Павлодар облысында депутаттар Айгүл Нұркина, Вера Ким және Анатолий Бойчин жергілікті тұрғындарды қабылдау барысында павлодарлықтар зиянды еңбек жағдайлары бар өндірісте жұмыс істеген зейнеткерлер бойынша нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізуге қатысты мәселелерді көтерді. Сонымен қатар қала тұрғындарын «Екінші Павлодар» шағын ауданында жерасты суларымен жиі су басу мәселесі толғандыратынын да атап өтті.
Ал Железин ауданының тұрғындары тез арада шешуді талап ететін негізгі проблемаларды көтерді. Бұлар: жылу желілері мен қазандық жабдықтарының тозуы, 500 адамнан аз халқы бар ауылдарда сапалы ауызсудың болмауы, Ақтау, Озерное, Жаңабірлік, Крупское, Разделное, Береговое, Өрлітөбе, Захаровка, Аққайың, Дүйсеке, Петропавловка ауылдарында сапалы ұялы және интернет байланысының болмауы. Мәжіліс депутаттары аталған мәселелердің шешімін табуын жеке бақылауға алды.
Атырау облысында мәжілісмен Дүйсенбай Тұрғановтың қабылдауында болған тұрғындар ең алдымен жағымсыз иіс көзі болып табылатын булану алқаптарына қатысты мәселелерді көтерді. Депутат Атырау мұнай өңдеу зауытында болып, онда булану алқаптарын қалпына келтіру кіретін TAZALYQ жобасының іске асырылу барысымен танысты. Зауыт басшылығы мәселені жоспарланған мерзімде шешуге уәде берді. Сонымен қатар атыраулықтар азық-түлік бағасын көтеру, әлеуметтік көмек көрсету, зейнетақы мөлшерін арттыру мәселелерін де көтерді.
Алматы қаласында Мәжіліс депутаты Қанат Нұров қаланың бірнеше ауданында азаматтарды қабылдады. Қабылау барысында әлеуметтік тұрғын үйді жекешелендіру, темір жол жолаушылар билеттерін алып-сатушылық, мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік қамтамасыз ету, оңалту орталықтарын салу және тағы басқа да бірқатар өзекті мәселе ортаға салынды.
Мәжіліс депутаттары, Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері Мұхтар Ерман, Берік Бекжанов және Ғани Ташқараев Шымкент қаласының «Құрсай» шағын ауданында салынып жатқан мектеп құрылысының барысымен танысты. Сондай-ақ шағын аудан тұрғындарымен кездесті. Кездесуде биыл сапалы білім беру үшін жағдай жасау мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар түзіліп, осы уақыт ішінде Шымкентте 72 мектеп құрылысы жүргізілетіні айтылды. Оның ішінде 2021 жылы 18 732 орынға арналған 32 мектеп құрылысы жүргізіліп, жыл соңында 10 222 орынға арналған 20 мектеп пайдалануға берілмек. Нәтижесінде, апатты мектеп мәселесі толығымен шешіліп, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға дейін азаятыны, ал 2023 жылға дейін түпкілікті шешілетіні мәлімделді.
Бұдан бөлек, депутаттар тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдады.