Аймақтар • 24 Шілде, 2021

Ақсуда итке қатыгездік танытқан жүргізуші жазаланды

263 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Көліктің артына итті байлап айдаған Ақсу тұрғыны жануарлармен серуендеу ережелерін бұзғаны үшін жазаланды, деп хабарлайды Egemen.kz. Оқиғаның мән-жайын жергілікті тұрғын Instagram-ға жариялады.

Ақсуда итке қатыгездік танытқан жүргізуші жазаланды

Куәгердің айтуынша, 23 шілде күні Ақсу қаласында сағат 21.15-те Ертіс көшесінде жүріп бара жатқан көліктің біріне алабай күшігі арқанмен байланған. Ер адам иттің қатты щыңқылдаған дауысын естігенін айтты.

«Менің айқайымды естіген жүргізуші көліктен шығып, жерде жатқан итке қарады. Бірақ сол мезетте көлікке қайта отырды да, әрі қарай жүре берді. Мен оған тағы да айқайладым. Содан кейін ол тоқтап, ит пен арқанды үйге алып кетті», деді куәгер.

Ер адам жануарға көрсетілген қатыгездікке төзе алмай, өтіп бара жатқан патрульге көргенін хабарлады.

Күшік иесінің бұл қылығы Instagram қолданушыларын да ашуға булықтырып, ит иесін жазалауды өтінді.

Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл оқиғаға қатысты түсініктеме берді.

«Иттің иесі анықталды. Ер адам ҚР ӘҚБК 408-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, мұндай фактілерге жол берілмейтіні туралы ескертілді», деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Алабай иесі мұндай іс-әрекетін «үй жануарларына қолданатын жаттығу» деп түсіндірді.