Аймақтар • 25 Шілде, 2021

Атырау облысында 18 ауылдың әкімі сайланады

1323 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Атырау қаласы мен алты ауданда 18 ауылдың әкімі сайланады. Қазір 36 сайлау учаскесінде дауыс беру жүріп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырау облысында 18 ауылдың әкімі сайланады

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Айманакумовтың мәліметіне сүйенсек, 18 округ бойынша 52 үміткер сайлау бюллетеньіне енгізілген.

«Әкім сайлауына саяси партиялардан (NurOtan – 15, «Ауыл» ХДПП – 5, «АDAL» саяси партиясы – 2, ҚХП – 2) 24 үміткер ұсынылды. Өзін-өзі ұсынған үміткерлер – 28.  Үш округте 2 (Атырау қаласынан Қайыршахты, Құрманғазы ауданынан Сафон, Теңіз ауылдық округтері), 1 округте  (Махамбет ауданының Сарайшық ауылдық округі) 4, ал, 14 округте 3 үміткерден тіркелді. Сайлау бюллетеньдері жалпы сайлаушылар санының бір пайызына  артығымен дайындалып, сайлау округтеріне, учаскелерге жеткізілді», дейді Азамат Айманакумов.

Оның айтуынша, сайлау басталғанға дейін сайлау бюллетеньдері жеткізілген ғимарат мөрленіп, ішкі істер органдарының күзетіне берілген. Барлық 36 сайлау учаскесіндегі дауыс беру пунктері Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен бекітілген тиісті ережеге сәйкес жарақтандырылған.

«Атырау облысында сайлаушылар тізіміне 44 305 сайлаушы енгізілген. Сайлау 41 елді мекендегі 36 сайлау учаскесінде өтіп жатыр. Сайлау учаскелері құрылмаған 12 елді мекендерде дауыс беруді ұйымдастыру мәселесі шешілді. Ең шалғайдағы сайлау учаскелері Құрманғазы ауданының орталығынан 180 шақырым қашықта Асан ауылдық округінде орналасқан», дейді Азамат Айманакумов.