Экология • 25 Шілде, 2021

Қазақстанның жасыл белдеуі ұлғайып келеді

602 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі өкілдері Ақмола облысының Щучинск қаласы мен «Бурабай» ұлттық паркіне жұмыс сапарымен барды. Делегация мемлекеттік орман қорын толықтыру мақсатында іске асып жатқан жұмыстармен танысты.

Қазақстанның жасыл белдеуі ұлғайып келеді

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы Қазақстан халқына Жолдауында бес жыл ішінде елімізді ауқымды көгалдандыру міндетін қойған болатын. Тапсырма аясында 2 млрд ағаш егу жоспарланған. Ол үшін барлық облыс және министрліктің ведомстволық бағынысты мекемелерінде орманды көбейту мен өсірудің бес жылдық кешенді жоспары бекітілді. Мекемелердің іс-қимылын үйлестіру жөніндегі штаб құрылды. Алдағы бес жыл ішінде республикалық бюджеттен 22 млрд теңге, жергілікті бюджеттерден 60 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.

Тапсырма аясында 2 млрд ағаштың 1 455,7 млн данасын – әкімдіктер, 294,3 миллионын – орман пайдаланушылар мен халықаралық донорлар, 250 миллионын Экология министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдары отырғызады. Солардың бірі – Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығы» РМҚК «Солтүстік аймақ» филиалы.

Филиал лабораториясында алты эколог жұмыс істейді. Лаборатория бөлімінің басшысы Валентина Алееваның айтуынша, жыл сайын он мың көшет орманға отырғызу үшін дайындалады. Бұл жұмыс төрт кезеңнен тұрады.

«Ең бірінші бір жылдық өскіндері кесіп алып, 2-3 сантиметрге бөлеміз. Ол үш түрлі залалсыздандырудан өтеді. Кейін бөліп қоректік ортаға отырғызамыз. Оның құрамы әр өсімдік үшін әртүрлі болады. Ламинар-бокста фотопериодтан өтеді. Ай бойы қалай өсіп жатқанын бақылаймыз. Өсе бастағанда басқа ортаға отырғызамыз. Бір ай тағы бақылаймыз. Клонымыз өскен соң, одан 5-6 өскін ала аламыз. Келесі кезең – тамыры жетіле бастаған өсімдікті шымтезек таблеткасына отырғызып, жылыжайға көшіру. Екі аптадан соң, ақырындап ашып, полигонға отырғызамыз. Бұл жерде көшеттер жергілікті ауа райына бейімделеді. Дайын болған соң келісімшарт бойынша еліміздің әр өңіріне алып кетеді. Жылына осылай он мың дана дайындаймыз», дейді лаборатория басшысы. Осылайша, әр тұқымның дайын көшетке айналу процесі 8-9 айға созылады.

Жалпы жоба басталғалы бері 81,5 млн ағаш отырғызылған. Күзде тағы 48,2 млн түп ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Оның ішінде сексеуілдің үлесі басым.

«Қызылорда облысы Қазалы ауданындағы филиалымыз жыл сайын 1 млн-ға жуық сексеуіл көшетін дайындап, Арал теңізінің тартылып қалған табанына егіп жатыр. Себебі сексеуілдің экология жүйесінде алар орны өте үлкен. Оның бір ғана түбі төрт тонна тұзды ұстап тұрады. Сондықтан сексеуіл өскен жерде басқа шөптер де шыға бастайды. Бұл еліміздегі жем-шөп мәселесін шешуге оң ықпал етеді», дейді «Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығы» РМҚК Бас директоры Әліби Ғазиз.

Қазіргі уақытта еліміздегі орман қорының жалпы алаңы 12 млн гектар жерді алып жатыр. Бұл  Қазақстан аумағының 4,8%-ын құрайды. Олар Қызылорда, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында  шоғырланған. Енді, шамамен, 610 мың дана сексеуіл, 555 мыңнан астам қарағай, 193 мыңнан астам үйеңкі, 132 мыңнан астам шегіршін, 100 мыңнан астам қайың және басқа да ағаш түрлерін отырғызу жоспарда бар. Министрлік өкілінің хабарлауынша, отырғызу көлемі 2021 жылғы 129,7 млн ағаштан 2025 жылы 642,8 млн ағашқа дейін ұлғаятын болады.

Тапсырма орындалып, 2 млрд ағаш отырғызылған кезде еліміздегі орман көрсеткіші толық 5%-ға жетеді.