Спорт • 25 Шілде, 2021

Жаңа турнирдегі жорықтар басталды

307 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өткен бейсенбі түні қазақстандық футбол командалары УЕФА 2018 жылы негізін қалап, бірақ биылдан бастап ұйымдастырылған су жаңа Конференциялар лигасы турнирін екінші іріктеу кезеңінен бастады. Қазақстан чемпионатының былтырғы күміс жүлдегері Қостанайдың «Тобылы» сырт алаңда Хорватияның «Хайдук» клубымен, қола жүлдегер елорданың «Астанасы» Нұр-Сұлтанда Грекияның «Арисімен» және ҚПЛ-дің төртінші орын иегері Қарағандының «Шахтері» Румынияның ФКСБ (Стяуа) командасымен кездесті.

Жаңа турнирдегі жорықтар басталды

«Аристен» айласын асырды

Жаңа турнирдің шымылдығын қазақстандық клубтардан бірінші болып «Астана» клубы ашып берді. Елордадағы «Астана Арена» стадионында өткен ойын­да жерлестеріміз Грекия біріншілігінің былтырғы маусымында үшінші орын алған «Арис» клубын қабылдады. 100 жылдан аса тарихы бар грекиялық ұжымды Еурокубок бәсекелеріндегі тәжірибелі командалардың қатарына қосу қиын. Өйткені бұл клуб араға 40 жыл салып Грекия біріншілігінде жүлдегерлер қатарына қосылды. Яғни, олар кем дегенде осынша уақыт Еуропа жасыл алаңдарындағы маңызды ірі додаларда бақ сынамаған.

«Астана» мен «Арис» арасындағы ойын ә дегеннен тартысты басталды деп айта алмаймыз. Елордалық футболшылар Еурокубок бәсекелеріндегі алғашқы ойынын жанкүйерсіз өткізгеннен кейін бе, әлде қарсыластарын бағаламай шықты ма екен, әйтеуір өте сүреңсіз ойын көрсетті. Бірінші таймның алғашқы минуттарында қарсыластар «Астана Аренадағы» жасанды алаңға үйренісе алмай, біраз әбігерге түсті. Бұл – елордаға келген кез келген клубтың басынан өтетін жағдай. «Аристің» алаңға бой үйрете алмай жүргенін байқаған «Астана» ойыншылары дер кезінде есепті ашып, басымдықты өз қолдарына алуға тырысты. Сөйтіп 25-минутта Тигран Барсегян қарсыластың айып алаңына доппен еркін кіріп, әріптесі Марин Томасовқа пас шығарды. Елордалық клубтың сұрмергені бірден соққы жасап, есеп ашты. Бірінші таймда «Арис» командасында да гол соғып, таразы басын теңестіретін мүмкіндік болды. Алайда оның бірде-бірін тиімді пайдалана алмады. Әйтпесе грекиялық футболшылар алғашқы 45 минутта «Астана» қақпасына үш соққы жасап, оның екеуін қақпаға дәл бағыттады.

Екінші таймда да бірінші таймның сценарийі қайталанды. Яғни екінші кезеңнің алғашқы минуттары ойынның бірінші бөлімі сияқты тең жағдайда өтті. Ал 71-минутта Марин Томасов дубльдің авторы атанып, командасының есептегі басымдығын одан әрі нығайта түсті. Абзал Бейсебековтің алыстан әуелете асырған пасына бірінші жеткен Марин Томасов бұл жолы баспен тамаша гол салды. Екінші голдан кейін «Арис» бас бапкері алаңға қосалқы құрамдағы тың ойыншыларын шығарып, тактикалық өзгеріс жасап, қарымта матч алдында бір гол соғып алуды көздеген еді. Алайда грекиялықтар алаңға бес жаңа ойыншы шығарса да, «Астана» қорғаушылары оларға бір гол соғуға да мүмкіндік бермеді. Тіпті ойынның 76-минутында Лука Шимунович ойын тәртібін бұзып, төреші оған екінші сары қағазын көрсетті. Сөйтіп екі сары қағазы қызыл қағазға айналып, қорғаушы алаңнан қуылды. 15 минут бойы бір футболшыға кем ойнаған «Астана» бәрібір қарсыластарына гол соғу былай тұрсын, айып алаңына енуге де мүмкіндік бермеді. Қорытынды есеп – 2:0. Енді қарымта кездесу алдағы бейсенбі, яғни 29 шілдеде Грекияның Солоники қаласында өтеді.

Жеті жылдан кейін оралды

Қарағандының «Шахтері» араға жеті жыл салып Еурокубок бәсекелеріне қайта оралды. Ең соңғы рет Еуропа лигасының 2014/15 жылғы маусымының іріктеу кезеңіне қатысқан «кеншілер» командасы жарысты үшінші айналымнан аяқтаған болатын. Алғашқы екі іріктеу бәсекесінде Арменияның «Ширак» командасын 6:1 есебімен жеңсе, кейін Литваның «Атлантас» ұжымынан 3:0 нәтижесімен басым түсіп, үшінші матчта Хорватияның «Хайдук» клубынан 5:4 есебімен жеңіліп, жарысты аяқтаған еді.

Кезінде Еуропаны дүр сілкіндірген Қарағандының «Шахтері» сол жетістігін қайталау үшін, реті келіп жатса одан да жоғары нәтижеге қол жеткізу мақсатында биылғы Еуродода бар өнерін салмақшы. Былтырғы ел чемпионатының төртінші орын иегері Конференциялар лигасындағы алғашқы ойынын сырт алаңда Румыния футболының тарихындағы ең даңқты клуб «Стяуамен» кездесті. Бухаресттің командасы ел біріншілігінің былтырғы маусымында күміс жүлдеге қол жеткізді. Румыния чемпионы атанған ЧФР Клуж командасынан 9 ұпайға қалып қойды.

Сондай-ақ «Стяуа» қазақстандық командаларға да, жанкүйерлерге де жақсы таныс. Чемпиондар лигасының 2014/15 жылғы іріктеу кезеңінде аталған команда сол кездегі Қазақстан чемпионы «Ақтөбемен» кездесіп, екі ойын нәтижесі бойынша 4:3 есебімен жеңіп кеткен еді.

Бұл кездесу «Шахтер» үшін жеті жыл бұрынғы «Ақтөбенің» есесін қайтаратын тамаша мүмкіндік болатын. Алайда сырт алаңда өткен алғашқы ойында жерлестеріміз 1:0 есебімен жеңіліп қалды. Ойындағы жалғыз әрі жеңіс голын алаң иелерінен 38-минутта Андрей Кордя салды. Ойын толығымен «Стяуа» футболшыларының басымдығымен өтсе де, қарсыластар Игорь Шацкий қорғаған қақпаға небәрі бір ғана гол соға алды. «Шахтер» үшін сырт алаңдағы 1:0 нәтижесі жаман емес. Бейсенбі күні Қарағандыда өтетін ойында екі гол айырмашылығымен жеңіске жетер болса, келесі кезеңге жолдама алады.

«Тобылдың» жағдайы қиын

Еуродода бәсекелеріне 2018/19 жылғы маусымнан бері қатысып келе жатқан Қостанайдың «Тобылы» әзірге өз жанкүйерлерін жарқын жеңісімен қуанта алмай жүр. 2018 жылы Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінде Арменияның «Пюник» командасынан жеңіліп, жарысты ерте аяқтаса, былтырғы бәсекеде бюджеті «Тобылдан» әлдеқайда төмен болған Люксембургтің «Женесс» командасынан айласын асыра алмады.

Биыл Қостанайдың клубы Конференция лигасында бақ сынауға мүмкіндік алды. Қарсыласы – Хорватияның беделді клубтарының бірі «Хайдук». Сплит қаласының командасы Еуродода турнирлеріне тұрақты қатысып жүрген, тәжірибелі команда саналады. Хорватия чемпионатында «Динамо-Загреб», «Риека» және «Осиек» клубтарынан кейінгі төртінші орынға жайғасты. Жүлделі үшінші орынға баржоғы бір ұпай жетпей қалды.

Хорватияда өткен алғашқы ойында «Тобыл» тәжірибелі қарсыласынан 2:0 есебімен жеңіліп қалды. Бірінші таймның 21-минутында есепті ашқан 19 жастағы шабуылшы Марин Любичич екінші таймның 53-минутында дубльдің авторы атанып, командасына маңызды жеңісті сыйлады. Құрамында Азат Нұрғалиев, Асхат Тағыберген, Серікжан Мұжықов, Алек­сандр Мокин, Зоран Тошич секілді үздік футболшылары бар Қостанайдың клубы сырт алаңда қарсыластарына қарсы ештеңе істей алмады. Бәлкім, қарымта кездесуде мінез көрсетіп қалар.

Жоғарыдағы екі командаға қарағанда, «Тобылдың» келесі кезеңге шығу мүмкіндігі әзірше өте төмен болып тұр. Енді қостанайлықтарға өз алаңында өтетін матчта кем дегенде үш гол соғып, өздері қақпасына бір де бір гол өткізбеу керек болады. 29 шілдеде өтетін қарымта кездесуде «Тобыл» ойыншылары ерлік жасай ала ма?