Спорт • 25 Шілде, 2021

Шахматтан әлем кубогының ширек финалы басталды

334 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл күндері Ресейдің Сочи қаласында шахматтан ерлер мен әйелдер арасында өтіп жатқан әлем кубогы жолындағы жарыстың кеше бесінші айналымы басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шахматтан әлем кубогының ширек финалы басталды

Осыған дейін америкалық Дженнифер Ю, армениялық Елена Даниелян және ресейлік Алина Кашлинскаяның жолынан ығыстырған Динара Сәдуақасова ширек финалда Александра Горячкинамен шеберлік байқасуда.

22 жастағы Орынбор өңірінің тумасы кезінде түрлі жас ерекшеліктері бойынша өткен әлем біріншіліктерінде бас жүлдені олжалады. Басқа да көптеген аса ірі халықаралық жарыстарда орасан зор табыстарға қол жеткізді. 2019 жылы Қазанда ұйымдастырылған Үміткерлер турнирінде алдына жан салмаған Александра әлем чемпионы атағы үшін таласу мүмкіндігіне ие болды. Қытайдың мақтанышы Цзюй Вэньцзюньге қарсы бәсекеде керемет ойын өрегін көрсеткен ресейлік шахматшы кездесуді тай-брейкке дейін жеткізді. Алайда шешуші тұста Аспанасты елінен келген арудың бағы жанды. Қазіргі кезде Горячкина әлемдік рейтингте екінші сатыға жайғасса, Сәдуақасова 18 орынды иеленуде.

Өзге ширек финалдық сайыстар Нана Дзагнидзе (Грузия) мен Анна Музычук (Украина), Александра Костенюк (Ресей) пен Валентина Гунина (Ресей) және Тань Чжунъи (Қытай) мен Екатерина Лагно (Ресей) сынды ойыншылар арасында өтуде.