TOKYO2020 • 24 Шілде, 2021

Бостандық аралының бағына туған балуан

1375 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Талай жылдан бері төрткүл дүние жұртшылығын теңдессіз өнерімен тамсандырып жүрген тұлғалардың барлығын да Токиода алауы тұтанған XXXII жазғы Олимпия ойындарында бас қосты. Міне, сондай сүйегі асыл, рухы биік, шеберлік деңгейі шарықтау шегіне жетіп, атақ-даңқы алысқа тараған азаматтардың бірі – «Кубаның қара нары» атанған грек-рим күресінің хас шебері Михаин Лопес. Жапонияның бас шаһарында өтетін жарыста жер жаһан жанкүйерлерінің назары дәп осы апайтөске ауатыны сөзсіз. Оның өзіндік себебі де бар.        

Бостандық аралының бағына туған балуан

Спорттық шежіренің сарғайған беттерін парақтасақ, жекпе-жек түрлері бойынша ерлер арасында Олимпиаданың төрт дүркін чемпионы атанған бірде-бір дарабоздың жоқ екенін аңғару қиын емес. Тіптен, осы белесті үш реттен бағындырған спортшылардың өздері санаулы ғана. Мәселен, грек-рим күресін серік еткен саңлақтардың үшеу ғана сол деңгейден көрінді. Олар – швециялық Карл Вестерген, ресейлік Александр Карелин және кубалық Михаин Лопес.

Карл Вестерген 1920 жылы Антверпен, 1924 жылы Париж және 1932 жылы Лос-Анджелестегі додаларда алдына жан салмады. Ол әр Олимпия ойындарында түрлі салмақ дәрежесінде (75 кило, 82,5 кило, +87 кило) өнер көрсетті. Алғаш рет бас жүлдені Вестерген жалындап тұрған 25 жасында олжаласа, соңғы рет 37 жасында жеңімпаз атанды. 1928 жылы Скандинавияның саңлағы Амстердамда да айқасты. Жарыстың басты фавориті саналған швед балуаны тұсаукесер кездесуінде финляндиялық Онни Пеллиненнен ойда-жоқта ұтылып қалды. Сол кездегі ережеге сай оның жеңіс тұғырына көтерілуге әлі де мүмкіндігі бар еді. Бірақ жоғарыдағы сәтсіздікке күйінгені соншалық, ол одан әрі белдесуді құп көрмеді. Карл киім-кешегін жиды да, Мальмеге бір-ақ тартты.

Александр Карелин 1988 жылы Сеулде алғаш рет топ жарды. Корея түбегінде 21 жастағы КСРО алыбының тегеуірініне ешкім тойтарыс бере алмады. Ол 1992 жылы Барселона және 1996 жылы Аталантада да қарсылас шақ келтірмеді. Осы бәсекелер барасында жер жаһанның бірде-бір алыбы Александрдың «артқы белбеуінен» құтыла алған жоқ. Төрт дүркін Олимпиада чемпионы атануды көздеген «Орыс аюы» 2000 жылы Сиднейдегі ойындарда да өнер көрсетті. Бастапқы бәсекелерде болгариялық Сергей Мурейко, мажарстандық Михай Деак-Бардош және украиналық Георгий Саладзеге сан соқтырып, жартылай финалда беларуссиялық Дмитрий Дебелкодан басым түсті. Финалда Карелин америкалық Рулон Гарднермен айқасты. Негізгі уақыт тең аяқталды. Ал белдесу барысында ресейлік алыптың саусақтары ажырап кетіп, АҚШ балуанының асығы алшысынан түсті. Сөйтіп, жасыл құрлықта 33 жастағы Александр күміс медальді қанағат тұтты.

Еркін күрестен үш дүркін Олимпиада чемпионы атанған марқасқалардың саны екеу. Алғашқысы – Александр Медведь. ХХ ғасырдың алпысыншы және жетпісінші жылдарында КСРО намысын қорғаған беларуссиялық балуан Токио, Мехико және Мюнхендегі ойындарда алдына жан салмады. Алғашқы жарыстың шешуші бәсекесінде түркиялық Ахмет Айкты жеңіген ол соңғы екеуінде болгариялық Осман Дуралиевтен басым түсті. Медведь ауыр және аса ауыр салмақтарда атой салды. Александр өзінің соңғы Олимпиадасын 35 жасында ұтты.

Екінші дарабоз – ресейлік Бувайсар Сайтиев. 1975 жылы Дағыстанның Хасавюрт қаласында дүниеге келген чешен жігіті төрт бірдей Олимпия ойындарына қатысып, үшеуінде дара шықты. Тарқатып айтсақ, 1996 жылы Атлантада алтын тұғырға көтерілсе, 2000 жылы Сиднейде тоғызыншы орынға табан тіреді. Бірақ бұл жағдай Қап тауы қыранының сағын сындыра алған жоқ. Сиднейдегі сәтсіздіздігінен үлкен сабақ алған ол 2004 жылы Афины және 2008 жылы Бейжіңдегі жарыстарға керемет даярлықпен келді. Нәтижесінде осы бәсекелердің екеуінде де Бувайсардың бақ жұлдызы жарқырай жанды. 74 кило салмақ дәрежесінде белдескен чешен ұлтының өр мінезді ұлы Ежелгі Эллада еліндегі жарыстың финалында қазақстандық Геннадий Лалиевті ұтқанын күрес сүйер қауым ұмыта қойған жоқ.

Ғаламдық додада үш рет топ жарған балуандар арасынан Ивар Юханссон сынды ерек тұлғаны ерекше атап өтуге болады. Швецияның Норрчепинг қаласының тумасы өткен ғасырдың алғашқы жартысында талай байрақты бәсекеде мол олжаға кенелді. Тарқатып айтсақ, алғаш рет ол 1928 жылы Амстердамда бақ сынады. Бірақ қадамы сәтті болмады. Есесіне 1932 жылы Ивардың асығы алшысынан түсті. Алғашында ол еркін күрес шеберлерінің сайысында 79 кило салмақ дәрежесінде сынға түсіп, қарсы келгендерін алып та, шалып та жықты. Нәтижесінде алтын медальді мойында жарқыратты. Жарыс аяқталғаннан соң ол марапаттау рәсіміне келмеді. Себебі, келесі күні ол грек-рим күресінен өтетін жарыста белдесуді құп көрді. Бұл бәсекеде Юханссон 72 кило салмақта күш сынасты. Таңға дейін бес-алты кило артық салмақтан арылған швециялық спортшы күрестің бұл түрінде де қарсылас шақ келтірмеді. Осылайша, Скандинавияның сайыпқыраны бір Олимпиадада екі алтын алып, өз жанкүйерлерін қуаныш пен шаттыққа бөледі. 1936 жылы Берлинде Ивар Юханссон грек-рим күресі шеберлерімен сайысқа түсіп, бас жүлдені қанжығасына байлады.

Дзюдошылар арасынан жоғарыдағыдай құрметке бөленген жалғыз ғана балуан бар. Ол – Тадахиро Номура. 1974 жылы Жапонияның Нара префектурасына қарасты Корё деп аталатын шағын ғана қалашықта жарық дүние есігін ашқан болашақ жарқын жұлдыз 1996-2004 жылдар аралығында алауы тұтанған Олимпия ойындары барысында қарсы келгендерді қоғадай жапырды. Атлантаның финалында италиялық Джиролама Джовинаццоны аяғын көктен келтірсе, Сиднейде кореялық Чон Бу Геннің сілікпесін шығарды. Ал Афиныда ол грузиялық Нестор Хергианидің осал тұсын оңай тапты.   

Үш дүркін Олимпиада чемпионы атағын жеңіп алған тұңғыш боксшы Ласло Папп екенін жанкүйерлер жақсы біледі. Орта салмақта жұдырықтасқан ол 1948 жылы Лондонда барлық қарсыласын бет қаратпай ұтып, алтын тұғырдан қол бұлғады. 1952 жылы Хельсинки және 1956 жылы Мельбурнде де Мажарстанның мақтанышына тең келер ешкім табылмады.

Араға ширек ғасырға жуық уақыт салып Ласло Паптың көрсеткішін Теофило Стивенсон қайталады. Аса ауыр салмақта айқасқан Кубаның қара қабыланы 1972 жылы Мюнхенде Олимпия ойындарының жеңімпазы атанып қана қоймай, ең үздік боксшыға тиесілі Вэл Баркер кубогын да олжалады. 1976 жылы Монреаль және 1980 жылы Мәскеуде де оның мерейі үстем болды. Дәп сол Стивенсонның төрт дүркін Олимпиада чемпионы атануына тамаша мүмкіндігі болған-ды. 1984 жылы Лос-Анджелестегі дүбірлі дода қарсаңында ол тамаша бабында болды. Бостандық аралының өкілі өзі қатысқан жарыстардың барлығын тегістей ұтты. Алайда социалистік бағыттағы мемлекеттердің айтулы жарысқа бойкот жариялауына байланысты Теофилоның АҚШ-қа жолы түспеді.

Табаны күректей 15 жыл бойы 91 кило салмақ дәрежесінің тізгінін ешкімге ұстатпаған Феликс Савон да дәл сондай жағдайды басынан кешті. Теофило Стивенсонның ізбасары саналған кубалық боксшының әлем чемпионы деген атағы бола тұра 1988 жылы Сеул Олимпиадасына бара алған жоқ. Себебі, сол баяғы бойкот. Есесіне 1992 жылы Барселона, 1996 жылы Атланта және 2000 жылы Сиднейдегі сайыстарда Савонның сойқан соққыларына ешкім шыдас бере алған жоқ.

Жекпе-жек түрлеріне ауыр атлетиканы да қосуға болады. Батпан темірмен бетпе-бет шығатын жігіттер арасында Олимпиаданың үш дүркін чемпионы атану бақыты төрт саңлаққа бұйырды. Алғаш рет бұл белесті Түркияның тарланбозы Наим Сулейманоғлы бағындырды. Бастапқы кезеңдерде ол Болгарияның намысын қорғады. Кейіннен Анадолы еліне аттанды. Наим 1988-1996 жылдар аралығында Сеул, Барселона және Атлантада атой салды.

Пиррос Димас пен Кахи Кахиашвили 1992-2000 жылдар аралығында төрткүл дүниенің теңдессіздері екенін түбегейлі мойындатты. Жалпы бұл қос  спортшының тағдыры бір-біріне ұқсас. Мәселен, Димас Албанияда туғанымен уақыт оза тарихи отаны – ежелгі Эллада еліне қоныс аударды. Ол өзінің барлық табысына Грекияның туы астында өнер көрсеткен жылдары қол жеткізді. Ал Кахиашвили Грузияда дүниеге келді. Ол алғашқы алтынына ТМД құрамасы сапында жүрген кезінде қол жеткізді. Одан кейін Кахи да Грекияның азаматтығын алып, халықаралық ареналарды аталмыш мемлекеттің спорттық даңқын арттырды.  

Олимп шыңын үш мәрте бағындырған төртінші зілтемірші Халил Мутлу. Ол да Наим Сулейманоғлы секілді Болгарияның тумасы. Бірақ ертеректе ата-анасымен бірге тарихы отанына оралды. 1992 жылы Халил Барселонада бақ сынады. Бірақ бесінші орында қалып қойды. Бұл сәтсіздік 19 жастағы дарынды жігіттің жігерін жасыта алған жоқ. Жатпай-тұрмай даярланған Мутлу одан кейін қатарынан үш бірдей Олимпиадада алдына жан салмай, Түркияның мақтан тұтар азаматына айналды.

Міне, жекпе-жек түрлері бойынша үш реттен Олимпиада чемпионы атанған теңдессіз тұлғалар осылар. Олардың әрқайсының есімі әлемдік спорт тарихында алтын әріптермен жазулы. Десек те Токиодағы додада жоғарыдағы нәтижелердің жаңаруы мүмкін. Өйткені, Күн шығыс еліне атанған спортшылар арасында даңқы жер жарған Михаин Лопес бар. Жапониядағы жарыс барысында күллі әлем жанкүйерлерінің назары осы балуанға ауатыны даусыз. Ал сол саңлақ жайында біз не білеміз?  

Михаин Лопес 1982 жылдың 20 тамызында Кубаның Пинар-дель-Рио қаласында дүниеге келді. Бойы – 195 сантиметр, салмағы 130 кило. Алғаш рет ол 2004 жылы Афины Олимпиадасында көпшілік назарына ілікті. Ежелгі Эллада елінде қара қабылан ширек финалға дейін жетіп, сол межеде ресейлік Хасан Бароевтан жеңілді. Арада төрт жыл өткеннен соң Бейжіңде дәл сол Бароевтан басым түсіп, алғаш рет Олимпия ойындарының жеңімпазы атанды. 2012 жылы Лондон және 2016 жылы Рио-де-Жанейрода да дәл сол көрсеткішін қайталап, әлемдегі ең атақты балуандардың санатына еркін қосылды. Айтулы жарыстардың финалында ол эстониялық Хейки Наби мен түркиялық Рыза Каяалпты қапы қалдырды.

Лопес

Жоғарыдағы табысынан бөлек, Лопестің бес дүркін әлем чемпионы, сол жарыстың үш дүркін күміс жүлдегері, бес дүркін Панамерика ойындарының жеңімпазы және тоғыз дүркін Панамерика чемпионы деген атақтары тағы бар. Кезінде оның байрақты бәсекелердегі басты қарсыласы Хасан Бароев болса, соңғы жылдардағы жарыстардың шешуші тұсында Рыза Каяалппен жолы жиі қиысуда. Ресми жарыстарда олар алты рет күш сынасты. Түркияның тарланбозы Лопесті 2011 және 2015 жылдардағы дүниежүзілік доданың финалында ұтса, қалған алты айқаста Бостандық аралы өкілінің асығы алшысынан түсті.

Ботсандық аралында еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін Михаинды пір тұтады. Барша жұрт оны ерекше құрметтеп, айрықша қастерлейді. Қазіргі кезде Лопестің сурет Кубадағы әрбір кеңсе мен әрбір шаңырақтың төрінде ілулі тұр. Бір ғана мысал, Олимпия ойындарының дүбірі естілген сайын «Ашылу салтанатында мемлекеттік туды ұстап шығуды кімге сеніп табыстасақ екен?» деген мәселе туындаған кезде түрлі деңгейдегі басшылар мен бапкерлерден бастап, спортшылардың барлығы да бірауыздан Лопестің есімін атауда. Осы жайттан-ақ өз елінде айтулы спортшының беделі қаншалықты зор екенін аңғаруға болады. Даңқы жер жарған балуан Кубаның туын 2008 жылы Бейжің, 2012 жылы Лондон және 2016 жылы Рио-де-Жанейро Олимпиадаларының ашылу салтанатында ұстап шықты.

Таяу күндері алауы тұтанатын Олимпия ойындарында грек-рим күресінен күш сынасатын 16 алыптың арасынан Лопестің басты қарсыласы ретінде негізінен түркиялық Рыза Каяалп пен ресейлік Сергей Семеновтің есімі аталуда. Осы екеуінің біреуі кубалық қабыланды тұғырдан тайдыруы мүмкін деген әңгімелер айтылуда. Иә, бұл әңгімелер негізсіз емес. Себебі, өзге балуандарға қарағанда, өазіргі кезде Каяалп пен Семеновтің қарқыны күшті. 31 жастағы Анадолы елінің алыбы бұған дейін Лопесті бір емес, бірнеше рет жеңгенін жоғарыда айттық. Рыза Лондон Олимпиадасында қола алса, Рио-де-Жанейрода күміспен күптелді. Әлем чемпионаттарында 4 алтын, 2 күміс және 2 қоланы еншіледі. Еуропа біріншілігінде тоғыз рет топ жарды. Әлем кубогын иеленіп, Еуропа ойындарын ұтты.

25 жастағы Сергей Семенов Ресейдің Тула қаласының тумасы. Рио Олимпиадасында ол қола медальді қоржынға салса, 2018 жылы Будапеште әлем чемпионы атанды. Әлем кубогының жеңімпазы және Еуропа ойындарының күміс жүлдегері деген атағы да бар. Сергейдің басқа да көптеген аса ірі халықаралық жарыстарда мол олжаға кенелгенін жанкүйерлер жақсы біледі.

Жоғарыда есімдері аталған қос марқасқадан бөлек, грузиялық Якоб Каджая (2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, Еуропа ойындарының жеңімпазы), кореялық Ким Минсок (2018 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері), чилилік Ясмани Акоста (2017 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері) және өзбекстандық Муминжон Абдуллаевтың (2018 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы) әлеуеті жоғары бағалануда.

Міне, Токиодағы ойындардың басты фавориттері осы балуандар. Егер Михаин Лопес осы алыптардың барлығынан басым түссе, өз есімін ол жекпе-жек түрлері бойынша төрт дүркін Олимпиада чемпионы атанған жер бетіндегі тұңғыш және әзірге жалғыз балуан ретінде спорттық шежіреге алтын әріптермен жазып кетері анық.