыл ақсақалы Қадылбек Сағынғановтың пікірінше, ауылдан шыққан азамат туған жері үшін жанын беріп, еңбек етеді. Бір жағынан өзіміз сайлаған соң, қандай мәселе болса да төтесінен айта аламыз деседі халық.

– Бұрын ауыл әкімін депутаттар сайлаған. Енді, міне, халық сайлайтын болды. Алайда бюджеттен қаржы бөлінбесе, ауыл әкімі жұмыс істеп жарытпайды. Айтайық дегеніміз, халық қол­да­ғанымен, сайланған әкімді аудан әкімдігі де қолдауы керек, – десті жұрт бірауыздан. 

Кездесуден кейін кандидат Дархан Төлеуханов пен сенімді өкілдері ауылды аралап, жөнделіп жатқан көшелерді көрді. Бұрын-соңды оғыр-шоғыр болып жат­қан көшелерге асфальт төсеу жұ­мыстары жүргізіліп жатыр. Ерсілі-қарсылы ағылған техника. Шаруа қызу. Ауыл ішіндегі көпқабатты ескі үйлер де бұзылады. Ел аман, жұрт тыныш болса, жаман індет тоқтап, экономика көтерілсе, ауыл­дықтар да ауызбіршіліктен ажы­рамаса, аз уақыт ішінде Айыр­таудың да айы оңынан туады. Оған сенім мол.

Айтқандай, Шығыс Қазақстан облысында сайлаудың әділ өтуі үшін 300-ден астам тәуелсіз ба­қылаушы қатысады. 25 шілдеде бар­лық сайлау учаскесінде жұ­мыс істейтін 300-ден астам бақы­лаушы арнайы курстардан өтіп жатыр.

– Бұл сайлау халықтың билікке деген сенімін, сондай-ақ би­ліктің өз қызметіне жауап­кер­шілігін арттырады. Сай­лау процесі ашық әрі заңға сәйкес өтуі үшін біз бай­қаушы­лар­ды даярлаймыз, – дей­ді «Пар­тия­лық емес бақылау ор­­та­­лығы» республикалық қо­ғам­­дық бір­лестігі облыстық фи­лиа­лы­ның төрағасы Аяужан Әшімова.

Оның айтуынша, байқаушы болғысы келетіндерге қойылатын ең маңызды талап – процеске қызығушылық таныту. Егер сайлау учаскесінде байқаушылар қан­дай да бір бұзушылықтарды тір­кеген жағдайда, олар бұл тура­лы Өңірлік штабқа дереу хабар­лауға тиіс. Онда заңгерлер мен жаттық­тырушылар одан әрі іс-қимыл жасау туралы шешім қабылдайды. Демек сайлаудың әділ өтері анық.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Ұлан ауданы