Қоғам • 25 Шілде, 2021

«Шеті жоқ» Алматы: Оңтүстік астанада жол «жыры» таусыла ма?

377 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Аумағы ұлғайып, үздіксіз жөнделіп, жыл сайын жаңаланып жататын мегаполисте жол мәселесі болған және бола бермек. Басқасын айтпағанда, биыл Алматыда 100 шақырымнан аса жаңа жол салу жоспарланған еді. Іс жүзінде бұл қалай жүзеге асып жатыр? Оның үстіне көктемде жұмысына салдырсалақ қарайтын мердігерлердің кесірінен Алматының ортасындағы кейбір көшелер опырылып түсіп, қала абыройына нұқсан келтірді.

«Шеті жоқ» Алматы: Оңтүстік астанада жол «жыры» таусыла ма?

Жолдардың 80 пайызы қанағаттанарлық

Сонымен бізге белгілісі, жылдар бойы инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымсыз қалған Алматы облысы елді мекендерінің қалаға қосылуына байланысты қала аумағы бірнеше есе ұлғайды. Жолдар, сумен жабдықтау және су бұру желілері, балабақшалар, мектептер мен емханалар салуға өте көп күш пен қаражат жұмсалғаны белгілі.

Биыл Алатау, Түрксіб және Наурызбай аудандарындағы сегіз шағын ауданда, яғни Өжет, Шаңырақ-5, Самғау, Нұршашқан, Құрамыс, Әлмерек, Қайрат, Алғабастағы 415 көшеде ұзындығы 108 шақырым жаңа жолдар салынуы тиіс. Қазір Думан шағын ауданындағы ұзындығы 30,5 шақырым болатын 53 көше жөнделіп жатса, 11 көше ретке келді. Қазірдің өзінде қаладағы жолдардың жалпы ұзындығы – 3 097 шақырым. Алматы жолдарының үлесі республиканың барлық қала ішіндегі жолдарының бестен бір бөлігін (17,3%) құрайды.

Күн сайын қалада 700 мыңнан аса көлік жүрсе, 1 млн-нан аса адам сырттан қатынайды. Магистральды көшелердің ұзындығы 531 шақырым немесе 17%, аудандық маңызы бар көшелер – 594 шақырым немесе 19%, жергілікті көшелер 1 972 шақырым немесе 64%-ды құрайды.

Бүгінде жергілікті маңыздағы 298,5 шақырым көше бар. Негізінен бұл көшелер қалаға қосылған шағын аудандарда әрі оларға асфальтбетон төселмеген. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 80%-дан асады.

Биыл Медеу ауданында да ұзындығы 58,5 шақырым болатын 50 көше жолын жөндеу жоспарланған. Нәтижесінде, Думан шағын ауданындағы ұзындығы 27,4 шақырым болатын 53 көшеде жолдарды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жетісу ауданында жолдарды орташа жөндеу ұзындығы 22,4 шақырым болатын 23 көшеде жүргізілсе, Солтүстік айналым – «Адем» СҮ, Солтүстік айналым – Қарасу шағын ауданы, Солтүстік айналым – Шоссейная көшесі қиылыстарына 3 жерүсті өтпелі жолдар салынды.

Әуезов ауданында ұзындығы 28,1 шақырым болатын 61 көшеде, Алмалы ауданында ұзындығы 14,7 шақырым болатын 19 көшедегі жолдарға орташа жөндеу жүргізілді, 8 бағдаршам салынды.

Алматыда ілеспе көлік инфрақұрылымына қатысты 17 шақырым арық пен 83 шақырым тротуар жөнделді. Бұдан өзге 2021 жылдың 6 айында 38,3 шақырым тротуар мен 11,4 шақырым арық желісі жөнделді.

Үш жолайрықтың құрылысы жалғасып жатыр

Бұқтырма көшесі – Құлжа тракті бойындағы жолайрығының құрылысы іргелес орналасқан шағын аудандар мен 300 мыңға жуық тұрғыны бар Алматы облысының қала маңындағы елді мекендерін қаланың орталық бөлігіне және Алматы халықаралық әуежайына жалғауға бағытталған. Осы жолайрық құрылысы Құлжа трактісінің көлік өткізу қабілетін тәулігіне 77 мың көлікке дейін арттырады, ал Бұқтырма көшесіндегі көлік қозғалысы тәулігіне 60 мыңға дейін ұлғаяды. Жоба бойынша Бұқтырма көшесі бойына (570 м) туннельді бөлігі бар үш деңгейлі жолайрық, Құлжа трактісі бойына (783 м) эстакадасы бар үш жолақты және олардың қиылысында айналмалы қозғалысты қамтамасыз ететін кіреберістерді салу қарастырылған.

Сейфуллин даңғылы – Жансүгіров көшесінің қиылысында туннель түріндегі жолайрық салынып жатыр. Жансүгіров көшесі бойында және кіреберістегі көлік қозғалысы жер деңгейінде өтеді. Сондай-ақ 4 жерүсті жаяу жүргінші өткелінің, тротуарлардың құрылысы, аумақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары қарастырылған.

Жолайрықтардың құрылысы қазірдің өзінде аяқталған Назарбаев даңғылын темір жол бойымен өтетін эстакадамен бірге Солтүстік-Оңтүстік көлік ағындарын бөлуге мүмкіндік бермек. Сонда Сейфуллин даңғылы тәулігіне 65 мың көлікті, Жансүгіров көшесі тәулігіне 76 мың көлікті өткізе алады. Жобаны аяқтау 2021 жылдың желтоқсанына жоспарланған.

Рысқұлов даңғылы – Емцов көшесі бойындағы жолайрық кіреберістер мен бағыттар бар Рысқұлов даңғылы арқылы өтетін көпірді қамтиды. Эстакаданың ұзындығы – 186 метр. Жерүсті жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы қарастырылған. Бұл жолайрық пайдалануға берілген кезде Рысқұлов даңғылының көлік өткізу қабілеті тәулігіне 80 мыңға дейін, ал Емцов көшесінде тәулігіне 40 мың көлікке дейін артпақ.

Сонымен бірге құрылыс салынатын жерлердегі жер учаскелерін сатып алу жұмыстары жалғасып жатыр. Қазірдің өзінде 182 учаске сатып алынды, қалған 13 учаскені сатып алу пысықталуда. Бұл жер учаскелері уақытылы сатып алынса, онда жұмыстар биыл жылдың соңында мәреге жетеді.

Осылайша жыл соңына дейін Абай даңғылы Момышұлы көшесінен Наурызбай ауданының әкімшілік орталығына дейін, ал 2023 жылдың соңында үлкен айналма жол арқылы қала шекарасына дейін ұзарады.

Сайын көшесін Рысқұлов даңғылынан Мөңке би көшесіне дейін 3,2 шақырымға ұзарту жоспарланған. Жоба бойынша 6 жолақты жолдың құрылысы, әр бағытта 3 жолақ, жаяу жүргіншілер тротуарлары, велосипед жолдары және жаяу жүргіншілер өткелдері қарастырылған. Көшенің осы бө­лігінің құрылысы жолайрығымен қоса алғанда Алатау ауданының шағын аудандары мен қала маңындағы елді мекендерді қаланың негізгі магистральдарымен байланыстырады және маңызды көлік дәлізін жасайды.

Vision Zero бағдарламасы жол-көлік апаттарын азайтты

Биыл Алматының әкімі Бақытжан Сағынтаев жол инфрақұрылымын дамыту жөніндегі онлайн-брифингте қалада жол-көлік апаттарының, жарақат алғандар мен қаза болғандардың санын төмендетуге бағытталған Vision Zero бағдарламасы туралы баяндаған еді. Аталған бағдарлама аясында 2020 жылы 316 учаскенің жолына қисық төсемдер орнатылды. Сондай-ақ 120 мектептің алдына18 трапеция тәрізді өткелдер қойылды, 15 бағдаршам нысаны салынды, 115 жаңа реттелмеген жаяу жүргіншілер өткелі жабдықталды, 10 қауіпсіздік аралы ұйымдастырылды.

Биыл бағдарлама жалғасын тапты. 20 қауіпсіздік аралын жабдықтау, 34 бағдаршам нысанын, 28 жаяу жүргіншілер бағдаршамын орнату, жарықтандырумен реттелмеген 30 жаяу жүргіншілер өткелін ұйымдастыру жоспарланған.

Өткен жылы «Сергек» камераларының саны 464 кешенде 2,3 мыңнан аса бірлікке жеткізіліп, бұл өз тиімділігін көрсетті: жолдардағы өлім-жітім 48%-ға, жазатайым оқиғалар саны 29%-ға азайды. Өткен жылы камералардың көмегімен 900 мың құқық бұзушылық анықталды. 2021 жылдың қаңтарынан маусымына дейін 600 мыңнан аса тәртіп бұзу тіркелді.

Биыл «Сергек» жобасын 766 кешенге, қиылыстар мен сызықтық учаскелерде әрқайсысы 383 кешенге, жалпы саны 5 мыңнан аса камераға дейін кеңейту жоспарланып отыр.

Медеуге апаратын жолдар

Медеу ауданын абаттандыруда жүзеге асып жатқан ауқымды жобалардың бірі – су қорғау жолағын және Есентай өзенінің арнасын су бөлгіштен Жамақаев көшесіне дейін реконструкциялау.

Жаяу жүргіншілер жолы аралас жасалады, яғни кейбір бөліктерге асфальт төселеді, басқалары ағаштан жасалады. Бұл орайда қала әкімі Б.Сағынтаев тұрғындарға барынша ыңғайлы болу үшін баспалдақсыз жайлы өтпелі жол жасауды тапсырды. Жалпы ұзындығы 4,2 шақырым болатын жаяу жүргіншілер аумағының бойына сыртқы жарықтың 350 бағаны мен кіші сәулет пішіні орнатылады, қоқыс жәшіктері, орындықтар қойылады, мұнда балалардың ойын алаңдары, жаяу жүргіншілер көпірлері мен көру палубалары болады. Санитарлық-гигиеналық құрылғылар орнату да қарастырылған. Жаңа Тереңқұрға айналатын жаяу жүргіншілер аймағы абаттандыру жұмыстары аяқталған соң серуендеу үшін кезең-кезеңмен ашылады.

Думан шағын ауданындағы жолдар күрделі жөндеуден өтуде. Бүгінде ұзындығы 5,2 шақырым болатын 14 көшеге асфальт төсеу аяқталды. Ұзындығы 22,2 шақырым болатын 39 көшеге асфальт төселеді.

«Бюджетке қатысу» аясында абаттандыру жұмыстары жүріп жатқан Ардагерлер аллеясына барған әкімге жергілікті тұрғындар жасөспірімдерге арналған скейт-парк салуды ұсынды. Б.Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша бұл мәселе зерделенеді.

Бұдан өзге қала әкімі тұрғындардың өтінішімен аумағы жеке меншікке тиесілі Ұлы Отан соғысы ардагерлері скверінің қазіргі жағдайын өзі барып көрген еді. Жер телімінің иесі саябақты абаттандыру жобасын әзірлеуге және оны ұсынуға ниет білдірді.

Сонымен бірге Көлсай шағын ауданындағы жалпы ұзындығы 15,1 шақырым сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі инженерлік желілердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қазірге 14,5 шақырым желі тартылған. Құрылыс аяқталған соң жол жамылғысын қалпына келтіру жоспарланған.