Қазақ елінің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы аясында, Алматыдағы “Дайк-Пресс” баспасынан 2005 жылы жарық көрген “Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері – тарихи-мәдени жәдігерлер” атты еңбектің ІІ томының соңғы бөлімінде Қытай елін билеген ең соңғы династиялық әулет – Цин империясы дәуірінде салынған, жазылып-сызылған сурет-картиналар қазақ халқының тарихы, этнографиясы мен мәдениетіне тікелей қатыстылығы зерделенуде. Сол қолданбалы көркем өнер туындылары ғылыми тұрғыдан тұңғыш рет қарастырылып, тарихи жазба деректер мен өнер туындылары салыстыра зерттелу үстінде.
Жоңғар күйрегеннен кейін Қазақ елі Цин империясымен ғасырдан астам уақыт бойына саяси-дипломатиялық, сауда-экономикалық және шекаралық істер бойынша тығыз қарым-қатынас орнатты. Осы кезең туралы Қытай мұрағаттарында аса құнды ресми тарихи жазба деректер, құжаттар молынан сақталған. Сондай-ақ, хатталған тарихи-мәдени көркемөнер ескерткіштері санатында Қазақ хандықтары тарапынан Цин императорларының ордасына арнайы жіберілген кейбір елшілердің, рубасылар мен олардың әйелдерінің, қарапайым қазақ шаруалары, т.б. туралы тарихи-этнографиялық құндылығы аса зор сурет-картиналар кездеседі. Бұл баға жетпес ескерткіштердің, көркем өнер туындыларының едәуір бөлігі Қытай, Еуропа елдерінің мұражайлары мен кітапханаларының сирек қорларында сақтаған. Сол жәдігерлердің ішіндегі бірегейі, жауһары “Хасакэ гун ма ту”, яғни “Қазақтардың Цин патшасына сәйгүлік сыйлауы” деп аталады. Суреттің түпнұсқасы қазір Париж қаласындағы ГИМЭ – Шығыс өнері мұражайының қорында сақтаулы тұр. Оның фотокөшірмесін Алматыдағы Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Әбусейітова 2004 жылы түсіріп әкелген.
“Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелерінің” ІІ томында жарияланған “Цин дәуірі суреттеріндегі қазақтар” атты мақаланың “Джузеппе Кастильони салған “Хасакэ гун ма ту атты сурет” деп аталатын бірінші параграфында көрсетілген. Осы арада сурет авторы туралы оқырмандарға аз-кем мәлімет бере кетсек дейміз. Джузеппе Кастильони (Gіusseppe Castіlіone, қытайша есімі Лан Шинин) католик миссионері ретінде 1715 жылы Қытайға барып, Цин патшасының сарай суретшісі болып, циннің үшінші дәрежелі лауазым шенін алған. Циннің үш патшасына (Канси, Юнчжэн және Цяньлунға) қызмет көрсеткен. Оның тарихта атын қалдырған еңбектері: 1) әйгілі патшалық саябағы әрі сарай кешені – “Юаньминюаньді” жобалау жұмысы сол секілді “Жоңғар мен Хуэйбуды (Қашқарияны) тыныштандыру операциялар”, “Цяньлун бұғы аулауда”, “Жүз арғымақ”, осылардың қатарында “Қазақтардың Цин патшасына арғымақ сыйлауы” да бар. Сурет туралы мақала авторлардың бірі (Б.Еженхан) тарапынан бұл сурет туралы “Абылай хан қатарлы қазақ көсемдерінің Цин патшасы Цяньлунға жіберген елшілері (1757 жылы) және олардың Цяньлунға апарған арғымақтары бейнеленген” деген тұжырымдама жасалған. Бұл жерде біз өзіміз төменде келтіретін тарихи жазба дерек көздерін ескермегендейміз. Мысалы, жоғарыда келтірген “Қазақстан тарихы” туралы деректемелерінің екінші томының 50-51 беттерінде “...Абылай Әмірсананың және Жоңғар хандығының дәурені келмеске кеткенін, өз іргесіне жойқын күштің ақыры мықтап келіп жеткенін, ендігі жерде Қазақ елінің мүддесін дипломатиялық жолдармен қорғау қажет екенін түсінді. Сондықтан Цин патшалығымен бітімге отыру үшін және Қазақ-Цин арасындағы шекара жер мәселесін шешу жолын іздестіру үшін Цин патшасы Цяньлунға өз елшілерін жіберді. ...Цин патшасының жоңғарларды жаныштау армиясының оң қолбасшысы генерал Чжау Хуэйдің өз патшасына жіберген мәлімдемесінде былай делінеді: “Абылай... ...өтініш хатымен бірге 4 арғымақ сыйлап, Хэнцзигээр (Кенжеқара) қатарлы жеті адамды елші етіп, патшамен жүздесуге жіберіпті. Бұдан тыс ол елші жіберіп, сыйлық ретінде маған да арғымақ берген екен”.
Көріп отырғанымыздай, генерал өзінің мәлімдемесінде патшаға сыйлық ретінде Абылай ханның 4 арғымақ жібергенін, жеті елшінің санын, аты-жөнін анық көрсеткен. Ал, “Хасакэ гун ма ту” сурет-картинасында 3 арғымақ, үш елші және екі қызметші бейнеленген. “Хасакэ гун ма ту” сурет-картинасында бейнеленген бұл елшілердің 1757 жылы Цин империясына Абылай хан жіберген елшілер емес, 1758 жылы Ташкент шаһарынан Төле бидің Цин императоры Цяньлунға жіберген елшілері екендігін толық дәлелдеп тұрғандай. Олар Цяньлун патшаға “беретін сыйлық ретіндегі 3 бөлік ат” алып барған Төле би ұлы Жолан (бас елші), Пұсырман би және Меңнияз қожа екендігі күмән келтірмейтіндей.
“Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері” “Цин патшалық дәуірінің мұрағат құжаттары” сериясының ІІІ томында жарияланған №10 құжаттағы Амбан Фудэнің (Цин императорының генералы) өзінің әскерін бастап Қазақ жеріне барып, Қасақшираны тұтқындау ісін орындай алмағандығы және патшамен дидарласпақ болған қазақ және хуэйцзи (отырықшы мұсылман) елшілерін қорғап әкеле жатқандығы туралы маньчжур тілінде жазған 1758 жылғы 5 қыркүйектегі мәлімдемесіндегі мына жолдар сөзімізге мысал бола алады. “Мен, патшаның құлы Фудэ, осы мәлімдемені жазып жібердім. Патша ағзам төмендегі айтылған іс туралы хабар алғай. Жақында мен, патшаның құлы, Моңғолдай мен Хешан қатарлыларды Батыс бөлік қазақтарға жіберген кезімде оларға егжей-тегжейіне дейін түсіндіре отырып мынадай тапсырма бергем: “Сендер Батыс бөлік қазақтарға барғаннан соң, егер Қасақшираның сонда екендігін анықтасаңдар, онда оны қайтсеңдер де тұтқындап, айдап әкеліңдер. Ал егер ол расында да ол жерде болмаған жағдайда, сендер міндетті түрде Төле би (мәтінде ТиlіЬаі) мен Тілеуке (мәтінде Теlіukе) қатарлыларды өздеріңмен бірге ертіп келіңдер”, – дейді де, “Әбіліз хан мен барлық батыр, қожалар бірауыздан: “Сіздер айтқан опасыз қарақшылар шынында да бізге келмеген. Егер олар бізде болса, біз оларды қалайша сіздерден жасырып алып қалмақ едік! Біздің осы Қазақ жеріндегі болып жатқан барлық істер Төле бидің басшылығымен шешіледі. Ертең Төле бидің өзі осында келмек. Ертең біз бас қосып ақылдасқаннан кейін сіздермен кездесіп, бір келісімге келейік” дегенді айтты”.
Сонымен “Әбіліз, Төле би, Қойгелді және Сасық би ақылдаса келіп, Төле бидің ұлы Жолан, Хангелдінің аталас бауыры Пұсұрманды елші етіп жіберіп, біздің атымыздан патшамен дидарласып келсін деген шешімге келдік. Олар өздерімен бірге патшаға беретін сыйлық ретіндегі 3 бөлік ат пен амбанға (генералға) беретін сыйлық ретіндегі 1 бөлік атты апармақ”, – деген деректен кейін елшілікке жіберетін үшінші адамға Ташкент мұсылман отырықшыларының бір басшысы, Қожа Молдашәмші де өз елшісін қосуды өтінеді. Сөйтіп, Меңнияз Қожаны аттандырады. Картина-суреттегі үш адамның бірі – бас елші Төле- биұлы Жолан болса, екіншісі – Пұсырман би, үшіншісі – Меңнияз қожа екені еш шүбә келтірмейді. Қалған екеуі қызметшілері болса керек.
Бұл арадағы негізгі айтайық дегеніміз, “Қазақтардың Цин императорына сәйгүлік сыйлау сурет-картинасының идеясымен жасалған жаңа интерпретация екенін айта кетуді парыз санаймыз. Бұған қоса суреттің фотокөшірмесінен көшірмесін жасаған репродукция” суретші Асейн Жұмабеков, жоба жетекшісі Ерболат Төлепбай екенін де айта кеткен жөн. Тарихи деректерде әртүрлі пікірлер болып жатады. Бірақ оның бәрін қолымен қойғандай, үзілді-кесілді Абылай ханның, болмаса не Төле бидің елшілері деуге келмейді деп топшылаймыз. Соңғы айтарымыз, бүгін Президенттік мәдениет орталығында тұсукесер рәсімі өткізілгелі отырған “Қазақтардың Цин императорына сәйгүлік сыйлау” сурет-картинасын ол замандағы қазақ жұртының сөзін сөйлеп, билік айтқан, көрші мемлекеттермен қайтсек қарым-қатынасты жақсартып, береке-бірлікте халқымызды сақтап, ұрпағымызды алаңсыз өсіреміз деген ұлы тұлғалардың көрші мемлекетке жіберген елшілерінің жиынтық бейнесі десек, ұтылмаймыз. Тарих көші қилы кезеңдерде қайталанып отырады. Дәл сол Абылайхан мен Төле би заманындағыдай елшілік жіберіп, ел билігін бекіту бүгінде де жалғасын тауып отырғанына куә болудамыз.
Бақыт ЕЖЕНХАН, тарих ғылымдарының докторы,
Сейтқали МАДУАН, тарих ғылымдарының докторы, профессор.